Саясат

Кадрлық резервке іріктеу Бесқарағайдан басталды

«Nur Otan» партиясының Бесқарағай аудандық филиалында партиялық кадрлық резервке іріктеуге байланысты брифинг өтті. Жиында аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Омаров кадрлық резервке іріктеу тәртібі, ядролық электоратты қалыптастыру үшін өтінімдер беру ережесі туралы баяндады.

Брифингке «Nur Otan» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.

Айта кету керек, партиялық кадрлық резервке іріктеу пилоттық режимде облыс бойынша тек Бесқарағай ауданында ғана өтеді. Өтінімдер осы жылдың 28 қазанынан 4 қарашасына дейін қабылданады.

Іріктеуге Бесқарағай ауданында тұратын 20 жасқа толған, соттылығы жоқ ел азаматтары қатыса алады.

– Партиялық кадрлық резервтің іріктеуіне тек «Nur Otan» партиясының мүшелері ғана емес, партия қатарына қабылданғысы келетін азаматтар да жіберіледі. Резервке іріктеу биылғы 21 тамызда Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кеңес отырысында ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасы аясында өтуде, – деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Партиялық кадрлық резервке іріктеу – ядролық электоратты қалыптастырудағы алғашқы қадам, яғни іріктеудің басты мақсаты – ядролық электоратты қалыптастыру.

«Ядролық электоратты қалыптастыру» – бағдарламаның бірінші серпіні. Ядролық электорат – бұл қоғамдық пікір көшбасшыларының жаңа пулы, халық пен партия мүддесін қорғай алатын, тың көзқарасы бар азаматтар, жұртшылық мәселелеріне бейжай қарамайтын ел жанашырлары.

Іріктеуге Бесқарағай ауылы С.Сейфуллин көшесі, 106 мекенжайы бойынша орналасқан аудандық партия филиалына бару немесе nurotan.kz сайтына тіркелу арқылы қатысуға болады. Анықтама телефоны – 8(72236)91910.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button