Қоғам

Кабулде қазақ балаларын көрдім

Кабулде қазақ балаларын көрдім


«Бала кезімізде соғыс фильмдерін қызыға тамашалайтынбыз. Дегенмен, соғыста болып, қолға қару ұстап, оқ атамыз деген еш уақытта ойымызға келген емес», – деді Үржар ауылының Абай атындағы мектептің оқушыларымен кездесуде Ауған соғысының ардагерлері.

Жиынға Ауған соғысы ардагерлері – «Айбын» қоғамдық ұйымы аудандық бөлімінің төрағасы Талғат Әлмұхаметов, Мұрат Данияров және өзге де ауғандық ардагерлер қатысты.

– 1983 жылы күзде әскерге алынып, Молдованың Тирасполь қаласында борышымды өтей бастағам. Содан бір-екі апта өтпей сол республиканың Бельцы қаласына алып келді. Мұнда Ауғанстанға баратын батальонды жасақтап жатыр екен. Біраз уақыттан кейін бізді Өзбекстанның Термез қаласына жеткізді. Қолымызға қару беріп, бірер күн дайындады. Сонан соң көліктерге тиеліп, шекара асып, Ауғанның орталығы Кабулге табан тіредік. Біздің батальонның міндеті – Термезден Ауғанстандағы жауынгерлерге азық-түлік тасу. Күн болса жанып тұр. Айналада ішетін, жуынатын су жоқ. Қайнатылған ыстық суды құтымызға құйып береді.

Ол жақта ауаның ыстығы 45-60 градусқа дейін көтеріледі. Бас айналып, құлап қала жаздайсың. Жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, біздің әскер ішінде де сары ауру, сүзек етек алған кездер болды. «Бір шелек мұздай таза су болса ғой» деп аңсайтынмын қатты шөлдегенде. Термезден азық әкеле жатқан біздің колоннаға тұтқиылдан жау әскері талай рет тап берді. Қару, техника күшімен әрең тойтарыс береміз. Оқ тиіп, желі шыққан көлік дөңгелегін жиі ауыстыруға тура келетін. Жолда келе жатып ауған шаруаларының сиыр жегіп, соқамен жер жыртып жүргенін көретінбіз. Қазір білмеймін, ол кезде Ауғанстанда көлік құрастыратын зауыт болмайтын. Бүкіл шаруашылық жұмысы мал күшімен атқарылатын. Бұл елдің экономикалық тұрғыдан артта қалғанын көресететін. Арнайы мектеп ғимараты жоқ. Қыз және ұл балалар қамыспен жабылған лапастардың астында отырып білім алатын. Балабақша деген атымен жоқ. Моншаның өзін сирек кездестіресің. Кабулдың өзі лас қала еді.

Біздің әскери палатаның жанында кішкене балалар ойнап жүретін. Бірде жуынып жатқан менің қасыма бір-екі бала келіп «Сіз қазақсыз ба?» дегені «Иә, қазақпын» дедім. «Біз де қазақпыз» дейді олар. Қайран қалдым! Бұл жақта қазақтар қайдан жүр деп ойладым. Сонан соң ап-арық түрлеріне қарап аяп кеттім. «Тұра тұрыңдар» деп асханаға барып, бірнеше бөлке нан алып қолдарына ұстаттым. Қуынып, құйындай ұшып жоғалды.

Бұл балалар анда-санда мені іздеп келіп тұрды. Кейін білсем Кабулдың айналасында қазақ ауылдары көп екен.

Кейіннен қазақ отбасыларымен де кездестім. Олар ашаршылық жылдары келген екен. «Жүз отыз мың қазақ бармыз» дегендері ойымда. Қазір ойласам, сол зұлмат заманда Орталық Азия елдеріне қазақтар тұтасымен ауып кеткен секілді. Соларды жинап алар күш қайда?! – дейді Мұрат Данияров.

Осы соғыстың зардабын өз басынан кешірген, ауыр жараланып Ресейдің Новосібір қаласындағы әскери госпитальда емделген Талғат Әлмұхаметов те шайқастардың ауыртпалығы жөнінде әңгіме өрбітті.

– Біздің ауданнан 151 азамат Ауған соғысына қатысты, –деді Талғат Әлмұхаметов. – Мен Самарканд қаласында әскери міндетімді атқарып жүргем. Бізді ойда-жоқта жинап алды да, көлікке отырғызды. Қайда баратынымызды білген жоқпыз. Сөйтіп майданға кіріп, дұшпанмен бетпе-бет шайқастық. Уақыт өте мен басқарған бөлімге танктерге, басқа да әскери техникаға май құятын станцияны қорғау тапсырылды. Дұшпандар әскери техникаларды тоқтату үшін ең бірінші май құю станцияларын жою керектігін білетін. Сондықтан күніне бірнеше рет дүркіреп лап қоятын. Сонда ойлайтын едім, бәрі осымен біткен шығар деп, өйткені қасымдағыларды бірінен соң бірін оқ жұлып кетіп жатты. Мен бар болғаны он сегіз жастамын. Автомат кейде қатты ысып кетіп, алақандарым күлдіреп қалатын. Соғыстың осыншалықты қантөгіс болатынын көзіммен көріп, санаммен сезіндім.

Қазір ауданның Үржар, Мақаншы, Таскескен елді мекендерінде бірнеше мемориалдық тақта-ескерткіш бар. Ауданнан шыққан көптеген Ауған соғысы ардагерлерінің есімі елге етене таныс.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button