Қоғам

Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналды

Берікхан Тайжігіт, Үржар ауданы.

Үржар ауданында Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған «Жігіт сұлтаны» өнер сайысы өтіп, оған ауылдық округтердің сайдың тасындай іріктелген жігіттері қатысты.

Айта кетерлігі, байқау екі санат (оқушылар мен ересектер) бойынша өтті. Сайыстың шарты бойынша «Жігіт сұлтаны» атануға үмітті қатысушылар алдымен өзін таныстырып, артынша ауыр салмақ көтеруден жарысып, қазақтың тарихы, салт-дәстүрлері мен мақал-мәтелдері бойынша білімін паш етуі тиіс еді.

Сайыс аса тартысты өтіп, оқушылар арасында бас жүлдені Науалы ауылынан келген Ернұр Нұрболатұлы жеңіп алды. Бұл сында бірінші орынды көкталдық Жігер Сәрсен иеленсе, екінші орынға Таскескеннен келген Бейбіт Ерғазы көтерілді. Ал үшінші орын ақшоқылық Ислам Асылбекұлына бұйырды.

Ал ересектер арасындағы сайыста бас жүлдеге Қабанбай ауылынан келген Мәди Серікұлы ие болды. Бірінші орынды келдімұраттық Азамат Ерғалиұлы иеленсе, екінші орынға қарабұлақтық Ақжол Оразбай табан тіреді. Жүлдегерлердің барлығы да арнайы сый-сияпатпен марапатталды.

– Бір айта кетерлігі, ауданымыздың мықты деген жігіттерінің өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков, ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов, аудандық мәдениет үйінің директоры Қанат Сәтмұхамбетов, мәдениет үйінің хореографы Назым Солтабаева болды, – дейді сайысты ұйымдастырушы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, белгілі өнерпаз Жанат Аңдасова.

Осы айдарда

Back to top button