Руханият

«Күзгі ертегіге» Кенжебек келді

Мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша мүмкіндік сыйлап, қол ұшын созып жүрген «Прогрестің катализаторы» қоры биыл мұқтаж жандарға жәрдем көрсететін дамыту орталығын ашып, жиырмадан астам адамға көмек көрсетуде. Жуықта жәрдем алушылардың арасында «Күзгі ертегі» ашық сабағын өткізіп, эстрада әншісін шақырып, ерекше сый жасады. 

«Күзгі ертегі» ашық сабағының қорытынды кешіне арнайы келген «МузАрт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілін көтеріп, оларға сыйлық табыс етті.

– Мұндай жағдай біраз адамның басында бар. Менің де басымнан өткен. Адам жігерлі, сабырлы, ұстамды болып, әрқашан өмірден үмітін үзбеуі керек. Сондықтан сабырлы болыңыздар. Мен бүгінгі кештегі балақайларға өмірлеріңіз тәтті болсын деген ниетпен тәтті торт ала келдім, – деген «МузАрт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов әр балаға арнайы сыйлық беріп, құттықтау хаттарын табыс етті.

Арнайы өткізілген ашық сабақта белсенділік танытқандар марапатталып, кейбірі мүмкіндіктерінің арта түскендігін көрсетті. Өмірзақ Бекарыс есімді балақай Абайдың «Қыс» өлеңін жатқа оқыса, Илья Гулькин «Күз» өлеңін оқып, кеш қонақтарына көңіл сыйлады.

– Біз бұрын Риддер қаласында тұрдық. Ол жерде мұндай жалғыз ғана орталық болды, оның өзінде маман аз. Осы сауықтыру орталығына наурыз айынан бері келіп жүрміз. Ең бастысы, нәтиже бар. Қазір «а», «о» дыбыстарын толық айта бастадық. Ең бастысы, біз бұл жерде тегін оңалту көмегін алып жатырмыз. Бүгінгі таңда қалада осындай орталықтардың бірнешеуі ашылды. Оларда мықты-мықты мамандар бар. Өкініштісі, кейбірі ақылы әрі қымбат. Біз бір күндік кешенді емдеуге 3000 теңге төлейміз. Бұл бір айда 60 мың теңге осы ем алу бағытына жұмсалады деген сөз. Ары қарай жан бағу қалай болатынын ойлай беріңіз. Ал бізге үкіметтен берілетін жәрдемақы 90 мың теңге ғана. Қаржының жетіспеушілігі көп қинайды. Сондықтан да осындай тегін қызмет көрсететін орталықтар көп болғаны дұрыс, – дейді Айнұр Бижігітова.

«Прогрестің катализаторы» жеке қоры 2018 жылдың ақпан айында ашылып, белсенді түрде мүгедектер мен қарт адамдарға көмектесіп келген. Биыл арнайы дамыту орталығын ашып, мүмкіндігі шектеулі жандардың дамып, жетіліп білім алуына көмектесуді бастаған.

– 2020 жылдың ақпан айында «Прогрестің катализаторы» қоры ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған дамыту орталығын ашты. Орталықтың мақсаты 2 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға психологиялық-педагогикалық, коррекциялық-дамытушылық, отбасылық және қоғамдық тәрбиеде көмек көрсету болып табылады. Орталықта ЦСА, ПДК, аутизм диагноздары және дамудың басқа мәселелері бар балалар оқиды. Түзету жұмыстары мамандар тобымен әзірленген араласу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. Сабақ қазақ және орыс тілдерінде жеке және топтық түрде жүргізіледі. Топтық сабақтар балалар мен ата-аналардың қатысуымен өткізіледі, оның барысында ата-аналар өз баласымен қарым-қатынас жасау үшін қосымша білім мен дағдыларды алады, бұл ары қарай оқытудың тиімділігіне ықпал етеді, – дейді «Прогрестің катализаторы» жеке қорының басшысы Меруерт Утегенова.

Жаны ауырып, көңілі жабыққан жандарға жәрдемдесіп жатқан қор қаржының 40%-ын өз қазынасынан шығарса, 60%-ын  мемлекеттен алады. Сондықтан да әртүрлі критерийлерді негізге ала отырып, дамыту орталығына келушілерге жеңілдік жасайды.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button