Қоғам

Көтерілген мәселенің бәрін бақылауға алды

 Аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметов бір топ өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл жолы партия кеңсесінде облыс әкімі 9 адамның, сонымен қатар бейнебайланыс арқылы Семейден бір отбасының мәселесіне қанықты.

Өскемендік «Наше поколение» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Марина Соловьева өңірде тұрғын үй қарым-қатынастары туралы заңға енгізілген өзгерістер дұрыс түсіндірілмейтінін жеткізді. ПИК-тер таратылып, үйлерде кондоминиумдар құрылады.

– Сіз Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омармен бірге түсіндіру жұмысын қалай оңтайлы өткізуді шешіңіздер. Екі айдан соң жауапты тұлғалардан есеп аламын, не атқарылып, қандай нәтиже шыққанын саралаймыз, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар Марина Соловьевабірлестіктің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығына ұсыну бастамасына қолдау білдіруін сұрады. Тұрақтандыру қорының дүңгіршектері бойынша да мәселе көтерді.

Елена Рядинских – Ресей азаматшасы, бірақ Өскеменде тұрады. Қаңтар айында көші-қон полициясы тұруға рұқсат беретін құжатын себебін түсіндірместен алып қойған. Бұл істің анық-қанығын тексеру облыстық ішкі істер департаментінің басшылығына тапсырылды.

Өскемендік Сәуле Райымбекова – жалғызбасты ана, алатын еңбекақысы – 88 мың теңге, пәтер жалдауға 60 мың, балабақша үшін 15 мың теңге төлейді. Үй кезегінде тұр. Облыс әкімі қала басшысына азаматшаның мәселесін жіті қарап, әлеуметтік көмек көрсетуді міндеттеді.

Келесі бір Өскемен тұрғыны –  Тоқтархан Тезеков ақсақал баспана мәселесімен келіпті. Аймақ басшысы жағдайға қанығып, осы жылдың соңына таман пәтер беруге уәде етті.

Риддерлік Анастасия Слоноваға 2015 жылы Универсиадада шаңғы жарысында чемпион болғаны үшін екібөлмелі пәтер жалға берілген. Енді ол сол үйін жекешелендіріп алмақшы. Өзі бала күтімімен үйде отыр. Облыс әкімі бейнебайланыс арқылы Риддер қаласының басшысына шығып, мәселені шешуді – пәтерді спортшы қыздың атына ауыстыруды тапсырды.

Дәулеткелді Сәкібаев Зайсан ауданында тұрып, алма өсірумен шұғылданады. Ісін өрістету үшін 200 гектардай жер телімі қажет.

–Зайсан өңірінде «апорт» өсіруге болады. Еккен ағаштарым 3-4 жылда өнім беруі тиіс. Барнаулдан суыққа төзімді алма сұрыптарын алдыртып, өсіре бастадым, – деді кәсіпкер.

Партия филиалының төрағасы бастаманы қызу қолдап, аудан әкіміне жер бөлгізуді міндеттеді.

Тарбағатайлық Қанат Ажахметов «Жасұлан» қожалығы мен тағы 11 шаруашылықтың өздеріне электр желісін тартуды сұрап отырғанын жеткізді. Қашықтығы – 42 шақырым. Жобаға 270 миллион теңге керек. Аймақ басшысы республикалық бюджеттен қаражат түскенше 27 миллион бөлгізіп, жұмысты бастауға болатынын айтты.

Жармалық кәсіпкер Қанат Рақышев та жол бойындағы жаңадан салынған дәмханасына 2 шақырым электр желісін тартуды өтініп кепті. Оның мәселесі де шешілетін болды, аудан басшылығына тиісті тапсырма берілді.

Қабылдау соңында облыс әкімі бейнебайланыс арқылы семейлік Қанат Сағадиевпен дидарласты. 20 жыл әскери қызмет атқарған ол 2017 жылы жүрегі ауырып, қызметке жарамсыз болып қалған. Содан баспанадан да, жұмыстан да айырылады. Келіншегі балабақшада еңбек етеді екен. Үш баласымен туыстарының саяжайында тұрып жатыр. Облыс әкімі мәселе шешілетінін айтып, неліктен Қанатқа зейнетақы тағайындалмағанын тексеруді тапсырды. Семейге іссапармен барғанда отбасының жағдайын өзі барып көруге уәде етті.

Қабылдауда көтерілген барлық ұсыныс-тілектер бойынша тиісті атқарушы органдар тарапынан заңға сай жұмыстар атқарылады, мәселелердің бәрін облыс әкімі тікелей өз бақылауында ұстамақ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button