Қоғам

Көше саудасы қашан реттеледі?

Облыс әкімінің көше саудасын реттеу жөнінде берген тапсырмасы әлі күнге дейін орындалар емес. Басты себеп жергілікті шенеуніктердің кәсіпкерлерге ақылға сыймайтын талаптар қойып, дүңгіршек орналастыратын жерлерді дайындауға асықпауы.

Осындай ақпарат таратқан өңірлік кәсіпкерлер палатасы қазіргі таңда облыстық әкімдіктің бизнес жағдайын реттеуге бағытталған егжей-тегжейлі жоспар дайындағанын айтады. Аталмыш құжатта көше саудасын қыздырамын деген кәсіпкерлерге бірыңғай стандартқа және қала көркіне сай сауда дүңгіршегін орнату үшін 2018-2019 жылдары, яғни екі жыл қатарынан екі мың бос жер телімін беру көзделді.  Дегенмен, биыл Өскеменде сауда дүңгіршектерін орнатуға аукцион арқылы 11 жер учаскесі бөлінсе, Семейде бұл көрсеткіш біреу ғана.

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы аймақтық кеңестің қарашада өткен отырысында Нұр-Сұлтан қаласында қолға алынған «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы мысалға келтірілді. Бағдарлама бойынша сауда дүңгіршегі орналасатын жер учаскелері бес түрлі жолмен, әр шаршы метрінің жалдау ақысы жылына 20 000 теңгеден жеті жылға дейін жалға беріледі. Бүгінгі таңда елордада осындай жолмен кәсіпкерлерге 630 жер учаскесі беріліп үлгерген.

Енді неге осы тәжірибені біздің өңірге енгізбеске? Кәсіпкерлер палатасының осы тәжірибені Шығысқа да енгізу ұсынысын құп көрген аймақ басшысы бірқатар басқармалар мен Өскемен және Семей қалаларының әкімдіктеріне арнайы тапсырма берді. Алайда түрлі сылтау айтқан жергілікті атқарушы билік өкілдері жер телімдерін аукцион арқылы беруді әлі де жалғастыруда. Осылайша, қазіргі уақытта Өскемен және Семей қалаларында 18 шаршы метрлік жер учаскесінің бастапқы бағасы 50 АЕК-ні (126 250 теңге) құраса, Алакөл жағалауындағы 39,2 шаршы метрлік жер телімі 75 АЕК-ні (189 375 теңге) құрайды. Бірақ аукциондағы сауда кезінде жер бағасы бір миллион теңгеден асып кетуі әбден ықтимал. Соған қоса, жалға алу келісімшарты бір жылға ғана жасалып, мерзімі аяқталған соң, аукцион қайта жүргізіледі. Бұл сол жерді жалдап отырған кәсіпкер үшін тиімсіз.

Бүгінгі таңда облыс бойынша көше саудасын жүргізуге арналған бағасы 4,5 млн. теңгелік 26 дүңгіршекті орналастыруға конкурс жарияланған. Кәсіпкерлер сауда нысандарының сырт келбетін бірыңғай архитектуралық стандартқа сәйкестендіруге қаржы да қарастырып қойған. «Апельсиновый рай», «Вкус Маркет», «Багратион», «Жунусова» және тағы басқа жеке кәсіпкерлік басшылары өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініп, 40-тан астам сауда дүңгіршегін орналастыруға әзір екендіктерін білдіріп те қойған. Бірақ «Ертіс» ӘӨК» АҚ-ның теңгерімінде бар-жоғы 19 бос жер телімі ғана бар.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесі «Ертіс» ӘӨКҰК» АҚ-мен бірлесе отырып, сауда павильонының жалдау ақысын 10 АЕК-ге дейін төмендету, жер телімін жалға алу мерзімін 7 жылға дейін ұзарту, бір ғана кәсіпкер алуға ниет білдірген жер телімін оған тікелей келісімшарт арқылы беру, жердің жал ақысын төлеу мерзімінің асып кетуіне орай салынатын күн сайынғы пайыздық үстеменің мөлшерін 5-тен 0,1 пайызға дейін азайту сияқты ұсыныстарды талқылауда. Егер тараптар келісе алмаса, облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл ұсынысты аймақ басшысына жолдамақ ниетте.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button