Қоғам

Кәсіпкерлердің қалтасына салмақ салмайды

Өткен аптаның соңында аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемендегісауда және көлік қатынасы нысандарының жай-күйімен танысты. Бұдан соңоблыс әкімі бірнеше жерге барып, өз қолымен ағаш көшеттерін отырғызды.

 

Облыста жаңа жоба қолға алынды. Бұдан былай сауда дүңгіршегін ашу үшін кәсіпкерлерге жер жалға беріледі. Сондай-ақ аталмыш нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында бизнесмендерге несие рәсімдеуге көмек көрсетіледі.

«Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның ұжымы дайындап жатқан дүңгіршектердің бағасы кәсіпкерлердің қалтасына салмақ салмайды. Аймақ басшысы осылай деді.

  • Жерді 10 жылға дейін жалға алуға болады, – деді Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетейік, Өскемендегі негізгі көшелерге рұқсат беру құжаттарынсыз қойылған 250-ден астам сауда дүңгіршегі қала аумағынан шығарылды.

– Өскеменде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жолдар кеңейтіліп жатыр. Алдағы уақытта біз қаламызды көркейту мақсатында бірқатар шаруаны қолға алмақпыз. Осы мақсатта облыс орталығындағы заңсыз орнатылған дүңгіршектер алынып тасталды, – деді аймақ басшысы.

Бұдан соң облыс әкімі трамвай паркінің жұмысымен танысып, оң бағасын берді.

Жиырма бес жыл жөндеу көрмеген Өскеменнің трамвай жолдары жаңаланатын болды. Бұл туралы облыс әкімі:

– Бір кездері «Өскеменде трамвайлар тоқтайды» деген қауесет шыққан болатын. Трамвай паркінің мүшкіл жағдайына қарамастан, біз тұрғындарға қажет қоғамдық көліктің бұл түрін сақтап қалуға тырыстық. Сонымен қатар санын да көбейттік. Мысалы, бұрын Өскеменде алты трамвай жүрсе, қазір олардың саны 17-ге жетті. Алдағы уақытта трамвайлардың саны 20-ға дейін жеткізілмек, – деді Даниал Ахметов.

Ағаш көшеттерін отырғызды

Аймақ басшысының бастамасымен Өскемендегі Күленов ықшамауданында 140 түп шырша, қарағай, қарағаш көшеті отырғызылды.

Абаттандыру жұмыстарына Ә.Молдағұлова көшесінің тұрғындары белсене қатысты.

– Келесі жылы осы ықшамаудандағы әр аулаға шамамен үш мыңға жуық көшет егеміз. Сонымен қатар 19-шы шағын ауданда да дәл осындай көгалдандыру жұмыстары қолға алынады, – деді облыс әкімі.

Бұдан соң аймақ басшысы облыстық ана мен балаорталығына барып, дәрігерлермен бірге көшеттерді отырғызды.  Сенбіліктен соң Даниал Ахметов ақ халатты абзал жандармен әңгімелесіп, олардың біліктілігін арттыру мақсатында барлық жағдай жасалатынын тағы бір мәрте атап өтті.

– Дәрігерлер қауымын баспанамен толық қамтамасыз етеміз. Ең бастысы, денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мәселесі шешімін тапса болғаны, – деді Даниал Ахметов.

Айта кетейік, бұл күні ана мен бала орталығының қызметкерлері 230 түп қарағай, қарағаш сынды ағаш көшеттерін отырғызды. Мұндағы басты мақсат – қаланы көркейтуге атсалысу.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button