Қоғам

Кәсіпкерлер ағылшынша сөйлеседі

– Кәсіпкер, меценат, «Tas Group» компаниялар тобының негізін қалаушы Дулат Тастекеевпен кездесуге хош келдіңіздер! Бүгін біз бизнес, мәдениетке қолдау, туған жерге – тағзым деген секілді сан түрлі тақырыпта әңгімелесеміз. Сондай-ақ  Дулат Тастекеевтің қолдауымен басылып шыққан екі кітаптың тұсауын кесеміз, – деп бастады жүргізуші облыстық А.Пушкин атындағы кітапханадағы кездесу кешін.

Кездесуге кітапхана, музей қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, ақындар және актерлер жиылды. Алғашқы сұрақ кәсіпкердің өнерге, әсіресе айтысқа ерекше қолдау көрсетуіне не себеп екенін сұраудан басталды.

– Жаһандану процесінде тілдердің арасында майдан жүріп жатыр. Шынын айтсақ, біздің тіл көп жерде жеңіліп қалды. Қазір әлем ғылым мен білімді ағылшынша оқиды. Себебі, оны өз тілдеріне аударып болғанша, ғылыми жаңалықтар ескіріп қалады. Испан, қытай, араб тілдерінің де қолданушылары көп. Олар да өздерінше әрекет етуде. Алайда әзірге бірде-біреуі ағылшынмен шендесе алмай келеді. Біздің тілімізде ары кетсе 15 миллион адам сөйлейді деп топшылаймын. Олардың басым бөлігі, тіпті толықтай дерлік қазақтар екені айтпаса да түсінікті. Біздің тілге бізден басқа ешкімнің жаны ашымайды. Менің Тарбағатайда жыл сайын болатын халықаралық «Туған жерге туыңды тік» атты айтыс пен республикалық «Алтын домбыра» айтысын қолдау себебім осы ана тіліміз үшін. Бұл – қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей ғана болуы мүмкін. Кейде Жүрсін Ерман ағамыз «Дулат, біз сені депутат қылмай қоймаймыз» деп қалжыңдап қояды. Алайда Парламентке барып отыруға менің уақытым жоқ. Шыным осы. Шаруа көп, кәсіп қауырт. Сөйтсе де, қолдан келгенше айтысты қолдай беремін, – деді Дулат Тастекеев.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер өзара тілдескенде ағылшын терминдерін көп пайдаланады. «Мәскеулік бизнесмендермен хабарласқанда орысша сөйлесіп тұрған секілді боламыз. Алайда әңгіменің 40 пайызы ағылшынның термині немесе сол тілден енген сөздер болып шығады», дейді ол.

Кітапханашылар қауымы қазақ тілінде түрлі жанрдағы кітаптар аз екенін атап өтті. «Өлең кітаптар көп. Шығып жатыр. Келіп жатыр. Ал проза аз. Детектив, фантастика, интеллектуалдық жанрлар мүлде сирек. Жастардың кітапты басқа тілде оқуы осы себепті болса керек. Мүмкін мен айтқан тақырыптар жазылып та жатқан шығар. Алайда жарыққа шықпауда. Сіздердің, кәсіпкерлердің, тарыпынан кітап ісіне қолдау бар ма?», деді кітапханашы.

– Расымен де, қазақ тіліндегі кітаптарды табу қиын. Балама алып берсем деп дүкен аралағанда өзімнің де көзім жеткен. Сөрелерде сол баяғыда шыққан классикалық туындылар екен. Олар, шыны керек, бүгінгінің баласына қызықсыз. Маған кітап бизнесі жөнінде, тап сіз секілді, талай адам ұсыныс айтты. Алайда бұл іс бір ғана кәсіпкердің қолында тұрған жоқ. Мысалы, баланы тұтынушы деп алсақ, ең әуелі оның көңілінен шығатын, сапалы, қызықты, осы заман тілімен жазылған туынды керек. Және де кітап дүкендері басылып шыққан кітапты сатып алуға құлықты болуы керек. Сонда  кітапты шығаруға қолдау білдіре аламыз. Өздеріңіз түсінгендей, бізбен бірге тағы бірнеше саланың маманы жұмыс ісетуі керек. Өйткені кітаптың сапасы қандай деңгейде екенін мен айта алмаймын. Күні ертең ол сатылмай қалуы мүмкін ғой. Осылайша барлығы ауызша айтылған жерде қалуда. Бастан-аяқ дайын жоба жоқ. Болса, қолдап алып кетер едік, – деді кәсіпкер.

Кездесу барысында Өскеменде «Жан жылуы» атты қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып жүрген өнерпаздар мен  кітапхана қызметшілері өздерінің жобалары бар екенін айтып, кәсіпкерден қолдау сұрады.

– Қазіргі уақытта компаниямыздың табысының қомақты мөлшері осыдан бір жыл бұрын құрылған «ASSYLTAS» атты қайырымдылық қорымыз арқылы Семейдегі орталық мешіттің құрылысына кетіп жатыр. Оны Абайдың 175 жылдығына орай аяқтауды жоспарлаған едік. Одан бөлек биыл журналистика, әдебиет, ғылым және спорт саласы бойынша әрқайсына бір миллион теңгеден бір жылдық стипендия тағайындадық. Бізде де ресурс шектеулі. Сондықтан алдымен жобаларыңызды көріп алғанымыз дұрыс, – деді Дулат Тастекеев.

Кеш соңында кәсіпкердің қолдауымен шыққан «Туған жерге туыңды тік» және «Тарихқа толы Тарбағатай» жинақтарының тұсауы кесілді.

– «Тарихқа толы Тарбағатай» атты жинақ энциклопедия іспетті. Өлкенің тарихы, тұлғалары, аңыз-дастандары, өлкеден табылған археологиялық жұмыстар туралы еңбектер енгізілген. Ал «Туған жерге туыңды тік» атты жинаққа Ақсуатта өткен халықаралық айтыстар енген, – деді кітапханашы, кеш ұйымдастырушысы Гүлбаршын Абылғазинова.

Кітаптың тұсауын айтыскер ақын Аслан Ғафуров, «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыстағы меншікті тілшісі Азамат Қасым, ақын Қызырбек Дүргінбайұлы кесті.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button