Қоғам

Кәсіп бастаймын десеңіз…

    Кәсіпкер болғысы келетін жас көп. Бірақ олардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Ал бизнесті дөңгелетіп әкетуге ниеті бар, бірақ қолында қаржысы жоқ жас не істеуі керек? Көмекті, кеңесті кімнен сұрағаны жөн? Мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жастарға шын мәнінде қолдау көрсетіле ме?  Қазір жиі өткізілетін бизнес тренингтердің пайдасы бар ма?

  Жаһандық Entrepreneurship Monitor Consortium компаниясы жүргізген зерттеуіне сүйенсек,  әлемде 30 жасқа толмаған 300 миллион адамның тұрақты жұмысы жоқ екен. Оның 20 пайызы жеке бизнесін бастау үшін қажетті қабілет пен дағдыларды игерген. Десе де, сан түрлі себептерге байланысты соның бес пайызы ғана жеке кәсібін ашқан екен. Елімізде де дәл сондай тенденция. Ниет бар, қолдау да жоқ емес. Бірақ көбі ол жөнінде хабарсыз.

Ал елімізде жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін түрлі жеңілдіктер жасалып, бірқатар іс-шаралар қолға алынғандығын мойындау керек.  Осы орайда,  бір ғана «Еңбек» жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын мысалға келтіруге болады. Газетіміздің  өткен сандарының бірінде аталмыш бағдарламаның «Бизнес-Бастау» жобасы туралы жазған болатынбыз. Биыл елімізде алғаш рет осы бағдарлама аясында «Жас кәсіпкер» жобасының жүзеге асырылғанын біреу білсе, біреу білмес.

– Жобамыздың мақсатты аудиториясы – 18 бен 29 жас аралығындағы NEET категориясына кіретін жастар. Олардың ішінде жас кәсіпкерлер, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектері, фрилансерлер, жас отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылардан шыққандар бар. Міне, осы жандарға қолдау білдіру мақсатында мемлекет жастарды бизнеске бастап, кәсіпкерліктің қыр-сырын таныстырып жатыр.  Биыл жастарға барынша қолдау көрсетіліп  келеді. Сол мүмкіндікті мүлт жібермегендері жетістіктің кілтін тауып та үлгерді. Келер жылдың волонтерлерге арналып отырғандығын ескерсек, бұл жоба жалғасын табады деген үміт бар,-дейді кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің жетекшісі Ғалия Тоқтасынова.

Егер қазір өз ісіңізді бастауға деген қызығушылығыңыз болса,  «Атамекеннің» ұйымдастырып жатқан «Жас кәсіпкер» мен «Бизнес-Бастау» жобаларына сізге  қатысуға кеңес береміз. Бұл жобалардың артықшылығы – жас кәсіпкерге қажет барлық мағлұматты,  білімді  21 күн ішінде береді. Тәжірибелі бизнес-тренерлерден тегін кәсіпкерлік негіздерін үйренесіз.  Білімге ден қойғаныңыз үшін шәкіртақы да аласыз. Онымен қоймай, бизнес-жоба дайындауға мүмкіндік беріледі. Арнайы сертификатқа ие боласыз. Егер де бизнес-жобаңызды жақсы қорғап шықсаңыз (комиссия алдында), ойыңызды жүзеге асыруға мемлекеттен 505 000 теңге көлемінде көмек аласыз. Бұл қарызға берілген сома емес. Мемлекеттің бизнесіңізді қолдауға берген қайтарымсыз қаражаты. Егер де үш ай көлемінде сәтсіздікке ұшырап жатсаңыз, ештеңе жоғалтпайсыз. Өзіңізге қажет үлкен тәжірибе жинақтайсыз.

Осылайша, мемлекет осы жоба аясында жұмыссыз жүрген жастарға мүмкіндік берді.

  -Жобаға қатысу үшін кәсіпкерлер палатасының филиалдарына немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына, елді мекендердің әкімдіктеріне бару қажет. Ол жерде өтініш жазып, сауалнама толтырады. Өзімен бірге жеке куәліктің көшірмесін және мекенжай анықтамасын алуы қажет, – дейді Ғалия Тоқтасынова.

Бизнес ашпасаң да, тренингке қатыс

Жастардың көпшілігі экономист, есепші, заңгер мамандығын оқып алады да ешқандай дайындықсыз бизнеспен шұғылданғысы келеді. Әрине, оның идеясы мықты болуы мүмкін. Бірақ әлемде идеяның үш пайызы ғана жүзеге асатынын ескерсек, қай бағытты бетке алған жөн?

-Мысалы, Өскеменде  350 мың халық болса, оның қанша пайызы сенің тұтынушың болады.Тауар халықтың қай аудиториясына  арналады? Сен сияқты қанша кәсіп иесі бар?  Сен шығарған өнімнің олардан айырмашылығы қандай? Осы сұрақтарды зерделеп, пысықтамаса, жастарға кәсіпкерлікті бастау қиындық тудырады. Себебі жас кәсіпкер жұмысын бастаған кезде нарықта бірден бәсекеге шығады. Ал ол жерде «сен жас екенсің» деп ешкім аямайды,-дейді «Жас кәсіпкер»  бағдарламасының грант иегері Арлан Сүлейменов.

Курс барысында осы  сауалға жауап тапқан ол облыс орталығында жаңа форматтағы музыка мектебін ашқан.

Бұл Арланның бірінші кәсібі емес. Осыған дейін қоғамдық тамақтану бағытындағы шағын кәсіппен де шұғылданып көрген екен. Алайда Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледждің  түлегі, бірнеше облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты  өз қабілетін кәсіпке айналдыруды жөн көрген. Осы мақсатын «Жас кәсіпкер»  жобасының арқасында жүзеге асырды.

  • Бизнес пен шығармашылықты қатар алып жүруге болатынына көзім жетті. Жаның қалап тұрған іспен шұғылданғанға не жетсін. Музыканы кәсіп көзіне қалай айналдырамын деген сауал көптен бері мазалаған болатын. Өскеменде қандай-қандай орталықтар, үйірмелер бар екендігін зерттедім. Досым да көмектесті. Байқағанымыз мұндағы музыкалық үйірмелердің көбі балаларға арналған екен. Ересек адамдарды музыкалық аспапқа баулитын орталықтар жоқтың қасы. Демек, бұл бағытта бәсекелестеріміз аз. Олардан ерекшелену үшін мектептің еркін болғанын қаладық. Мұнда жастар мен ересектер аспапты ойнауда үйреніп қана қоймай, демалатындай жағдай жасауды ойластырдық. Осылайша, жаңа форматтағы музыка мектебін ашу жөнінде идея келді,-дейді өзі.

Мұның басқа орталықтардан басты айырмашылығы – сабақтардың қатып қалған ресми түрде емес, еркін, демалысқа көбірек ұқсайтындығында. Мектептің ішіндегі жұмсақ креслолар мен үстелдерге, дизайнына қарап  та оны орталықтан гөрі кафеге ұқсатуға болады.

  • Менің ойымша, аз қаражатпен де кәсіп бастауға болады. Мысалы, мен неше жылдан бері «Даму» қоры арқылы несиеге қол жеткізу жөнінде ойланып жүрдім. Пайыздарын есептетіп, шарттарымен таныстым. Осы уақытта білімім толықты, небір идеялар келіп жатты. Ойда жоқта «Жас кәсіпкер» жобасы туралы естіп қалдым. Мен мұны маған берілген мүмкіндік деп қабылдадым. Курсқа қатысып, бизнес тренерлерден көп нәрсе үйрендім. Жалпы, жұмыссыз жүрген кез келген жас кәсіп ашып кетпесе де, осындай жобаларға қатысып, тым болмағанда, соған ойын дайындау керек деп есептеймін. Ал жобамды қорғап шығып, грантқа қол жеткізгенде, шыны керек, қуандым. Біреулер оны мардымсыз қаржы дер. Бірақ бұл ақшаға да кәсіп ашуға болады. Мысалы, мұны маған қарызға кім беретін еді. Ал мемлекет қайтарымсыз негізде беріп отыр. Кәсіпкерлер палатасы да кеңестерін беріп, қолдау көрсетуде,-дейді Арлан.

Бүгінде Арлан және оның командасы ересектер  мен жастарды бірнеше аспапта ойнауға үйретіп жүр. Ол осымен тоқтамақ емес. Мемлекеттік бағдарламалардың өзіне тиімдісінің бәріне қатысып, болашақта орталығын кеңейтіп, тіпті өзге қалаларда ашу да жоспарында бар екендігін айтады.

– Көпшілігіміздің ойымызда «кез келген адам кәсіп аша алмайды, бұл оңай емес» деген түсінік қалыптасқан. Ал Арлан бизнес-тренингтер осындай ойдан құтылуға көмектеседі және  идеясы бар, ынтасы жоғары, бірақ кәсіпті қалай бастарын білмей жүрген жастарға бағыт береді дейді.

– Бүгінгі жастар білімді және тың идеяларға бай. Тренингтердің негізгі мақсаты – осындай алғыр жастардың өз-өзіне деген сенімділігін қалыптастыру, оларды бизнеспен өмір сүруге үйрету. Қатысушы ретінде байқағаным, жастардың бизнеске деген ынтасы жоғары. «Кәсіп ашқым келеді, немен айналысқан жөн?» деп сұрайтындар көп. Мені қуантатыны, замандастарым креативті идеяларға бай. Тек көбісі тәуекелге бел бумайды. Бірақ кейбір сәтсіздіктер де тәжірибе, өмірлік сабақ қой. Қайта тұрып, алға ұмтылуға мүмкіндік бар,-дейді ол.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button