Қоғам

КҮРШІМНІҢ БІР БАЙЛЫҒЫ – БАЛЫҚ

Күршім ауданының Зайсан көлі жағалауындағы Ақсуат, Аманат, Жолнұсқау ауылдарының, Ертіс бойындағы Құйған, Алғабас ауылдарының халқы тіршілігін көк айдынмен байланыстырып, нәпақасын судан тауып келеді. Күршім ауданының екінші тынысын ашқан «Төретоғам» ЖШС-нің жаңа технологиямен жабдықталған заманауи балық зауыты іске қосылғаннан бері аудан балықшыларының жағдайы жақсарып, ел тұрмысы түзеле бастаған.

Бүгінде Зайсанның арғы бетіндегі тарбағатайлық Тұғыл ауылы балықшыларымен қоса есептегенде, «Төретоғам» балық зауыты 500-ге тарта балықшының балық аулап, алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік туғызып отыр. Зауыт қазіргі карантин кезінде жұмысын тоқтатқан жоқ, балықшылар өткізген балықтарының ақшасын үзіліссіз алып келеді, кәсіпорын жұмысшыларына еңбекақы уақытында  беріліп жатыр. Су айдындарын жалға алған балықшылар өз міндеттерін орындап, балық қорын молайту, балықтарды құтқару сияқты биотехникалық шараларды жыл он екі ай жүргізіп жатыр.

 ҚЫТАЙ МЕН ЕУРОПАҒА ЭКСПОРТТАЛЫП ЖАТЫР

Тұнып аққан Ертістің  толқындарын пароммен қақ жарып өтіп, Күршімге келіп жеттік. Бүгінде балығы  облыстың брендіне айналған әйгілі «Төретоғам» балық зауыты осында, өзіміздің Күршімде.

«Төретоғамның» ашылу тарихы  өзгеше. Балық зауытын қалтасы қалың инвестор да емес, шекесі шылқыған шетелдіктер де емес, қарапайым ауыл кәсіпкерлері ашқан.  2013 жылы жергілікті тұрғындар қайығы мен кемесін, аулары мен басқа да құралдарын өздері құрған серіктестік меншігіне өткізіп, осы«Төретоғам» балық зауытын ашады. Жаңа кәсіпорын құрған Зайсан көлінің жағалауындағы  Аманат, Ақсуат, Жолнұсқау және Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылының тұрғындары ең әуелі  балықты кешенді өңдейтін заманауи технологиялы құрал-жабдықтар сатып алып, зауытқа Еуропалық одақтың талаптарына сай келетін жоғары қуатты германиялық-ресейлік тоңазытқыш құралдарын алып келеді. Балық өнімдерін 40-45 градусқа дейін қатыра алатын жаңа құралдар өндірісі Санкт-Петербургтен келген білікті технологтардың көмегімен жолға қойылып, іске қосылды. Балық өңдеу құралдарының қалғаны Еуропа елдерінен алынған. Орналасқан жеріне орай, кәсіпорынға Күршімдегі «Төретоғам» атты көне тоғанның атауы беріледі. Шетел нарығын игеру мақсатында Ресей Федерациясының ауыл шаруашылығын бақылау қызметі мен Еуроодақтың, Франция, Италия, Германия, Швейцария елдерінің мамандарынан құралған комиссия сарапшылары өнім өңдеудің еуропалық сапа стандарттарына сәйкестігін тексеріп, осы аудиттік жұмыстың нәтижесінде зауыт өнімі еурокодқа ие болған. Осылайша, алғаш рет  «Төретоғам» өнімдерінің, Күршім балығының халықаралық нарыққа тоқтаусыз шығуына даңғыл жол ашылады.

«Төретоғам» балық зауытында қоршаған ортаға зиян келтірмеудің түрлі шаралары толық ескерілген. Зауытта санитарлық тазалық қатаң сақталған. Зауыттың кешенді өңдеу цехына енген біз мұнда барлық қажетті жағдайлар жасалғанын көрдік. Кәсіпорын директоры Арман Қалияқперовтің айтқанындай, зауыт цехының өндірістік қуаты 1400 тонна балықты салқындату мен мұздатуға және сақтауға жетеді. Сүбе өндіру цехы тәулігіне 14, балық қақтау цехы 15, балықты тұтас күйінде өңдеу цехы 10, балық ұнын әзірлеу цехы 10 тонна шикізатты өңдеу қуатына ие.

Арман Серікханұлы қазіргі уақытта зауыттың балық өнімдері Еуропа елдеріне шығарылып жатқанын айтты. Қытай нарығы компанияларымен де ұзақ мерзімге келісімшарт жасалынған. Алайда екі арадағы  шекараның жабылуына орай жыл басынан бері сауда уақытша тоқтап, өнімдер қоймада тұр.

Аудан тұрғындары балық өнімдерін өндіріс басынан  сатып алуы үшін зауыт жанынан «Достар» минимаркетін ашып қойыпты. Күршімнің балығын іздеп келушілер сазан, көксерке, карп тәрізді  кез келген балық өнімін осы жерден қолжетімді бағаға сатып алып жатыр.

АЙДЫН ТОЛЫ АҚШАБАҚ

   Осы уақытқа дейін  елімізде  балықшыларға балық аулауға бөлінетін лимит су айдындарындағы балық қорына қарай беріліп келсе, қазір рұқсат көлдерді жалға алған балықшылардың балық қорын молайтуға, қорғауға орай атқарған жұмыстарына байланысты беріліп, табиғат пайдаланушылардың алдына балықты сақтап, көбейту міндеттері айрықша қойылып отыр. Балық шаруашылығы кластерін құрып, балық қорын молайту мақсатында «Төретоғам» ЖШС-не  еншілес  «Балық ресурстарын өндіру орталығы» ЖШС-ін құрып, Кенжебай, Бұрма көлдеріне құртшабақтар жіберіп, шабақ өсіру шараушылығымен айналысып келеді. Үш жылдан бері аталмыш серіктестік  Кенжебай көлі мен Бұрма көліне жыл сайын 22 миллион сазан, ақ амур, тағы да басқа балықтардың құртшабағын жіберіп отыр. Олардың 70-80 пайызы өсіп-өніп, шабаққа айналуда. Айдындағы ақ шабақтар алдағы көктемде   тауарлы балық ретінде де сатыла бастамақ.

Шаруашылық басшысы Кемелхан Әлімхановтың әңгімесінен құртшабақты өсіруге үлкен еңбек қана емес, мол азық керек екенін ұқтық. Қос көлді мекендеушілер еркін тыныстау үшін Күршім өзенінің суы каналмен жеткізіліп құйылып жатыр, балықтарға оттегі мол жетуі үшін көл ішіне ауаны алмастырып тұратын субұрқақтар қойылыпты, көл шетінде дүрілдеп тұрған «мотопомполардың» да айдын суын алмастырып, ауа жіберуге септігі мол екен.  Қарағанды облысындағы арнайы балық тәлімбағынан әкелініп жатқан құртшабақтарға    күніне екі мезгіл жем шашылып тұрады. Шабақтарға берілетін жем елімізден, құрт шабақтарға  берілетін жем Еуропадан әкелініп жатыр, қымбат, келісі 1700 теңге көрінеді. Көл қорықшылары күні бойы көл басында. Қос көлде өсіп-өнген құртшабақтар жыл сайын Зайсан көліне, Бұқтырма су қоймасына жіберіліп келеді.

«Төретоғам» ЖШС-нің балық аулау учаскелерін кәсіпорынның өзінің балық қорықшылары қорып жүр. Қазіргі экологиялық заңнамалар талаптары бойынша жекеменшік балық шаруашылығы мекемелерінде де балық қорықшылығы қызметтері болуы тиіс. Қорықшылық қызметінің басшысы Елжан Әлешевтің айтқанындай,  мықты техника, құралмен мұздай қаруланған браконьерлердің ішінде тоқтамай қашып, қарсылық көрсетіп жататындары да бар. Моторлы қайық, жүрдек көліктермен жарақтандырылған көл инспекторлары Зайсан, Бұқтырма айдындарын браконьерлерден қорғап, жіті бақылауда. Заңсыз балық аулаушылар әсіресе Зайсан көлінің Тарбағатай ауданы жағалау бөлігінде жиі кездесуде.

 БРАКОНЬЕРЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ 95 ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Браконьерлер көбінесе тыйым салынған құралдарды қолданады, моторлы қайықтары да жаңа, көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп, ілезде із суытып үлгереді. Бірақ инспекция мамандары мен көл қорықшыларынан құтылып кетіп жатқаны сирек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерімен 2020 жылдың өткен жеті айында бақыланатын аумақтарда балық қорғау заңнамасы нормаларының сақталуын тексеру бойынша 1 317 жедел тексеру жүргізіліп, 577 заңбұзушылық анықталған.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері 2020 жылдың 7 айында бақыланатын аумақтарда балық қорғау заңнамасы нормаларының сақталуын тексеру бойынша 1 317 жедел рейд жүргізген.        Рейдтік тексерістер барысында балық ресурстарын қорғау аясында 577 тұлға жауапкершілікке тартылып, өрескел заңбұзушылық жасағаны үшін (тыйым салынған аулау құралдарын пайдалану, тыйым салынған мерзімдерде және орындарда балық аулау, тіркелмеген қайықтарды және т.б. қолдану) 95 материал сотқа жіберілген. 9 801 384 теңгеге айыппұл салынды, 5 415 850, 6 теңге сомасындағы залалды өндіру бойынша талап-арыз ұсынылды. Заңсыз қолданылған 1 352 дана аулау құралы алынып қойылды, оның ішінде синтетикалық моно-талшықтан жасалған 924 ау, 11 қайық және әртүрлі типтегі алты моторлы қайық пен төрт мың тонна заңсыз олжаланған балық тәркіленді.

– 2020 жылдың 7 айында инспекцияның лауазымды тұлғалары табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілері бойынша жеті қылмыстық іс қозғап, нәтижесінде тоғыз адам жауапкершілікке тартылды. Құрамына мүдделі органдар: прокуратура, ІІП, ЖАО, инспекция кіретін жедел топтар құрылды. Осы құқық қорғау органдарының өкілдерімен жүргізілген 32 бірлескен рейдтік іс-шара барысында сегіз құқық бұзушылық ашылды, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі балық қорғау инспекциясының өкілі Фархат Байбазаров.

Облыс шеңберіндегі су айдындарында 2020 жылғы 15 ақпаннан бастап 2020 жылғы 1 шілде аралығында балықты және басқа су жануарларын аулауға бекітілген лимит 3804,973 тоннаны құрайды, оның 3591,591 тоннасы, 94,3%-ы игерілді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарында 3206,4 мың теңге сомаға 2658,0 мың дана балық, жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарында 350,0 мың теңге сомаға 1000,0 мың дана балық жіберілді.

Келтірілген залалды өндіріп алу есебінен «Шүлбі ГЭС» ЖШС 2 917 707 теңге сомаға 132623 дана, «Өскемен ГЭС» ЖШС 6 955 847 теңге сомаға 297 730 дана, «Казцинк» ЖШС 1 773 333 теңге сомаға 70933 дана балық жіберу жұмыстарын жүргізген.

Жанаргүл Мұқатай

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button