Қоғам

КҮРШІМДЕ ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ГҮЛДЕП ҚОЙДЫ

Біз қазақ «Көз көңілдің айнасы»,  адам көңілін көзден жазбай тануға болады деп жатамыз. Десек те  өрекпіген көңілді орнықтырып, мазасызданған жүректі  елжіретіп, жайландыратын да маңдайдағы қос шырағымыз. Аяғыңды басқан кең жазира шоқ-шоқ гүлімен құшағына алса, көзің қалай қуанбас, жайқалған гүлден жан әлеміңде тұнық бір сезімнің тербелмеуі мүмкін емес. Алқызыл гүлдер жұпарын шашып алдыңда тұрса, жанарың қалай сүйсінбес, көңілің қалай асып-толмас!  

ӘСЕМНІҢ АРМАНЫ – «ҚЫСҚЫ БАҚ»

Күршімдік Әсем Мауытқазы көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы, жан шуағының символы  саналатын сол қызылды-жасылды гүлдерді –қызғалдақтарды, сұлулықты мәпелеп, өсіріп жатыр. Ол үйінің жанынан арнайы салынған орынжайдың ішін, аула ішін үш жылдан бері қысы-жазы гүл үзілмейтін дестелі  гүлстанға айналдырған. Әсемнің қысқы бағында қазір бірнеше мыңдаған өзге гүлдерден басқа 4000 қызғалдақ жайқалып, бүр жарып тұр.  Әрине, бұл қызғалдақтардың бәрі былтыр қазанда 8 наурызға – аналар, арулар мерекесі қарсаңында, Ұлыстың ұлы күнінде өсіп шығатындай етіліп арнайы  отырғызылған.  Бүр жарып, гүлдеп жатқан қызғалдақтар бірер күннен соң былтырғыдай  Күршімдегі, көрші ауылдардағы дүкендерге  сатылымға шығарылады. Қызыл, сары қызғалдақтардың тең жартысы қалаға жөнелтіледі. 8 наурыздың сәні қызғалдақ дегенімізбен, ауылда 4000 қызғалдақтың бәрін бірдей сатып жіберуге мүмкіндік жоқ.

Гүлдердің ауылдық жерлерде аса көп өтпейтіні қызғалдақтың қадірсіздігінен, құлпырып гүлдеп, қарайып, солып қалатынынан немесе сұраныстың аздығынан емес, жарнаманың жоқтығынандай. Әйтпесе, әр талы 200 теңге тұратын қызғалдақтың құны  әдемілікті бағалай білгенге қалта көтерерліктей.

– Өткен жолы 14 ақпанда 300 қызғалдақ  сатылды. Гүлдерді өзім 200 теңгеден саудаладым, дүкенге қойғанда 50 теңге қосылып, әр талы 250-ден сатылды. Күршімде менің үш жылдан бері гүл өсіріп, соның ішінде қызғалдақ өсіріп, сатып жатқанымды білетін адамдар сирек. Гүлдердің көптеп сатылуы үшін ғана емес, жалпы, тұрғындарға тіл жетпес әдемілікті көрсету үшін, олардың гүлге деген құрметін, гүл өсіруге деген қызығушылығын арттыру мақсатында әрі өзімнің кәсібімді өркендету үшін Күршімде гүлдер көрмесін өткізсем деген жоспарым, кішкентай арманым бар, – дейді Әсем ауыл тұрғындарының көпшілігі өзінің қысқы гүл бақшасынан әлі күнге дейін бейхабар екендігін айтып.

Әсемнің бағында қазір петуния гүлінің 12 түрі, хризантеманың 19 түрі, ирландиялық раушан гүлдері, тағы да басқа көз жауын алған сан алуан гүлдер жайқалып тұр. Гүлдерді өсірудің, баптаудың қыр-сырын Новосібірдегі, Түркістан мен Алматыдағы өзі сияқты гүл өсіріп жатқан қыз-келіншектердің, серіктестерінің ақыл-кеңесінен тереңірек ұғып, біліп, олармен тәжірибе алмасып та отыр. Сәтін салса, сәуір туа Алматыдағы гүл өсіретін жылыжайға барып, жұмысымен көзбе-көз танысып қайту да бар ойында. Жаны гүл өсіруге құмар жан ең алғашында гүлдерді тек үй ішінде ғана өсірген екен. Үйдің бөлмелеріндегі терезелер алды түгел гүлге толған соң, стеллаждар сатып алып, оларды да қаз-қатар гүлге толтырған. Бара-бара үй іші  гүлден көрінбей кетеді. Содан үйдің жанынан әкесі арнайы гүл өсіретін жылыжай сияқты орынжай салып береді. Әжептәуір алаңқайды алып жатқан  оның  іші де  аз-ақ күнде гүлге оранған.

Әсемнің гүл өсіруіне әкесі Мұхтар, анасы Фариза да қолдау көрсетіп, ері жұмыста болғанда екі баласына қарап, өзге де шаруасының бір шетіне шығысып, әркез көмектесіп жүреді. Әсем гүлдермен бірге үй жанындағы бақшада  көкөністерді де көптеп өсіруді жыл сайынғы әдетіне айналдырған. Былтыр мол шыққан сарымсақтардың келісін 900 теңгеден сатып, оның да көп пайдасын көрген. Ауылдық жерде де, қалада да сарымсаққа деген сұраныс жоғары екенін байқаған ол күзде бақшаға  сарымсақ түйіндерін тағы да көбірек салыпты.

ГҮЛ ӨСІР – ПАЙДАСЫ КӨЛ-КӨСІР

Кейіпкеріміздің гүлдерге деген құштарлығы, бағбандық қасиеті әкесінде де бар. Былтыр әкесі     әлемдегі ең тез өсетін  әрі «болашақтың» ағашы саналатын Павлонияның 10 тал көшетін Түркістаннан  алдыртып егіпті. Түркістанға Қытай жақтан әкелінген екен. Аулада өсіп тұрған  көшеттер екі жылдан соң гүл шашып, желек жайып, ірі жапырақтарының көлеңкесін саялатпақ. Қытай жерінде өсетін, қызғылт күлгін түсті гүлдерімен ерекшеленетін бұл айрықша әсем ағаш жылына 5 метрге дейін өседі. Бойы 25 метрге дейін жететін ағаш алты апта гүлдеп тұрады. Еуропа елдерінде Павлония жиһаз жасауға жиі қолданылатын көрінеді. Павлонияның тағы бір ерекшелігі, басқа ағаштарға қарағанда оттегін бірнеше есеге көп бөледі. Әсем аулаға осындай өзгеше  ағаштарды көптеп егуді көздеп отыр.

Әсемнің мамандығы – мұғалім. Ботаник емес, гүл өсіруге, өсімдікке ешқандай қатысы жоқ, бастауыш сыныптың маманы. Өзінің сүйікті ісі болып кеткен шаруасы бүгінде оған жақсы табыс, көп кіріс кіргізе қоймаса  да,  мерейін өсіріп, марқайтып отыр. Ендігі ойы – ауладан гүлдер өсіретін «Қысқы бақ» ашу. Гүл өсіру оңай емес. Нәзік өсімдіктерге белгілі бір температура, күтім керек. Күтімнен бұрын өндіріп, өсіруге жұмсайтын  қаржы керек. Тұқым, тыңайтқыштарға кететін шығындар аз ақша емес. Гүлдерге қажетті жарық түсіруші фито лампалардың біреуі 15-20 мың теңге тұрады. Дегенмен, Әсем сақылдаған сары аязда да іші алқызыл гүлге толып тұратын  өзінің «Қысқы бағын» ашуды  басты мақсатының бірі етіп отыр.

Психологтар гүлді, әдетте, жаны нәзік, көбіне ой шығармашылығымен айналысатын, әдемілікке, сұлулыққа құштар, сырын сыртқа шашпайтын адамдар жақсы көреді деп жатады. Сондай-ақ психологтар гүлдің адам өмірінің алға басуына  көп септігін тигізетінін айтады. Сондықтан кейбіреулердің «гүл өсіре алмаймын, уақытым жоқ» деуі бекершілік.

Зерттеушілердің пікірінше, ең жағымды гүлдердің бірі — қазтамақ (герань). Ол тұрған бөлмеде ұрыс-керіс болмайтын көрінеді.Қазтамақ гүлінің қасында 15 минуттай отырсаңыз, жаныңыз тынышталып, көңіліңіз көтеріледі екен. Өйткені бұл өсімдік адамның жүйкесін тыныштандыратын эфир майларын бөліп шығарады.   Ал ұсақ жапырақты бұрыштар мен хризантемалар отбасындағы, жұмыс орнындағы адамдардың бір-біріне деген жақсы қарым-қатынасының қалыптасуына әсер етеді. Егер үй-ішінде ұрыс-керіс, жанжал, келеңсіз жағдайлар  жиі болса, гүлдер солып, сарғайып, ауруға шалдығуы мүмкін. Лала гүлі /лилия/, қазтабан гүлі /гусиные лапки/ ауаны формальдегидтен тазартады. Аса әдемі бегония мен фикус гүлдері үйіңізге келген адамдардың жағымсыз пиғылдарын өз бойларына сіңіріп, үйге тек оң энергия жібереді екен. Теледидар, компьютер, толқынды пештердің сәулелерінен сақтануға раушан гүлдері, орхидея, өрмелегіш /лиана/ өсімдіктер көп көмектеседі.

Қызғалдаққа келсек, елімізде қызғалдақтың 35 түрі бар. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында  қызғалдақ пен алманың отаны – Қазақстан екені,   Шу-Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болатыны айтылған. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тараған. Сонымен бүгінде қызғалдақтар елі саналатын Голландияға миллиардтаған доллар табыс түсіртіп отырған қызғалдақтың ежелгі  отаны – Қазақстан даласы. Жалпы, жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы».

Қызғалдақтар көктем айларында кереметтей гүл ашып, қаулап өссе, онда биыл жаз жайлы, жаңбырлы болады деп болжапты ат үстінде жүрген ата-бабамыз. Мамыражай  заман туады, ел арасында той-томалақ көп, өлім-жітім жоқ болады деп жорыпты. Ал қызғалдақтың гүлдері ерте көктемде жақсы гүл ашпай, қарадай жұтаса, не солып қалса, онда ала жаздай жаңбыр жаумай,  қуаңшылық болады деп жорыған. Ұлтымыздың символы, даламыздың сәні болған қызғалдақты өсіріп, кәсіп көзі етіп отырған Әсемнің, Күршімнің қызғалдақтары  жақсылықтың хабаршысы, сұлулықтың белгісі болып, халыққа қуаныш сыйлай берсін.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button