Қоғам

Көрсеткіштер көңіл қуантады

Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметов Глубокое ауданында жұмыс сапарымен болып, аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты. Жиында аудан басшысы Қалихан Байғонысов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алға қойылған мақсат-міндеттерге тоқталды.

Облыс әкімі алдымен Глубокое кентінде салынып жатқан Мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Былтыр күзде басталған жұмыстар қызу жүріп жатыр. Мердігер кәсіпорын – «Элхон» серіктестігі нысанның қабырғаларын көтеруде. Екі қабатты, 470 адамға шақталған үлкен көрермен залы болатын мәдениет ошағы жоспарға сәйкес осы жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс.

Мердігер компания өкілі Жанболат Қазановтың мәліметінше, негізгі жұмыстар айдың соңында аяқталып, төбесін жабу және ішкі әрлеу басталады.Бөлінген қаражаттың жартысы – 400 миллион теңгесі игерілген. Алайда, қосымша қаржы талап етілуі де мүмкін. Аймақ басшысы қаражат тапшылығы туындап жатса, мәселені арнайы комиссия тексеретінін, қажеттілік расталса, тиісті соманың бөлінетінін айтты.

Бұдан соң облыс әкімі аудандық балалар шығармашылығы үйінде болып, роботтытехника үйірмесіндегі балалардың жұмыстарын көрді. Зерек оқушылар Рубик текшесін жинайтын, жарылғыш заттарды залалсыздандыратын, тіпті сурет салатын роботтарды жасап шығарған. Оқушы қыз Камила Сафинаның түрлі-түсті бейнелерді 3Д форматында көрсететін оптикалық пирамидасын таныстырды. Облыс әкімі осындай пирамиданың үлкен нұсқасын Мәдениет үйінің алдына орнатуды ұсынып, қаржылай көмек көрсетуге де уәде етті.

Бұдан соң аймақ басшысы Даниал Ахметов аудан әкімінің халықпен есеп беру кездесуіне қатысты. Есептен белгілі болғандай, ауданда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі байқалады. Мысалы, былтыр аудан бюджетіне 9,5 миллиард теңге қаржы түсіп, өңір экономикасына 14 миллиард теңгенің инвестициясы құйылған. Негізгі сала – ауыл шаруашылығында 40 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2018 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Өнеркәсіп кәсіпорындары болса 33 миллиард теңгенің өнімін шығарыпты.

Шағын және орта кәсіпкерлік насындарының саны 2402 бірлікті құрайды, бұл – 2018 жылға қарағанда 102 пайызға артық. Кәсіпкерлердің 28 жобасы былтыр 135 миллион теңгеге субсидияланған. Сауда орындары иелерімен 10 пайыздық үстемені асырмау бойынша 133 меморандум жасалды.

Әлеуметтік сала жөнінде айтар болсақ, ауданда баспана кезегінде тұрған 759 адамның 51-і – көпбалалы аналар. Былтыр «Парыз» қоры есебінен 13 көпбалалы жанұяғы тұрғын үй сатылып алынған, оған 30 миллионнан астам теңге жұмсалыпты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да атқарылмақ.

– Өткен жылы ауданда 284 жаңа жұмыс орны құрылды. 1334 азамат жұмыспен қамтылды. «Еңбек» бағдарламасы аясында 27 адамға кәсіп ашу үшін барлығы 80 миллион теңгенің несиесі берілді. 108 тұрғын өз бизнес-идеяларын ұсынып, жалпы сомасы 51 миллион теңгенің гранттарын ұтып алды.Ауданымызға былтыр 29 отбасын қоныстандырдық, оларға 20 миллион теңгенің субсидиясы төленді, осы жылы тағы 20 отбасын қабылдамақпыз, – деді есептік баяндамасында аудан әкімі.

Былтыр аудан мектептерін бітірген 239 түлектің 133-і жоғары оқу орындары түскен, оның ішінде 105-і мемлекеттің білім грантын, 10-ы облыс әкімінің грантын иеленіпті. Мектептерге қосымша компьютерлер, принтерлер, роботты техника жиынтықтары алынған. Нәтижесінде, қазір глубокоелік бес оқушыға 1 компьютерден келеді. Ал ауданның ІТ-командасы  облыс чемпионатында бірінші орыннан көрінді.

Өткен жылы ауданның денсаулық сақтау саласы 12 дәрігермен және 37 медбикемен толыққан. Аудандық аурухананың құрал-жабдықтармен жарақталу деңгейі 94 пайызға жетіп отыр.

Атап өтерлік жайт, биыл аталмыш өңірге қар қалың түскен. Кей жерлерге қалыпты мөлшерден 3-4 есеге дейін артық қар жауыпты. Сол себепті, аудан басшылығы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын жүргізген. Атап айтсақ, өзендер арнасы мен су өткізу құбырлары тазартылған, көпірлер тексерілген.

Жарыссөзге шыққан «Семена масличных» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Людмила Цыбенко, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Забиров,«Ертіс» хоккей командасының капитаны Андрей Семенов аудан әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, қызметіне табыс тіледі.

Кездесуде сөз алған жаттықтырушы Тілек Байахметов жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау көріп, баспаналы болғаны үшін өз ризалығын білдірді. Ал төрт баланың анасы Анар Бижанова атаулы әлеуметтік көмек алып отырғанын және кәсіп ашуға 505 мың теңгенің грантын иеленгенін қуана хабарлап, аудан, облыс басшылығына алғысын айтты.

–Глубоке ауданы серпінді дамып келеді, көрсеткіштер көңілімнен шығып отыр. Барлық салада да өсу-өркендеу бар, әсересе абаттандыру жұмыстарының қарқыны жақсы байқалып тұр. Орталықта жаңадан Мәдениет үйінің ғимараты салынып жатыр, ол биыл міндетті түрде бітіп, пайдалануға беріледі, – деген аймақ басшысы осы қарқыннан таймауды қатаң ескертті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button