Қоғам

Көрсетілген қызметтердің ақысы неге төленбеді?

  Облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау саласы бойынша  экспертті  тобының  кезекті отырысында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының  жалпы қызметі мен жұмыстарындағы жемқорлық  қатерлері сөз болды.

-Қазақстанда адам потенциалын көтеру еліміздің басты стратегиялық құжаттарында көрсетілген. Медициналық көмектің сапасын арттыру мен  денсаулық саласында сыбайлас жемқорлық қатерлеріне жол бермеу –  мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторларының бірі, – деп атап өтті облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау саласы бойынша  экспертті  тобының  жетекшісі Татьяна Чернышова.

Жиынның жұмысы экспертті топ мүшелерінің өзара пікір алмасуы форматында ұйымдастырылды. Алдымен медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының  директоры Ғалымжан Әбілов  пандемия кезінде атқарған жұмыстарына, көрсетілген қызметтердің ақысын төлеу тәртібіне  қысқаша тоқталды.

Наурыз айында облыста коронавируспен күресуге бағытталған жеті стационар ашылса, шілде айында оның саны 68-ге жетті. 1347 инфекциялық,  1405 провизорлық және 1079 карантиндік орындар ашылған. Тұрғындарға медициналық көмек қолжетімді болу үшін өңірде 331 мобильді бригада құрылып, коронавирусқа күдігі бар деген жандардың үйден шықпай, вирусқа тексерілуіне мүмкіндік жасалды. Емханалардың жанынан ашылған мобильді топтар пациенттерден ПТР анализдер алып,  дәрі-дәрмектеріне дейін жеткізіп беріп отырды. ПТР тестері оң нәтиже көрсеткен науқастарды стационарларға тасымалдаумен де осы топтар айналысқан.

-Науқастардан алынған ПТР анализдердің ақысын төлеуде проблемалар кездесті. Мысалы, медициналық ұйымдар ковидпен ауырған адаммен байланыста болғандарды да тесттен өткізді. Алайда қор тек емделген науқастарға жасалған ПТР диагностиканың ақысын ғана төлейді, қалғандарын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өтеуі тиіс, – дейді Ғалымжан Әбілов.

Филиал басшысының мәліметіне сүйенсек,  коронавируспен күресте алдыңғы шепте болған дәрігерлерге үстемеақы төлеу кешіктірілмеген. Өңірдің медицина қызметкерлеріне төленген үстемеақының көлемі шілде айында шырқау шегіне жетіпті. Осы айда аймақтағы  медицина мамандарына 1 млрд. 804 миллион теңгеден астам үстемеақы төленген. Тамыз айында індеттің беті қайта бастағандықтан, қосымша қаржыландыру жарты миллиард теңгеге дейін азайып, 1 млрд. 343 миллион теңгені құрады. Тамызда барлығы 7201 медицина қызметкері қосымша төлем алса, оның ішінде 828 дәрігер, 2246 орта буын медбике мен 2400 кіші буын қызметкер бар. Бұдан басқа жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жүргізушілері, рентгенолог сияқты  1727  маманның қызметі лайықты бағаланды.

Қор филиалы қызметінің бір бағыты – медицина ұйымдарының  көрсеткен медициналық қызметтеріне мониторинг жүргізу. Ғалымжан Нұржаубайұлының сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін емдеу орындары шығысқазақстандықтарға  44 млрд. 355 миллион теңгеден астам қаражаттың қызметін көрсеткен. Алайда мониторинг бөлімі мамандарының тексерулері медициналық ұйымдар 232 миллион теңгенің қызметтерін дұрыс көрсетпеген деп тауып, бұл соманы емханалардың есепшоттарынан шешіп алды, басқаша айтқанда, айыппұл салынған.

-Емханалардың қызметіне, патологоанатомиялық қызмет, психиатриялық қызмет пен қымбат тұратын технологияларға мақсатты мониторинг жүргізілді. Облыстағы әрбір өлім жағдайы жан-жақты зерттеліп, барлық құжаттар тексерілді. Емдегені үшін ақы содан кейін барып төленеді. Егер өлім жағдайының алдын алу мүмкіндігі болғаны дәлелденсе, онда ол науқасты емдеуге жұмсалған қаражат өтелмейді, – деп түсіндірді филиал басшысы.

Ғалымжан Нұржаубайұлы  емдеу ұйымдарынан айыппұл ретінде шешіп алынған қаражат облыста қалатынын, қажеттілігі жоғары бағыттардың арасында конкурстық негізде қайта бөлінетінін ескертті.

 17 түрлі препарат мүлде жеткізілмеген

 Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде де проблемалар көрініп қалды. Пандемия кезінде диспансерлік есепте тұрған науқастардың өздері тиісті препараттарына қол жеткізе алмай қиналғаны белгілі. Ғалымжан Әбілов облысқа дәрі-дәрмектің 69 түрі кешігіп жеткізілгенін, ал он жеті түрі мүлде келмегенін айтты.

-Біз  бұл препараттарды басқаларымен алмастыру туралы «СК-Фармация» компаниясымен үнемі келіссөздер жүргізіп отырмыз. Мәселені қордың бас кеңсесі арқылы да шешуге тырыстық, бірақ қамтамасыз ету күрделі жүріп жатыр. Онкологиялық қызмет, туберкулезге қарсы қызмет пен ЖИТС-орталықтар «СК-Фармация» ресми дистрибьюторымен тікелей келісімшарттармен жұмыс істейді. Соған қарамастан, химия терапиясы препараттары бойынша да қаржыны игеру нашар, – деп атап өтті филиал басшысы.

Химиялық терапия бойынша қаржыландырудың жылдық көлемі бір жарым миллиард теңгеден артық, ал қыркүйектің ортасындағы жағдай бойынша 325 миллион теңгенің рецептеріне ақы төленген.

Облыстағы медициналық ұйымдардың тапсырысы бойынша, «СК-Фармация» компаниясы өңірге жыл аяғына дейін он бір миллиард теңгенің дәрі-дәрмегін жеткізуге тиіс болса, қазіргі таңда  жеті миллиард теңгенің препараттары жіберіліпті. Бес миллиард теңгенің медикаменттері пациенттердің қолына тиген. Дәрі-дәрмектің жылдық көлемін игеру 47 пайызды құрайды.

 Экспертті топтың мүшесі, «Вита-1» емханасының бас дәрігері Рая Жанғалиқызы емханаларға салынған кейбір айыппұлдармен келіспейтінін ортаға салды.

-Пандемия кезінде республикалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің бұйрықтары бірінен кейін бірі келіп жатты. Қателеспесем, 15 маусымда шыққан бұйрықта емханаларға өздерінде коронавирус белгілері бар деп келген адамдардың барлығына ПТР тестін жүргізу міндеттелді. Егер диагностика жасамаса, індеттің таралуына жол бергені үшін жауапкершілікке тартылатыны айқын жазылды. Бұйрықта қай зертханаға жіберу нақты көрсетілмеген. Зертханалары мықты көптеген мемлекеттік стационарлар реестрге енбей қалды. Біз келушілерді ПТР диагностикамен толық қамту мақсатында барлық  зертханалармен келісімге отыруға тырыстық. Бірақ бізбен жұмыс істеген кейбір зертханалар мемлекеттік реестрде жоқ болып шықты да, емханадан негізгіз көрсетілген қызмет үшін 800 мың теңге айыппұл  ретінде шешіліп алынды. Бар болғаны он бір мың адам тіркелген шағын емхана үшін 800 мың теңге деген үлкен қаражат.  Біз жалған мәлімет берумен айналысқан жоқпыз, әр жағдайды дәлелдей аламыз. Бұл қызмет түрі көрсетілді. Ол үшін қордан бізге ақы төлену керек. Екінші мәселе де ПТР тестпен байланысты. Жүкті әйелдердің барлығын ПТР тестен өткізіңдер деген бұйрық келді. Мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының чатында осы сұрақты нақтылап сұрағанда, «барлығынан аласыздар» деген жауап алдым.  Менде есепте 104 жүкті әйел тұрған. Үйлеріне іздеп барып жүріп, әрең көндіріп, барлығына анализ жасадық. Екі айдан кейін бізге жүктілігі 37 аптадан асқан келіншектерден ғана алу керек болатын дейді.  Енді осы қызмет негізсіз көрсетілді деп, бізден тағы 57 мың теңгені шешіп алмақ.  Бұл мәселелерді қордың облыстық филиалы шеше алады деп ойламаймын.  Сондықтан  қоғамдық кеңестен осы мәселені жоғары жаққа жеткізіп, оң шешімін табуды сұраймын, – деді Рая Рахимова.

Емхана басшысы дәрігерлерге үстемеақылардың уақытында төленгеніне алғыс айта келіп, мобильді топта, фильтрде жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің, учаскелік дәрігерлердің қызметі елеусіз қалғанына наразылығын жасырмады.

-Мобильді топтар болмаса, пандемия кезінде жедел жәрдем қызметі науқастардың барлығын қамти алмайтынына көзіміз жетті. Мобильді топтар ковидке күдігі бар науқастарды провизорлық стационарға да, инфекциялық стационарға да өздері тасымалдады. Бұйрық солай болған. Олар КВИ-ді жұқтырып алу қаупі болғанына қарамастан жанталасып, қызметтерін атқарды. Ал үйде емделген науқастарды учаскелік терапевтер бақылады. Ақыр аяғында бұл екі бейіндегі медперсоналдардың үстемеақысыз қалғаны әділетсіздік. Бұл бір сондай үлкен қаражат та емес. Алда екінші толқын болуы ықтимал. Мобильді топтардың көмегіне әлі де жүгінуіміз мүмкін екенін естен шығармайық,  – деп ойын ашық айтты Рая Жанғалиқызы.

Ауылдардағы ақпаратты жүйе қызметі тексеріледі

Ғалымжан Әбілов филиал қызметінде сыбайлас жемқорлық қатерлеріне жол бермес үшін барлық келісімшарттар, құжаттар тек электронды форматта толтырылатынын айтты. Мемлекеттік сатып алу қаржы министрлігінің базасында жүргізіледі. Тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге тапсырыстарды да бүгінде бас дәрігерлер электронды түрде жасайды. Әр науқастың қандай препаратты қашан, қанша көлемде алғанын ақпаратты жүйе арқылы бақылап отыруға болады. «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен тығыз байланыс орнатылған.

-Әрине, шалғайдағы емдеу орындарында ақпаратты жүйеге енуде кедергілер болуы мүмкін екенін білеміз. Біз шалғайда жатқан аудандарға төрт күндік  іссапар жоспарлап отырмыз. Ауылды жерлерде ақпараттық жүйенің қаншалықты қолжетімділігін өз көзімізбен көріп қайтпақпыз. Проблемаларды шешуге тырысамыз, – деді Ғалымжан Нұржаубайұлы.

Мамандар сапарларын Зайсан ауданынан бастап, алты медициналық ұйымның жұмысымен таныспақ. Одан кейін тізімде Аягөз бен Үржар аудандары,  Мақаншы ауылы тұр.

Жиын  соңында экспертті топ мүшелері «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдарға 2020 жылдың наурыз-тамыз айларында жүргізген  ПТР диагностикасы үшін ақы төлеу туралы,  Коррупцияға қарсы қызметке дәрігерлерге төленген үстемеақылардың көлеміне аудит жүргізу сияқты ұсыныстарын жолдады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button