Қоғам

Күреске кішкентайынан ағасы баулыпты

Грек-рим күресі Үржар өңірінде жақсы дамыған. Мұнда аудандық спорт мектебінің үлесі айтарлық. Лондон, Рио олимпиадаларына қатысып, Ыстамбұлдағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған, Үндістандағы Азия чемпионатында күміс медальға қол жеткізген Алмат Кебіспаевты үржарлықтар мақтан тұтады.

Жақында грек-рим күресінен Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында 63 келі салмақ дәрежесінде Алмат Әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері атанды. Осыған орай Алматпен сұхбаттасқан едік.

– Алмат, алдымен, күрес өнерінде жеткен жетістіктерің туралы айта кетсең.

– Мен – халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Грек-рим күресінің жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы атанғанмын, артынша ересектер арасындағы Азия біріншілігінің күміс жүлдесіне ие болдым. Сонымен қатар Универсиадада топ  жарып, Иван Поддубный атындағы халықаралық жарыста жеңімпаз атандым. Бұған қоса, Мәскеудегі әлем біріншілігінде қола жүлде иегері атандым. Ыстамбұлдағы Әлем чемпионатының күміс жүлдесіне де қол жеткіздім.

– Неге грек-рим күресін таңдадың?

– Бұл спортты таңдауыма ағам Сымбат себепкер болды. Мені кішкентайымнан күреске баулитын. Аулада ойнап жүргенімде өзі білетін әдіс-тәсілдерін үйрететін, сондықтан күреске бала кезімнен үйірмін. Төменгі сыныпта оқып жүргенде ауыл балаларымен бірге жергілікті спорт мектебінің табалдырығын аттадым. Міне, содан бері осы жолдан тайған емеспін. Күресті жан-тәнімен сүйемін.

– Ағаңнан бөлек, шеберлігіңді шыңдауға кім көмектесті?

– Ауылдағы спорт мектебінің балуан болуыма қосқан үлесі зор. Аудан орталығындағы Горький, Крупская  мектептерінде оқып жүргенде де күрестен қол үзген жоқпын. Кейін Алматы қаласындағы Қажымұқан атындағы республикалық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында оқыдым. Көп нәрсені жаттықтырушым Боранбек Қоңыратовтан үйрендім. Ол – еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, грек-рим күресінен спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы. Ол кісі мені үлкен дайындықтан  өткізді.

– Отбасың мен спорт мектебің туралы не айтасың?

– Әкем Қабаш Түсіпбекұлы – Үржар малдәрігерлік стансасының қызметкері. Анам Майра Хасенғазықызы – аудандық мәдениет үйінің директоры.

Үржар спорт мектебінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Осы шағын ғана білім ордасынан спортта толағай табыстарға жеткен қаншама саңлақ шықты! Оларды тізбектеп жатудың қажеті жоқ. Дегенмен, спорт мектебіндегі  бапкерлердің бейнетке толы еңбектерін елемеуге, бағаламауға болмайды. Бізге спорттың қыр-сырын  үйретіп, талпындырып, қанат байлаған – бапкерлер. Мен оларға ризамын әрі қарыздармын. Сол үшін қашанда туған жерге жүлде арқалап келуге тырысамын.

Сұхбаттасқан – Бейсенғазы Ұлықбек

 Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button