Көрермен Көкбөрісін сағынады

Облыстық дрма театрында өмірден ерте кеткен талантты режиссер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рүстем Есдәулетті еске алу кеші өтті.
Жалпы, еске алу кешін өткізуді театр ұжымы жыл сайынғы дәстүрге айналдырғанын айта кеткеніміз жөн. Режиссердің өмірден өткеніне он жыл толуына орай өткен бұл жолғы еске алу кешіне Рүстемнің ағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет пен марқұмның жары Маржан Есдәулетова мен ұлы Олжас та қатысты.
Жасындай жарқылдаған талант иесі Рүстем Есдәулетті еске алу кеші театр фойесіндегі «Болмашыға ұлымас Көкбөрі едім» атты театрландырылған композициядан басталды. Рүстем режиссер ғана емес, ақын да болатын. «Бөрінама» атты жыр жинағының авторы. Театрландырылған композицияға да негізінен ақынның осы кітабындағы жыр жолдары арқау болған. Өскеменде қазақ театрын ашу Рүстемнің асыл арманы еді.
Бар жүрекке жылу шашып өлеңім,
Өскеменнен театр ашсам деп едім.
Қаламыздың қақ төрінде қазақтың,
Сахнасын түсімде де көремін.
Иә, түсімде сұлу, әсем ғимарат,
Сарайында қаракөздер жиналад.
Фойесінде Оралханның мүсіні,
Спектакль көретіндей тұр қарап, – деп жырлаған Рүстемнің арманы өзі өмірден өткен соң, ақиқатқа айналды. Бүгінде Ертістің сол жағалауынан бой көтерген әсем театр ғимараты – қазақ руханиятының алтын бесігіне айналды. Осынау театр сахнасында көзі тірісінде Рүстемнің өзі сахналаған қойылымдар да жиі көрсетіледі.
Бұл жолы да еске алу кешіне жиналған қауымның назарына режиссердің соңғы сахналаған «Атымды адам қойған соң» қойылымы ұсынылды. Ұлы Абай өлеңдерінің желісіне құрылған бұл спектакль режиссердің көзі тірісінде 2009 жылы Қарағандыда өткен республикалық театрлар фестивалінде жүлделі үшінші орынды иеленген болатын. Кейіннен аталған қойылым әлем театрларының сахналарында қойылып, 2011 жылы Татарстанда өткен Х халықаралық түркі тілдес халықтардың «Науруз» фестивалінің лауреаты атанса, 2012 жылы Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс», Уфа қаласында өткен «Туғанлық» атты фестивальдарда да топ жарып, әлем сыншыларының назарын өзіне аударды. Біле білген адамға, бұл жалғыз Шығыс Қазақстан облыстық театрының ғана емес, бүкіл қазақ театр өнерінің зор жетістігі еді.
Жалпы, мынау тіршілікке адам болып келгенімізбен, арыңа кір жұқтырмай Адам болып өту оңай ма? Философиялық астары мол шығарма көрерменін ой тереңіне тартады. Шығармада Ұлы Абайдың шындығы ғана емес, адамзат баласының шындығы көтерілген. Тозақ оты, қыл көпір… Осынау дүниені сахналау үшін режиссердің қандай психологиялық күйді бастан өткеріп, жан азабына түскенін көзге елестетудің өзі тым қиын.
«Атымды адам қойған соң» спектаклін сахналап, Қарағандыда өткен республикалық театрлар фестивалінде жүлделі орынға қол жеткізген соң, Рүстемнің өзі де о дүниелік болды. Дәл осы арада тылсым бір сыр жатқандай дерсің…
-«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дегендей, Рүстемнің дүниеден озғанына он жыл өтсе де, шығармалары сахнадан түспей, үзбей қойылып келе жатыр. Шынын айтқанда, Абай атамыздың шығармаларын сахнада сөйлету оңай емес. Бүгінгі сахнада ойнаған актерлер қауымы Абайдың философиясына Рүстемнің көзімен қарап, бүкіл көрерменге соның құпияларын ашып көрсетті деп есептейміз, – деген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұ.Есдәулет Рүстемнің театрдағы жаңашылдық дәстүрінің өзі өмірден өтсе де жалғасын тауып келе жатқанына ризашылығын білдірді.
-Осындағы шәкірттерінен басқа өзге облыстарда да Рүстемнің шәкірттері бар. «Мен Рүстемнің шәкірті едім, Рүстемнің өнердегі мектебін жалғастырып жүрмін» дейтін жастарды жиі кездестірдім. Рүстемді елі, жұрты ұмытпай ардақтап жатқанына қуаныштымын, – деген ақын Ұлықбек Есдәулет «Атымды адам қойған соң» спектаклі Рүстемнің көзі тірісінде сахналаған 25 спектаклінің ішіндегі шоқтығы биік туынды екенін де атап айтты. Талай сахнада топ жарып жүрген осынау қойылым негізі Еуропа сахнасында қойылуы тиіс спектакль болатын. Санкт-Петербургтегі театр институтында Додиннің сыныбында оқыған режиссер Рүстем Есдәулет бұл спектакльді о баста дипломдық жұмысы ретінде әзірлеген екен.
-Бұл спектакльдің жұлдызы алдағы жылы да жарқырап жанады ғой деп ойлаймын. Өйткені алда Ұлы Абай атамыздың 175 жылдық мерекесі келе жатыр. Мұндай мерекеде дәл осындай айтары мол шығарма жалғыз ғана Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының сахнасында емес, күллі қазақ сахнасында қойылып жатса, нұр үстіне нұр болмақ, – деп түйіндеді сөзінің соңын Ұлықбек Есдәулет.
Сондай-ақ режиссердің жары Маржан Есдәулетова мен ұлы Олжас та осынау туындыны сахналаған театр актерлеріне, күллі көрермен қауымға алғысын жеткізді.
Мейрамтай Иманғали