Қоғам

Көппәтерлі тұрғын үйлерді қалай басқарған тиімді?

 Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкімет пен әкімдерге Қазақстанда мүліктік меншік  иелері бірлестіктері (МИБ) институтын енгізу реформасын жүзеге асыруды тапсырған.

 «Мүліктік меншік иелері бірлестігі» институтын енгізу жөніндегі реформа басталды. Тиісті заң да қабылданды. Енді барлық көппәтерлі тұрғын үйлер кезең-кезеңмен осы басқару нысанына көшеді. Бұл реформа меншікті басқару ісінде тұрғындар пікірінің ескерілуін, сондай-ақ тұрғын үйді пайдалану және жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың ашықтығы мен есептілігі болуын көздейді. Үкімет пен әкімдер осындай маңызды реформаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Себебі мұндай бірлестік – өзін-өзі ұйымдастыру және басқару институтының бастау негізі»,- деген болатын Мемлекет басшысы.

Көппәтерлі тұрғын үй иелерінің бастарын қатыратын басты мәселе – үйді қалай ұстау, оның күрделі жұмыстарын кім жүргізуге тиіс? Осыдан ширек ғасыр бұрын құрылған пәтер иелері кооперативтері бұл міндеттерді ұршықтай иіріп әкетті деуге келмейді. Сол себепті елімізде ПИК-тердің орнына мүліктік меншік иелерінің бірлестіктері институтын енгізу туралы Заң қабылданған болатын. Тұрғындардың жалпы жиналыс өткізіп, МИБ немесе жай серіктестік құру туралы  бір шешімге келулеріне төрт-ақ ай қалды. Алайда бұл жаңалықтан бейхабар халық бейқам жүр. Мүліктік меншік иелерінің бірлестіктерін кім құрады? Ол үшін не істеу керек?

Болжау және сараптау институтында өткен жиында облыс орталығындағы пәтер иелері кооперативтері қауымдастығы мен билік өкілдері, қоғам белсенділері бас қосып, осы мәселені жан-жақты талқылады.

Өскемен қаласы бойынша барлығы 1700- ден астам көппәтерлі тұрғын үй 2021 жылдың 7-қаңтарына дейін басқарудың жаңа үлгісіне көшуге тиіс. Бүгінгі таңда облыс орталығында бар болғаны екі ғана мүліктік меншік иелерінің бірлестігі құрылып, әділет органына тіркеуге берілген.

  • 2021 жылдың 7 қаңтарынан бастап елімізде «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жұмыс істей бастайды. Осы Заң бойынша пәтер иелері кооперативтері жойылып, ал үйлерді  әрбір көппәтерлі үйдің тұрғындары бірлесіп басқаруға міндетті.  Тұрғындар бір жыл ішінде жалпы жиналыс өткізіп, МИБ немесе жай серіктестік құру туралы шешімге келулері керек. Қайта құрудың бүкіл процесі 2022  жылдың 1-шілдесіне дейін аяқталуы тиіс,- деді Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі Альмира Қалибекова.

Тұрғын үй инспекциясы өкілінің түсіндіруінше,  мүліктік меншік иелері бірлестігін немесе жай серіктестік құра ма, оны тұрғындардың өз қалауы біледі. Екеуінің айырмашылығы – бірлестік міндетті түрде әділет органдарында тіркелуі керек және оның қызметі тұрғын үй инспекциясы тарапынан тексеріледі. Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелу үшін жалпы жиналыстың хаттамасы, бірлестіктің жарғысы, өтініш сияқты  құжаттарды жинап, өткізеді. Бірлестік болсын, серіктестік болсын, оны құруға тұрғындардың 51 пайыздан астамы келісімін беруі керек. Бірлестіктің үй кеңесі, оның төрағасы және ревизиялық комиссиясы болады, мүшелері тұрғындар арасынан үш жылға, төраға бір жылға сайланады. Төраға сол үйдің тұрғыны болуы шарт. Бірлестік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде екінші деңгейлі банктердің бірінде екі есепшот: ағымдағы және жинақтық ашады. Жаңа заңның негізгі идеясы – көппәтерлі тұрғын үйді басқаруды меншік иелерінің қолына беру.

Сонымен енді төрт айдан кейін көппәтерлі тұрғын үйлердің барлығы басқарудың жаңа үлгісіне өтуге тиіс. Бірақ халық бейқам, ешқандай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Оның себебін Альмира Айыпқызы карантиндік шектеулердің кесірінен деп түсіндірді.

-Орталықтан бізге онлайн жиналыс өткізуге рұқсат бергендерімен, белсенді тұрғындардың басым бөлігі егде адамдар. Олар гаджеттермен жұмыс істей алмайды. Бүгінгі таңда аумақтық басқару орталығымен бірлескен жоспар жасадық. Тұрғындармен жиын өткізіп, кеңес бере аламыз. Бірақ жиналысты кешкі уақытта, тұрғындар жұмыстан келген кезде өткізген дұрыс. Оған біздің мамандардың да отбасы, балалары бар. Қазір әлеуметтік роликтер жасап жатырмыз. Түсіндіру жұмыстарын соның көмегімен жүргізсек деген ойымыз бар, – деп атап өтті Альмира Айыпқызы.

Жиында облыс орталығында бірінші болып тіркелген «Пермитин 29» мүліктік меншік иелері бірлестігінің төрайымы Раушан Мұстафина осы істі қолға алғанда кездескен қиындықтарын ортаға салды.

  • Неге біздің үй ПИК-тен шығып кетті? Ашығын айтсақ, біздің тұрғындарды кооперативтің жұмысы қанағаттандырмады. Мемлекет «басқаруды өз қолдарыңа алыңдар» деп бізге мүмкіндік беріп отыр. Неге пайдаланбасқа? Бірлестік құру туралы ортақ шешімге келген соң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық құрылымы мен ХҚКО, әділет департаменті арасында бір апта жүгірдім. ХҚКО мамандары дайын емес. Тіркеу тізімінде МИБ мүлде жоқ. Қазір бізді 96090 басқару үлгісімен тіркеп берді, құжаттар әділет департаментіне кеткен, жауабын күтіп отырмыз. Екінші мәселе – есепшот ашу. Ешбір банк оны қалай ашу керектігін әзірге білмейді. Үшінші мәселе – менің үйді басқаруда ешқандай тәжірибем жоқ. Тұрғындар арасынан сайланған төрағаларды оқытатын, бағыт-бағдар беретін курстар таппадым, – дейді Раушан Төкенқызы.

Жиында пәтер иелері кооперативінің өкілдері де өз пікірлерімен бөлісті.

-Бұл Заң дайындалғанына бес жылдай болды. Бірақ қазірдің өзінде әлі шикі, қарама-қайшылық көп. Жай серіктестік заң орындарында тіркелмесе, тұрғын үй инспекциясы тарапынан бақылау болмаса, ертең не болатыны белгісіз. Банктер, ХҚКО мамандары дайын емес, заңның қалай жұмыс істейтіні туралы нақты алгоритм жоқ, – деген ойын жеткізді Өскемен қаласындағы ПИК қауымдастығының төрайымы Гүлнар Әбішева.

Басқосуда салалық министрлікке жаңа басқару үлгісіне өту кезеңін ұзарту туралы хат жазу туралы ұсыныс айтылды.

-Біз өз тарапымыздан сіздерден түскен сауалдарға әділет департаменті мен банкирлерден жауап алып, сіздерге жолдаймыз. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ақпараттық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп қорытындылады жиынды болжау және сараптау институтының өкілі Аяужан Әбішева.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button