Қоғам

Көпен Әмірбек, сатирик, «Парасат» орденінің иегері: – МЕН ӘЛІ 69 ЖАСТАМЫН

Сатира саңлағы, «Ара» журналының бас редакторы Көпен Әмірбек наурыз айының соңында 70 жасқа толады. Ел құрметіне бөленген елеулі азаматты Шығысқа келген сапарында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген өзі басқарып отырған оқу орнына арнайы шақырып, студенттерімен кездестірді. Мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті. Студенттермен болған өнегелі һәм ойлы әзілге құрылған әңгімесін қалпын бұзбай оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Екі сағатқа жуықтаған еркін әңгімеде құрметті қонақ студенттердің сұрағына төмендегідей жауап берді.

 

Қазанның қақпағын жасадым

Студент: – Көпен аға, сіздің есіміңіз ерекше. Мәнісі қалай?

Білуімше, Көпен есімді осы Шығыста бір ақын бар. Өзім көрмедім ол кісіні. Газет-журналдан атын оқығам. Осыдан біраз жыл бұрын Елбасы тағы бір Көпенге генерал атағын беріп жатқанын теледидардан көрдім. Оның қай жақтан екенін білмедім. Сол генералмен үш Көпен болдық. Шешем он құрсақ көтерген: үш қыз, жеті ұл. Соның тұла бойы тұңғышы – менмін. Сырдария мен Әмударияның ортасында, Арыстың жағасында, қалың қамыс пен сексеуілдің арасында, киіз үйдің ішінде өстім. Әке-шешем қойшы болды. Мен үшін ең жақсы әуен – шешем піскен күбінің дауысы. Құлағыма бір күйдің басы құсап елестейді де тұрады. Ал оркестрдің үлкені кешкі қоралы қойдың төлімен табысуы болатын. Қандай ғажап үн еді ол. Әжем тоғыз жасымда қайтты. Атымды сол кісі қойыпты. Ал мағынасын 50 жастан асқанда барып, бір кітапты оқып отырып, тосыннан кездестірдім. Өсімдіктер туралы кітап еді. Оқып отырып, «көпен» атауы кездесіп қалды. Көзімді ұйқалап жіберіп қайта қарасам, иә, сол атау екен. Сөйтсем, шалғы ұстаған бабаларымыз алғашқы балдаманы «көпен» деп атапты. Кәдімгі шалғының жүзінен жиылған алғашқы қатарды. Мен тұңғышы болғандықтан солай атапты көреген әжеміз.

Модератор: – Сіздің студенттік дәуіріңіз қазақтың біртуар азаматтарының алдында өткенін білеміз. Біздің студенттерге ұстаздарыңыз туралы айтып берсеңіз.

Мектепті жақсы оқыдым. Әсіресе әдебиет пен тарихқа ынтам зор болатын. Бірақ бір жолы әдебиет пәнінен беретін мұғалімім шақырып алып, Маркс сөзін тасымалдағаным үшін ескерту жасағаны есімде. Ал студент шағымда академик Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғали, Мырзатай Жолдасбеков сынды ағалардың алдын көрдім. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, Мұхтар Мағауинның ұстазы – Бейсенбай Кенжебаев сынды ағалардан тәлім-тәрбие алдық. Бейсенбай ағамыз туралы сіздер көп білмеулеріңіз мүмкін. Ол кісі – жоғарыдан «Абай жолы» шықпасын» деген бұйрықтың келгеніне қарамай, өзінің баспасынан шығарып жіберіп, алғашқы нұсқасын Әуезовтің қолына ұстатқан батыр адам. Біз солардай адал, таза, ғажайып тұлғалардың бақытты шәкірті болдық қой.

Студент: – Сіздің сұхбаттарыңызды оқып, әзілдеріңізді тыңдап отырып шешендігіңізге таңғаламыз. Бұл өнер қанмен келді ме, әлде үйрендіңіз бе?

– Басында шешен болайын демедім. Әуелгі арманым суретші болу еді. Кейін мектеп қабырғасында жүріп қолөнермен айналыстым, қазанның қақпағын жасап саттым. Тәп-тәуір табыс көзі еді. Бір қақпақ үш сом болды. 30 тиынға ағаш жәшік сатып аласың. 2 сом 70 тиыны қалтаңда қалады. Тоғызыншы сыныпқа дейін жасап жүрдім. Оныншы сыныпта бозбала болып, бір қызға хат жазып едім. «Әлгі қақпақ жасайтын бала ма?» деп менсінбей қойыпты. Содап бастап қақпақ жасауды тоқтаттым. Әйтпесе бір шегесіз жасалатын қақпаққа бүкіл түркістандықтар тапсырыс беретін. Содан бір күні «Балдырған» журналына бір сурет жібердім. Тезірек шықсын деген ниетпен астына екі шумақ өлең қосқам. Ал редакция суретімді баспай, әлгі өлеңді басып жіберіпті. Содан әдебиетке қарай бет бұрып кеттім. Бертін, 1999 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде ел аралап Арыс қаласына барсам, баяғыдағы ғашық болған қызым жүр. Бес-алты баласы бар, өзі базарда жұмыс істейді екен. Жиналыс соңында бір жерде шай ішіп отырсақ, әлгі келіншек шығып әзілмен өткен өмірді баяндады. «Бекер бетін қайтарыппын» дейді. Мен айттым: «Қосылмай қойғаның жақсы болды, әйтпегенде сенімен үйленіп, әлі күнге қазанның қақпағын жасап жүрер едім» деп. Қалжың ғой бәрі. Сол сияқты, шешендік қайдан келді дегенде, мен мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай, ауылға қайта барып театрда актер болдым. Біраз рөлді сомдадым. Ол кезде ауылдарды аралап, концерт қою керек. Не ән айта алмайсың, не домбыра шерте алмайсың. Қолдан келер қайран – қара сөз оқу. Содан бір ауылға барып, Асқар Тоқмағанбетовтің «Май мұрынға – майшелпегін» оқи бастадым. Сөйтсем, артқы жақта тұрған бір кемпір: «Әй, әдіре қалғыр, осыдан басқа сықақ жоқ па?! Былтыр да оқыдыңдар, алдында келіп тағы біреу… енді сен…» демесі бар ма?! Жүрегім тоқтап қала жаздады. Содан бастап ешкім естімеген дүние жазуды қолға алдым. Сөйтсем, барлық тың дүниенің бәрі кітапта екен. Шешендікті де, шеберлікті де кітаптан алдым, айналайындар.

Батамды бөліп алыңдар

Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың көңілді тапқырлар клубы: – Бір сұхбатыңызда: «Кейбір театрлардың бір сағат мыжығанын кейбір жайдарманшылар бір-ақ ауыз қалжыңмен жеткізеді. Сондықтан бұлар – қазақ әзілінің дәні» депсіз. Ордамызға келген қазақ әзілінің шыңынан қазақ әзілінің «дәндері» бата сұрайды…

 Қазақта батаның түрі көп. Соның ішінде өзіме Қонаев пен Бауыржан Момышұлының батасы ұнайды.

Қонаев: «Е, Жаратқан ием!

Халқымды даласымен сақта,

Елімді данасымен сақта,

Сәбиді анасымен сақта,

Азаматты санасымен сақта,

Үйдегіні үйде сақта,

Түздегіні түзде сақта,

Айдан аман ет, жылдан есен ет.

Қыдырың қияласын,

Періштең ұяласын.

Күндерің шуақты болсын,

Көлдерің суатты болсын.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заман болсын,

Менің ұрпақтарым, немере, шөберелерім аман болсын!» – деп берген екен. Ал Бауыржан Момышұлы:

«Иә, Жаратқан ием!

Ағаш берсең, жемісті қылып бергін,

Келін берсең, келісті қылып бергін.

Ат берсең, шабысты қылып бергін,

Арғымақ бер, пырақ бер,

Жомарт болсаң, осы айтқанымды үйіп-төгіп бір-ақ бер! Әумин», – депті. Сендер бір бата сұрасаңдар, мен екеу қылып берейін. Төртеуің екіден бөліп алыңдар.

Модеротор: – Қайта жанданған «Ара» журналының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Сөз соңында студенттерге не айтасыз?   

– Қазақтың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртаза ағамыз «Егемен Қазақстанның» ең бір қиын кезеңінде басшылыққа келді. Жан-жаққа телефон шалады. Күндіз-түні тираждың әңгімесі. Әбден шаршаған ғой. Сондай күндердің бірінде Жамбыл облысына бардық. Арасында біреу: «Шер аға, тираж қалай болып жатыр», – десе, туған жерінің төрінде отырған ағамыз: «Ей, басқа әңгіме айтайықшы», – деп бәрімізді бір күлдіргені бар еді. Сол кісі айтпақшы, жүз жылдық тарихы бар журналдың бүгінгі жағдайын да айтқың келмейді. Әшірбек Сығай айтатын: «Қазіргі жемқорларды «Ара» шақпақ түгілі, жылан шақса да қорықпайды» деп. Бірақ «Бәрінен қорықпайтын адам күлкіден қорқады» деген сөз де бар. Қазір күлкіден де қорықпайтын болып кетті. «Көбелек келіп күмп етіп, көбігін ішіп ол кетті, сауысқан келіп саңқ етіп, сарқып ішіп ол кетті» заманда «Ара» өте қажет еді. Амал қанша, оның да төрешісі бар. Кез келген уақытта ысқырық шалады. Баяғыда Оспанхан Әубәкіров айтушы еді: «Ара» ара болды, шаққан жері жара болды» деп. Кейін жабылған соң, Қалтай Мұқамеджан ағамыз: «Ара» жабылғаны – қазақ сатирасының қара жамылғаны», – деп кесіп айтып еді. Содан бері бірде ашылып, бірде жабылып, қалт-құлт етіп келе жатырмыз. Жағдай солай. Енді қорытындылай келсек, мұнда, менің білуімше, болашақ журналистер мен әдебиетші мұғалімдер отыр екен. Оспанхан Әубәкір ағамыз айтатын: «Дүниедегі ең қиын іс – күнде адам болып өмір сүру» деп. Қанша қиын болса да, сол адамдықтан алыстамаңдар, айналайындар. Мына кісілер менің 70 жасым деп жатыр ғой. Шын мәнінде, мен әлі 69-дамын. 70 жасқа әлі бір ай бар. Ыстық ықылас танытып жатқан барлығыңа рақмет.

Әзірлеген – Мұратхан Кенжеханұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button