Қоғам

Көпбалалы отбасылардың тұрмысымен танысты

Алтай ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Даниал Ахметов аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға аралап, сый-сияпат жасады.

Тұңғыш Президент күніне орайластырылған іс-шаралар аясында аймақ басшысы аз қамтылған және көпбалалы қос отбасының тұрмыс жағдайымен танысып, оларға тұрмыстық техникалар тарту етті.

– Біз сияқты отбасылардың жағдайына көңіл бөліп жатқан сізге және аудан әкіміне алғысымыз шексіз, – деді төрт баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Ирина Надырова.

Сондай-ақ бұл күні үш баланы жалғыз тәрбиелеп өсірген Миршат Шакенованың да отбасында қуанышты күн болды. Аймақ басшысы бұл отбасына да  плазмалық теледидар мен жеміс себетін сыйға тартты.

– Келесі жылдан бастап сіздер мемлекет тарапынан қосымша көмек алатын боласыздар. Барлық облыс орталықтарында көрсетілетін қызметтер енді қалаларыңыздағы перзентханада көрсетілетін болады. Сонымен қатар алдағы жылы қалада кардиологиялық орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Онда әлемдік стандартқа сай құрылғылар орнатылады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Қоса кетсек, өңірімізде 2019 жылдың наурыз айынан бастап көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Мұндай отбасыларға бір реттік әлеуметтік көмек екі есеге, яғни 70 мыңнан 140 мың теңгеге, ал мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек үш есеге өсті, сондай-ақ баспанаға берілетін алғашқы жарна да субсидияланды. Бүгінгі таңда 388 отбасы немесе баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың 23 пайызы тұрғын үй алды. Олардың басым көпшілігі ауыл-кенттерде  тұратын отбасылар.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта облыстағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 33,5 мың баласы білім ордаларында тегін ыстық тамақпен қамтылып, тегін мектеп формаларына ие болды. Сонымен қатар осындай отбасылардың 3,5 мың баласы балабақшаларда тегін  тәрбиеленуде.

Өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарында көпбалалы және аз қымтылған отбасылардан шыққан балалардың түрлі мамандықтарды игеруі үшін 1747 гранттық орын қарастырылып, олар шәкіртақымен қамтылып, тегін жол жүру және тамақтану құқығына ие болды.

 Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button