Көпбалалы отбасылар баспанамен толық қамтылады
Жарма ауданында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің ауданға жасаған жұмыс сапары барысында айтылды.
Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожиннің айтуынша, өткен жылы ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған 59 отбасы баспаналы болса, соның 29-ы көпбалалылар. Биыл тағы 30 көпбалалы және 15 аз қамтылған отбасы қоныс тойын тойламақ. Аймақ басшысына құрылысы былтыр желтоқсан айында аяқталған Қалбатау ауылындағы қос пәтерлі бес тұрғын үйді таныстырған аудан әкімі осы қарқынмен үй кезегін толықтай жоюды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Аталған жаңа баспаналарды салуға тапсырыс беруші жеке кәсіпкер Динара Исабаева болса, мердігер – «Жарма Құрылыс-газ» ЖШС. Өз ісінің мамандары атанған бұлар биыл осы жерде тағы екі пәтерлі 15 үйдің құрылысын бастап кеткен. Жаңа үйлерге де жыл соңына дейін көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар қоныстанбақ. Бұдан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы 16 пәтерлі қос қабатты екі үйдің құрылысы жоспарлануда. Олар аяқталғанда, бұл маңда тұтас жаңа тұрғын аудан пайда болмақ.
Қалбатау ауылындағы жаңа үйлерде қоныс тойын тойлағандардың бірі – Әлібек Мұхамадиевтің отбасы. Төрт баланы тәрбиелеп отырған отбасы көптен армандаған баспаналарына қол жеткізіп, қуаныштарында шек жоқ.
– Көпбалалы отбасыларға жан-жақты әлеуметтік қолдау білдіріп жатқан мемлекетімізге, облыс басшылығына алғыс айтамыз. Жалдамалы пәтерден жалыққан балаларымыз да өздерінің кең үйінде асыр салуда, – деді отағасы Әлібек. Оның төрт баласына да облыс әкімі өзінің ала келген арнайы сыйлығын тапсырды.
Баспаналардың сапасын тексеріп, тұрғындармен тілдескен облыс әкімі жаңа үйлерге көңілі толатынын айта келе, алдағы құрылыстарда 80 шаршы метрді құрайтын үш бөлмелі бұл пәтерлердің кіреберісі мен аулалық аумағын әлі де кеңейте түсуді тапсырды.
– Халыққа берілетін үйлер тұрмысқа өте қолайлы, сапасы жоғары болу керек. Өйткені ұзақ жыл үй кезегінде тұрып, баспаналы болған отбасылардың үмітін ақтай білуіміз қажет. Сондықтан құрылысқа жауапты фирмалар сапа жағын қадағаласын және әрбір үйдің ауласында шаруасын жүргізуге мүмкіндік беретіндей 10 сотық жер телімі болу керек, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Айта кетсек, облыста арнайы бағдарлама аясында алдағы үш жылда көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту көзделген. Өткен жылдың өзінде кезекте тұрған 600-ге жуық көпбалалы отбасы өз баспаналарына қол жеткізді.
Дәурен Аллабергенұлы