Қоғам

Көпбалалы отбасыларға арналған баспана

Алтай қаласының оңтүстік бөлігінде бой көтерген жаңа үйлердің құрылысы биылғы жылдың бірінші желтоқсанына дейін толық аяқталып, жаңа жыл қарсаңында он төрт көпбалалы отбасы баспаналы болады.

Қалада өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері мұндай ауқымды құрылыс жүргізілмеген еді. Аудандағы көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен қолға алынған 14 жеке тұрғын үйдің құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алтай қаласының 10-шағын ауданында жеке құрылыс салушылар есебінен 14 тұрғын үй құрылысына «Қазинвестлидер» ЖШС-мен бес үй, «Новатор 5» ЖШС-мен бір үй, «Жееб» ЖШС-мен бір үй, «Бесейнов А.» ЖК-мен төрт үй, «Кауенов И» ЖК-мен бір үй, «Сенімді құрылысшы» ЖШС-мен екі үй салуға меморандумдар жасалған. Қазіргі уақытта алты үй пайдалануға беруге дайын, сегіз үйдің ішкі жұмыстары аяқталуға жақын.

Құрылыстың сапалы жүргізілуін қатаң бақылауға алған Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов жуықта құрылыс алаңында болып, мердігер компаниялардың құрылысшылары жүргізіп жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жаңа шағын аудан жобасында жолдардың кең болуына, жарықтандыруға, үй маңындағы аумақты абаттандыруға ерекше көңіл бөлініпті. Әрине, басты мақсат – тұрғындарға көптен күткен баспана кілттерін уақытында тапсыру.

Аудан әкімінің айтуынша, құрылыс маусымы әлі аяқталған жоқ, сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, мердігерлер жұмыс қарқынын әлі де арттыруы керек. Қазір барлық үйлерде ішкі әрлеу жұмыстары аяқталған. Тексеру барысында аудан әкімі Қалихан Байғонысов әрбір үйге кіріп, жұмыстың қай кезеңде екенін көрді.

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін сумен жабдықтау және кәріз желілері жүргізіліп жатыр. Жарықтандыру жұмыстары басталып, үйлердің жанындағы аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары соңына дейін сапалы жүргізілуі үшін ондағы жұмыстарды Алтай ауданының «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің арнайы мониторингтік тобы да қадағалап көріп қайтты.

Қазір Алтай ауданында 475 көпбалалы, 89 аз қамтылған отбасы тұрады. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде көпбалалы отбасылар санаты бойынша 24 адам тұр.

Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қағидалары негізінде бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға жол жүру, мектепте тегін тамақтану, азық-түлік жиынтықтары түрінде де көмек көрсетіледі. Бүгінде Алтай ауданында 127 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Өңірдегі көпбалалы отбасылардың басым бөлігіне өз жобаларын жүзеге асыруға, отбасылық кәсібін дамытуға қолдау көрсетіліп келеді.

Облыста аз қамтылған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша үш жылдық бағдарлама жүзеге асуда. Аймақ басшысының тапсырмасымен биыл бірқатар аудан орталықтарында осы мәселені шешу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ бақша, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін қажетті жер телімін бөлу де тапсырылған.

Биылғы жылдың соңына дейін облыста 1045 көпбалалы отбасы баспаналы болады. Ал Алтай ауданында алдағы 2021 жылға қосымша тағы да жиырма жеке тұрғын үй құрылысын салу жоспарланып отыр.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button