Қоғам

Көпбалалы аналар тілегіне құлақ асты

      Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат көпбалалы аналармен кездесіп, осы санаттағы азаматтарға төленетін атаулы әлеуметтік көмек пен жаппай оқу қоры аясындағы шаралар, тегін медициналық қызмет тақырыбында әңгіме өрбітті.

Естеріңізге сала кетейік, 5 қаңтарда облыстың 19 ауданы мен қаласында   жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға құжат қабылдау басталды. Бүгінгі күнге дейін жұмыспен қамту орталықтарына тоғыз мыңнан астам адам жүгініп, оның төрт мыңнан астамының өтініштері қабылданды. Биыл осы мақсатта 5,4 млрд. теңге бөлінді.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев кездесуге қатысқан аналарды әлеуметтік қолдаудың шарттарымен таныстырды. Оның айтуынша, биылғы атаулы әлеуметтік көмектің басты артықшылығы – азаматтарды еңбек етуге ынталандыру, кәсіп ашуға жағдай жасау. Осы жолғы АӘК өзінің бастапқы классикалық үлгісіне жақындады. Яғни, тоқсанына бір рет отбасының орташа табысы мен күнкөріс деңгейінің айырмашылығы төленетін болды. Тек енді бұрынғыдай отбасын асыраушы еңбектен бас тартса, оның ғана төлемі емес, барлық отбасына атаулы әлеуметтік көмек алты айға тоқтайтын болады. Мұндағы басты мақсат – еңбекке жарамды адамдарды масылдықтан арылту, табыс табуға ниеттендіру. Ол үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалып отыр. Аталған шараларды жүзеге асыру үшін «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен жұмыспен қамту бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Енді атаулы әлеуметтік көмектен үміткер жандар 7 жыл мерзімге төрт пайызбен шағын несиеге қол жеткізе алады. Сондай-ақ енді қайтарымсыз грант алу үшін «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша міндетті түрде курс оқудың қажеті жоқ. Кәсіп бастаймын деген ниет пен оның алгоритмі болса жеткілікті дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ грант көлемі де енді тек 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 530 мың теңге болады.

  • Биылғы атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың тағы бір ерекшелігі – балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің бекітілуі. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік жиынтығы (айына бір рет), гигиеналық заттар мен тұрмыстық химия (тоқсанына бір рет) беріледі. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектепте тегін ыстық тамақпен және мектеп формасымен, оқу жабдықтарымен  қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ қоғамдық көліктерде қатынауға  жеңілдіктері қарастырылған,-деп атап өтті басқарма басшысы.

Ал облыстық білім беру басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, бүгінгі күні облыста көпбалалы отбасылардан 20638 бала бар, оның 16809-ы аз қамтылғандар қатарына кіреді. Биыл оларды қамтамасыз етуге арналған жаппай оқыту қорының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,6 млрд. теңгеге артып, 3,7 млрд. теңгені құрады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ли елімізде биылдан бастап енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық және стоматологиялық қызмет тегін көрсетілетіндігін атап  өтті.

Кездесу соңында көпбалалы аналар мемлекеттік орган басшыларына сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Сондай-ақ аналар тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды.

Аналардың айтуынша, олар еңбек етуден, кәсіп бастаудан бас тартпайды. Бірақ көптеген аналардың жұмыс істеуіне қолбайлау болып отырған бір себеп бар. Ол  мектептерде  даярлық тобы мен бірінші сынып оқитын балаларға арналған ұзартылған күн топтарының жоқтығы. Кейбір мектептерде ондай қызмет бар болғанымен, небары сағат 15.00-ге дейін жұмыс істейді. Әрі бұғанасы қатпаған балалар сол уақытқа дейін ата-аналарын партада отырып күтуге мәжбүр. Аналар метептерде сондай ұзартылған күн топтары болса және олар балаларының тынығуына лайықталып жабдықталса деген тілек білдірді.

Сондай-ақ Өскемен қаласының шалғай аудандарында балабақшаның аздығы да тілге тиек етілді.

Аналардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат көтерілген мәселелер назарға алынатындығын атап өтті.

– Облыс бойынша атаулы әдлеуметтік көмек тағайындау жөнінде ақпарат беруге бағытталған 258 топ құрылған болатын. Сонымен қатар, сұрақтар туындаған жағдайда қоғамдық комиссияларға жүгінуге де болады.

Ал балабақша мәселесіне келер болсақ, әр шағын аудан бойынша кезекте  тұрғандар санын анықтап, қажеттілік болса соған орай мектепте шағын орталықтар ашу жағын қарастырамыз. Мектептерде ұзартылған күн топтары бойынша  білім беру басқармасына осы мәселені назарға алуды тапсырамын. Жалпы, бүгінгі кездесуіміз жемісті болды деген ойдамын. Осындай ашық алаңда әңгімеміз әлі де жалғасын табады деп сенемін. Мемлекет көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдауға барын салып жатыр. Осы мәселеге қатысты  қандай да бір сауалдар мен түсінбестік туындаса, біз әрқашан бұл мәселені назарға алып, шешімін табудан тартынбаймыз,-деп қорытындылады облыс әкімінің орынбасары.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button