Көпбалалы аналар кәсіп ашуға ден қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында отбасылық бизнесті дамытуға, әсіресе көпбалалы аналардың өз кәсібін ашуға қолдау көрсетуге жіті көңіл бөлгені белгілі. Облыста көпбалалы аналар тарапынан қолға алынған 520 бизнес-жоба 463 миллион теңге мөлшерінде грант алып отыр. Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов көпбалалы кәсіпкер әйелдермен жолығып, ашық сұхбат құрды.
Аймақ басшысы өз ісін ашып, нәпақасын тауып отырған жекелеген көпбалалы аналардың атын атап, оларды өзгелерге үлгі ретінде атап көрсетті. Мәселен, Курчатов қаласының тұрғыны Гүлнәсира Алтаева кішігірім дүкен ашып, отбасын асырап отыр.
– Көпбалалы аналар – еліміздің тірегі, мемлекетіміздің мақтанышы. Сіздерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның бірі – бизнес ашуға, іс бастауға берілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер, – деді Даниал Ахметов.
Басқосуда сөз алған өскемендік Айгүл Чикенова қаланың Жібек маталар комбинаты ықшам ауданынан балаларды дамытуға арналған «Знатоки» орталығын ашқанын жеткізді. Олар бүгінгі таңда елу шақты бүлдіршінді қосымша оқытумен, тәрбиелеумен шұғылдануда. Биыл күзде Қабанбай батыр көшесінің бойынан клубтың филиалын ашыпты. Кәсіпкер келіншек, төрт баланың анасы осы жеткен жетістіктерге мемлекет тарапынан берілген қолдау көп көмек болғанын айтып, облыс басшысына өз атынан алғыс білдірді.
Тағы бір кәсіпкер әйел – Оксана Склярова «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 500 мың теңге грант алып, тауық өсіруді бастағанын қуана жеткізді.
– Сіздердің бет алыстарыңыз, ынта-жігерлеріңіз мені қуантады. Істі бастағанда қорықпау керек, әлбетте, қиыңдықтар да кездеседі. Бірақ олардың бәрін де бірлесе еңсеруге болады. Келер жылы кәсіп ашам деген көпбалалы аналарға грант бөлу үшін 500 миллион теңгенің қаражаты қарастырылып отыр. Облыста «Ақниет» бағдарламасы жұмыс істейді. Ол 8 жылға 6 пайызбен несие береді. Сіздер үшін осы пайыздық мөлшерлемені 4 пайызға төмендетуге әзірміз. Тек жобаларыңызды ұсыныңыздар, – деді осы ретте Даниал Ахметов.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда 26 мың көпбалалы жанұя бар, олардың бес мыңы мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алуда. Қалған 21 мыңдай отбасы кәсіп ашуға қауқарлы.
Облыс әкімі қаңтар айында тағы бір мәрте жолығып, нақты ұсыныс-жобаларды қарастыруға уағдаласты.
– Біз көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін бірқатар қолдау шараларын іске асырып келеміз. Оның ішінде бүлдіршіндерді балабақшамен, оқушыларды тегін мектеп формасымен қамту, колледждер мен жоғары оқу орындарына грант бөлу сынды ауқымды жұмыстар бар. Баспанамен қамту ісін бастадық, алдағы үш жылда құрылыс қарқынын үш есеге арттырмақпыз. Яғни, тұрғын үймен қамту мәселесі де шешімін табады, – деген аймақ басшысы көпбалалы аналарды осы істердің толық атқарылуына бақылау жүргізуді де тапсырды. Облыста аумағында 1892 көпбалалы отбасы пәтер кезегінде тұр. Биыл солардың 593-і қоныс тойын тойлады.
Аймақ басшысымен арадағы емен-жарқын әңгіме барысында көпбалалы аналардың бірі мал шаруашылығымен айналысуды қолға алғанын айтса, бірі жол бойынан дәмхана ашпақ ойы барын жеткізді. Нақты мәселелер де қаузалды, айталық, бородулихалық кәсіпкер әйелдер грант есебінен наубайхана ашып жатқандарын, бірақ электр желісін тартуға көмек керектігін алға тартты.
Кездесу соңында облыс әкімі көпбалалы аналарды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға Алғыс хаттар, гүл шоқтарын, тәттілер салынған себет және қалта телефондарын тарту етті.
Ержан Әбіш