Қоғам

Көпбалалы аналар әкімнің бастамасын қолдады

Алтай ауданындағы көпбалалы аналар аймақ басшысы жолдаған поэтикалық эстафетаға қолдау білдіріп отыр. Естеріңізде болса, Даниал Ахметов өткен қаңтар айының соңында #Abai175 челенджін жалғастырып, оны облыс тұрғындарына және Татарстан Президентіне жолдаған болатын. Өз кезегінде Рустам Минниханов Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңінен үзінді оқыған еді.

Жұмыс сапарымен Алтай ауданына барған облыс әкімі Даниал  Ахметов аудандағы көпбалалы аналармен кездесіп, оларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектің жайымен танысты.

Кездесу барысында аналар ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқып, эстафетаны Катонқарағай ауданына жолдады. Атап өтерлігі, ауданда облыста алғашқы болып «Алтай маржандары» атты көпбалалы аналар клубы құрылған, онда елуден астам мүше бар. Бұл аналар өздерінің тың бастамаларымен және өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласуымен көзге түсуде. Жақында ғана олар аудандық мәдениет үйінің алдында қардан ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын бейнелеген. Алда тағы бірнеше тың әлеуметтік жобаны қолға алмақ. Сонымен қатар көрсетілген әлеуметтік қолдаулар үшін алғыс білдіріп, өздері қолдан тіккен жылы көрпені облыс әкіміне тарту етті.

Облыс әкімі биылғы Волонтер жылына орай аудандағы белсенді жастармен кездесіп, оларды жастық шақта мүмкіндігінше білім алуға, шет тілдерін көптеп үйренуге, оның ішінде қазақ тілін тереңдетіп үйренуге шақырды. Себебі, қанша тіл білсе, жастардың алдынан сонша әлем ашылмақ. Кездесуде аналар мен жастар “Біз біргеміз” деп ұрандатты.

– Бұл бастаған жобаларыңыздың әлеуметтік маңызы зор. Сіздер әрқашан бірге болыңыздар. Жастар аналардан, аналардың жастардан үйренері көп. Бірлік бар жерде жеңіс те, жетістік те, бәрі болады, – деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ сапар барысында аймақ басшысы аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған, ауданның әр саладағы жетістіктері әйгіленген көрмені тамашалап, аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты.

Аудан басшысының мәлімдеуінше, ауданның  негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда өсім сақталып отыр. Әсіресе, ауданның денсаулық сақтау саласы сапалы деңгейге өтуде. Ауданда алғашқылардың бірі болып инсульт орталығы ашылған, оның жарақтандырылуы ірі қалалардағы жетекші клиникалардан еш кем түспейді. Өткен жылы мұндағы перзентхана жәрдем көрсетудің үшінші деңгейіне өткен. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Мұнда тек Алтай ауданының ғана емес, көршілес Катонқарағай, Күршім аудандарының тұрғындары да жүгіне алады.

– Ауданда шағын және орта бизнес тұрақты дамып келеді. Онымен экономикалық тұрғыда белсенді тұрғындардың отыз пайызы шұғылдануда. Негізі жетекші саланың бірі ауыл шаруашылығында ішкі өнім 118,7 пайыз өсіммен 29 млрд. 980 млн. теңгені құрады. Бидай да өткен жылдан 27,5 мың тоннаға артық жиналды. Алтай ауданы облыстағы сүтті мал шаруашылығын дамыту жобасына белсенді қатысуда. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғындардан 5 мың 506 тонна сүт жиналып, жоспар толық орындалды, биыл 6 мың 500 тонна сүт жинау көзделіп отыр, – деген аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов өзге салалардағы жетістіктерге, ауданға келіп жатқан инвестицияларға, жүргізіліп жатқан құрылыстарға да жеке-жеке тоқталды.

Есепті жиында алтайлықтарға өңірдің әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері жайында әңгімелеген облыс басшысы негізгі көрсеткіштердің барлығында да оң динамикалық өсім қалыптасып отырғанын айта келе, облыстың медицина саласы соңғы жылдары мүлдем жаңа деңгейге көтерілгенін және бұл жұмыстар алда жалғасын табатынын жеткізді.

– Облыстың денсаулық саласында бұрын-соңды болмаған тың жобалар қолға алынды, біздің мақсатымыз – халықаралық стандарттарға мүмкіндігінше жақындау. Мәселен, Семей қаласындағы жедел жәрдем ауруханасындағы гибридті ота залының еліміз бойынша баламасы жоқ. Аягөз қаласындағы жаңа инсульттік орталықта Үржар мен Тарбағатай аудандарынан науқастар келіп қаралады. Біздің облыстағы денсаулық мекемелеріне іргелес мемлекеттердің азаматтары да келіп қаралып, емделіп жүргені көрсетілетін қызметтің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Алда Алтай қаласында кардиоорталық ашу жоспары бар, – деді Даниал Ахметов.

Облыс  әкімінің айтуынша, алдағы бір жарым жылдың ішінде облыстың шекаралық  бес ауданындағы және төрт ірі елді мекеніндегі перзентханалар екінші дәрежелі қызмет көрсету санатына өтпек.

Кездесу барысында алтайлықтар аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің есепті кезеңде атқарған жұмысын оң бағалап, аудандағы әлеуметтік жобаларын ары қарай да қарқынды жалғастыра берсе деген тілектерін жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button