Көп сұраққа нақты жауап алды

Өскеменде «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» жалпыреспубликалық іс-шарасы аясында облыс әкімі Даниал Ахметов өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілетуге байланысты ұйымдастырылған іс-шара барысында облыстың бірқатар аудан, қалаларынан келген тұрғындар жеке мәселелеріне қатысты тұшымды жауап алды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимаратында ұйымдастырылған қабылдауға аудан, қалалардан барлығы 31 адам келді.
Түскен сауалдардың басым бөлігі денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, жол құрылысы және баспанамен қамту мәселелерін қамтыды. Әсіресе Өскемен, Семей қалаларынан келген тұрғындар аймақ басшысына тұрғын үй кезегін ілгерілету, жалдамалы пәтер беру жайындағы өтініштерін жеткізді.
– Көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамту мәселесі бүгінгі таңда өте өзекті. Біз барлығын заңнамаға сәйкес арнайы жұмыс тобының шешімімен шешетін боламыз. Әрине, бұл санаттағы азаматтар баспанамен ең бірінші кезекте қамтылады. Бірақ барлығы заңға сәйкес жүргізіледі, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Өскемен және Семей қалалары әкімдіктеріне жаңадан салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарын қайта зерделеп, келесі жылдың соңына дейін неше пәтердің дайын болатыны жөнінде ақпарат дайындауды тапсырған аймақ басшысы алдағы жылдары облыстағы тұрғын үй құрылысының екі есеге артатынын хабарлады.
Сонымен қатар аймақ басшысы Семей қаласының тұрғыны Назгүл Чакенованың мемлекеттен есту қабілеті нашар азаматтарға берілетін тегін құрылғының сапасына қатысты сұрақтың маңыздылығына тоқталып өтті. Арызданушының айтуынша, он жасар баласына өзінің диагнозы бойынша арнайы заманауи 16 каналды есту аппараты қажет. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысына бұл жайды зерттеу жүктелді.
– Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың денсаулығы әрдайым алдыңғы кезекте тұруы тиіс. Жалпы, 2019 жылы күтімді қажет ететін 200 азамат есту аппараттарымен қамтылды. Сондай-ақ баланың диагнозын ескере отырып, қажетті аппаратты сатып алуымыз қажет. Есту қабілеті әртүрлі болғандықтан, бір балаға бағасы 800 мың теңге, енді бір балаға бағасы 80 мың теңге тұратын аппарат сатып алу керек шығар? Сол себепті аппараттарды алмас бұрын осындай науқаспен тіркелген бүлдіршіндердің барлығының денсаулығын қайта зерттеңіздер, – деген Даниал Ахметов облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына нақты тапсырма жүктеді.
21-ші ықшам ауданға тартылатын су және электр желілері жайын қозғаған Жанаргүл Жарасқанова бүгінгі таңда аталмыш аудандағы құрылысы аяқталған жеке тұрғын үйіне кіре алмай отырғанын хабарлады.
– Қаланың Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында отбасымызбен пәтер жалдап тұрудамыз, – деді ол. – 21-ші тұрғын ауданда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізіп, жұмыстарды аяқтағанмен, үйімізге кіре алмай отырмыз. Себеп – тұрғын ауданға электр және су құбырлары желілерінің тартылмауы. Осы мәселе қашан шешімін табар екен?
Бүгінде аталмыш ауданға тартылатын электр және су құбырлары желілерінің жобалық-сметалық құжаттамаларының дайын болғанын алға тартқан аймақ басшысы 2020 жылдың қыркүйек айына дейін тұрғын ауданның толықтай жарықпен және сумен қамтылатынын атап көрсетті.
Сондай-ақ облыс орталығындағы Есенберлин көшесіндегі 23 үйдің тұрғынының айтуынша, мердігер мекеме «ВКтехногрупп» тоғыз үйдің қабырғаларын әлі күнге дейін қаптамаған. Соның салдарынан пәтер ішіне жаңбырлы күні су кіріп, қыс бойы аяз қарып келеді. Аймақ басшысы мердігер компания мен облыстық құрылыс басқармасы басшысына тез арада жөндеу жүргізіп, тоғыз үйдің сыртын қаптауды тапсырды. Бұдан бөлек, бірқатар автобус бағыттарының жүру жиілігі мен жаяу жүргіншілер жолдарының сапасына қатысты сауалдар қойылды.
Сонымен қатар бұл күні облыстың барлық аудан, қалаларының басшылары да қабылдау өткізіп, жұртшылық сұрақтарына жауап берді.
Азамат Темірбеков