Қоғам

Көпқабатты үйлердің құрылысына көңіл толмайды

Өскемендегі 19-шы тұрғын ауданда жаңадан салынып жатқан көпқабатты баспаналардың салыну қарқынына көңіл толмайды. Әсіресе Ілияс Есенберлин даңғылына қарасты 113/1 және 113/8 позициялардағы жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс көпқабатты үйлердің құрылысы тым баяу жүріп жатыр. Биылды қойып, келер жылы да аяқталарына күмән басым.

Кеше облыс орталығындағы бірқатар құрылыс нысанын және әлеуметтік мекемелерді аралап көрген аймақ басшысы Даниал Ахметов жауапты шаруаны сылбыр атқарып жатқан мердігер компания мен оған тиісті қадағалауды ақсатқан қала басшылығының жұмысын сынға алды.

Бас мердігер мекеме – «Еуразия интеграциялық сауда компаниясы» ЖШС мұндағы сегіз көпқабатты үйдің құрылысын 2018 жылдың қаңтарында бастап, ағымдағы жылдың желтоқсанында тапсыруы тиіс болатын. Алайда қазіргі уақытта есік, терезені қойып, қабырғаларының өзі толық қаланып бітпеген.

– Бұған дейін де бірнеше рет осы нысанда болғанмын. Әлі сол қалпынан жылжу жоқ. Бұл жердегі жұмысқа мүлде көңіл толмайды. Тек қала басшылығының және мердігердің сылбыр жұмысын көріп тұрмын. Уәдемен ғана жарылқап келесіздер. Бұлай болмайды, нысан бұлай созыла берсе, тиісті адамдар басымен жауап беретін болады, бұл қаланың әкіміне де қатысты. Жарты айдан соң тағы келіп тексеремін, егер жағдай оңалмаса, келер жылғы қаңтарда үйлер бітпесе, менің тарапымнан нақты шешім қабылданатын болады, – деген облыс әкімі нысанды уақтылы тапсыру үшін мұнда кем дегенде мыңнан аса жұмысшы қажет болатындығын атады.

Аймақ басшысы құрылыс басында болған тағы бір көпқабатты үй де осы мердігерге тиесілі болып шықты. Мұндағы жағдай тіптен сорақы.

– Бұл жерде үлкен жұмыс көлемі тұр, ал адам аз, жұмыс жоқ. Шаруа дұрыс ұйымдастырылмаған. Кем дегенде 250 адам керек. Мердігер де, қала басшысы да жастар екен. Олай болса, білімдеріңді, қабілеттеріңді көрсетіңдер, келесі айда келіп тексеретін боламын, – деді әкім.

Ал 19-шы тұрғын аудандағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатқан 240 орындық балабақшаның құрылысына облыс әкімі жоғары баға берді. Учаске бастығы Санжар Бокиннің айтуынша, мердігер биыл сәуірде басталған құрылыс жыл соңына дейін бітеді деп жоспарлануда.

– Құрылыстың бәрі осындай болу керек. Кәсіпкер өз қаржысына біз бөлген жерге тамаша балабақшаны салып жатыр. Тағы осындай төрт балабақша салуға ниетті, – деген Даниал Ахметов алдыңғы көпқабатты үйдің құрылысына жауапты мердігерге осылардан үлгі алу керектігін жеткізді.

Келесі ретте өңір басшысы Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежіне қосымша халықаралық стандарттарға сай салынып жатқан спорттық ғимараттың құрылысымен де танысты. Спорттық залда жүз метрге жүгіру, кедергілер арқылы жүгіру орындары, басқа да спорттық алаңдар салынады. Бұл нысан іске қосылғанда еліміздің жеңіл атлетика құрамасының жаттығу базасына да айналатын болады. Облыс әкімі оң бағалаған аталмыш нысан да биыл аяқталып, іске қосылмақ.

Өңір басшысы Даниал Ахметов бұдан кейін Өскемендегі сәулемен емдеу орталығы – облыстық онкология және хирургия орталығында болды. Жаңадан құрылған медициналық бірегей орталықтың жұмысымен таныстырған бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина мұнда онкология саласындағы бұрын-соңды қол жетпеген диагностикалау мен емдеудің барлық мүмкіндігі болатынын атады.

Облыс орталығында орналасқан Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің заманауи базасын аралап көрген облыс әкімі мұндағы түрлі шеберханалардың жұмысымен танысты. Білім ордасын «KAZ Minerals» компаниясы 300 млн. теңгенің жабдықтарымен жабдықтаған. Оған қосымша облыстық бюджеттен тағы 100 млн. теңге қаржы қарастырылған. Алдағы уақытта 19-шы тұрғын ауданда жеке жатақханасын салу да жоспарланған.

Колледждегі жұмыстарды оң бағалаған облыс әкімі жатақхананы қаланың сыртынан емес, керісінше спорттық орталықтардың барлығы жақын орналасқан осы колледждің жанынан салуды, оған қажетті жер телімін осы ауданнан қарастыруды тапсырды.

Осы айдарда

Back to top button