Қоғам

Күнделікті мониторинг жүргізіледі

   Азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына  жол бермеу мақсатында  қаланың  сауда орындарына  күнделікті мониторинг жүргізіліп, кәсіпкерлермен үгіт-насихат жұмыстары күшейтілуде.

  Кәсіпкерлік бөлім басшысының міндетін атқарушы Данияр Шәкәрімовтің айтуынша, қала тұрғындары қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қажетті көлемімен 107,3% қамтамасыз етілген.

Дегенмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері біраз пайызға  қымбаттаған. Мысалы, бірінші сұрыпты ұн бағасы  4% – ға қымбаттаса, қарақұмық жармасының бағасы  5,7% – ға өсті.  Тауық еті орташа 3% – ға көтерілген. Пастерленген сүтке баға 2,3%  қымбаттады.  Сондай-ақ сары май мен сүзбе бағасы көтерілді.  Бұл ретте  сәбіз орта есеппен 5,3% – ға, пияз 5,7% – ға және қант 1% – ға арзандағанын да айта кеткен жөн.    Ал нан бағасы бұрынғыдай.

– Біз күнделікті  баға мониторингін жүргізіп отырмыз. Сауда орындарында нанның бағасы 65-85 теңгеден сатылуда. Қалада жұмыс істейтін шағын наубайхана бар, әзірге  олар қорларындағы ұнды пайдаланып отыр. Нанның орташа көтерме бағасы 70 теңгеге жетті. Дүкендерде бұл нан бес теңге ғана  үстемемен сатылады. «Семнан» компаниясы өз нанын 85 теңгеден сатуда.  Бірнеше апта бұрын ұнның килограмы 90 теңге болатын, ал қазір ол 100 теңгеге жетті. Біз нан пісірумен айналысатын кәсіпкерлермен келіссөздер жүргіздік. Олар нан бағасы өспейді деп сендіріп отыр.  Әлеуметтік нанның ең жоғарғы құны 85 теңгеден аспайды,-дейді бөлім басшысы.          Айта кету керек, биыл да Семейде тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын болады. Қазір қоймада үш мың тоннадан астам көкөніс өнімдері бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Бірақ оның өзіндік себептері бар.

– Өткен жылы көкөніс өнімдерінің көп мөлшері өтпей қалып, біразы бұзылды. Биыл соны ескеріп, көкөніс көлемін үш мың тоннадан асырмадық. Атап айтқанда, бір жарым мың тоннаға дейін картоп, жарты тонна қырыққабат, төрт жүз тонна сәбіз және жүз тоннаға жуық пияз дайындалды. Баға әзірге тұрақты. Өткен жылы олар нарықтағыдан жоғары болып, соның салдарынан көкөністерге сұраныс болмады. Биыл нарықтағы  бағадан төмен болады деп болжаймыз,-дейді Данияр Шәкәрімов.

Былтыр тұрақтандыру қоры өнімдерінің бағасы ғана емес, сапасы да халықтың көңілінен шықпады. Бөлім басшысының айтуынша, көкөністер дұрыс сақталмағандықтан осындай жағдайлар орын алған. Биыл қорға тек сұрыпталған өнімдер алынды. Олар қарашаның басында саудаға шығатын болады. Естеріңізге сала кетейік, тұрақтандыру қорының өнімдері арнайы павильондар мен сауда нүктелерінде сатылады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button