ТОП

Әкімнің сыйлығын алды

Биыл медицина, полиция қызметкерлері кәсіби мерекелерін жаһанды жайлаған індетпен күресіп өткізді. Әрине, еңбектеріне лайық халықтың алғысын, басшылықтың марапатын уақытында алды. Бұл майданда жоғарыда аты аталған мамандық иелері секілді журналистер қауымы да алдыңғы шептен көрінді. Алаңкөңіл ағайынға қажетті ақпаратты жедел әрі анық жеткізуге тырысып, шапқылап жүрген әріптестеріміздің жанкештілігіне көзіқарақты оқырман да интернет, газет, теледидар арқылы куә болып отырған болса керек.

Жуықта бұқаралық ақпарат құралдары күні аталып өтті. Иә, түсіндіретін несі бар, тойланған жоқ. Дегенмен, жыл сайынғы дағдымен Шығыстағы қалам ұстаған әріптестеріміздің біразына облыс әкімінің жүлдесі табысталды. Олардың қатарында «Дидар» газетінің тілшісі, әріптесіміз Лаура Тілеубайқызы мен газеттің бұрынғы бас редакторы, ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымовтың да бар екенін алдымен айта кеткенді жөн санап отырмыз.

Қаламгер қауымды облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат марапаттады.

– Сіздер төтенше жағдай туындаған осынау қиын-қыстау уақытта полиция, дәрігерлеріміз секілді алдыңғы шептен көріндіңіздер. Өңірдегі медианың дамуына үлес қосып, халықты маңызды ақпаратпен қамтамасыз етуде еш аянып қалмадыңыздар. Тығырыққа тірелген жұртшылық сіздер ұсынған жаңалықтардың арқасында көп нәрсені біліп, шынайы ақпаратқа қол жеткізді. Биыл әлемді жайлаған індетке байланысты өздеріңізді марапаттау рәсімі де қатаң карантин режимінде өтіп жатыр. Міне, қазір де санитария талабын сақтап, нендей іске болса да сақадай сай екендіктеріңізді көрсетіп тұрсыздар. Соңына дейін алған беттеріңізден танбаңыздар. Сүйіншілі жаңалықтың ауылы алыстамасын, – деді құттықтау сөз сөйлеген Әлішер Мархабат.

Сонымен, нақтылай кетсек, Айтмұхамбет Қасымов «Рухани жаңғыру» аталымы бойынша облыс әкімінің сыйлығына ие болды. Сонымен қатар қаламгерге, 70 жылдық мерейтойына орай, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен аймақ басшысы Даниал Ахметовтің құттықтау хаты тапсырылды.

Ал әлеумет, тұтынушы құқығы сынды халыққа ең жақын тақырыптарда қалам тербеп жүрген әріптесіміз Лаура Тілеубайқызы «Адал ұрпақ» аталымын жеңіп алды. «Дидар» газетінде 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан әріптесіміздің көтерген мәселелері ұдайы шешімін табатынын да айта кеткіміз келеді. Мәселен, оның кейінгі жазғандарының бірі «Коллекторлар қорғансыз ананы неге қорқытты?» атты мақаласы, аты айтып тұрғандай, жалғызбасты ананың бастан кешіп жатқан қиыншылығына арналады. Мақала тиісті орындардың назарына ілігіп, жалғызбасты ана бүгінде тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұрып, тиісті әлеуметтік қолдау ақысына қол жеткізген. Сонымен қатар негізсіз қоқан-лоққы көрсеткен коллекторлардан полиция қызметкерлері теңдік алып берген.

Міне, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен осындай жинақы марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара аяғында ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов ізбасарларына ақ батасын берді.

Тасқын Болатұлы

 

Осы айдарда

Back to top button