ТОП

Көмірді осы бастан ала беру керек

Өңірімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді қысқа дайындау жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Кейбір жылу қазандықтары жылыту маусымына жартылай дайын, жөндеу жұмыстары кесте бойынша жалғасуда. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңесте айтылды.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда облыстың жылу-энергия орталықтары мен жылу көздерінде 313 мың тонна көмір жиналған. Бұл – пайдалану қорының (203 мың тонна) 154%-ы. Тұрғындар үшін көмір қажеттілігі – 11 миллион 236 мың тонна. Қазіргі кезге дейін 3 миллион 572 мың тонна көмір жеткізілген.

Облыс әкімі Даниал Ахметов барлық қалалар мен аудандардың әкімдеріне халықпен тығыз жұмыс істеуді тапсырды.

– Күзде дүрлікпеу үшін көмірді ертерек сатып алу қажеттігін тұрғындарға түсіндіру керек, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Көпқабатты тұрғын үйлер жылыту маусымына 40% әзір (4846 үйдің 1921-і). Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала нысандарына келетін болсақ, оларда қажетті отынның шамамен 60 пайызы бар. Осы орайда аймақ басшысы 1 қыркүйекке дейін көмір қоры жүз пайыз дайын болуы қажеттігін ескертті.

Әлеуметтік мазуттың қажеттілігі 5,3 мың тонна көлемінде. Оны қазаннан бастап жеткізе бастайды. Жылумен жабдықтау желілерінің дайындығы – 66% (1430 км-дің 951 км-і дайын), сумен жабдықтау желілерінің дайындығы – 70% (6752 км-дің 4733 км-і).

Кеңейтілген аппараттық кеңесте талқыланған тағы бір мәселе –жол құрылысы. Биыл облыста 1600 шақырымнан астам жол жөнделмек. Өскемен, Семей қалаларының айналма жолдары және Октябрьский арқылы Катонқарағай ауданына баратын жол аймақ басшысының тікелей бақылауында. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды мәселенің бірі – екі ірі май өңдеу кәсіпорнын салу. Семейде салынып жатқан зауыт күніне бір мың тонна күнбағыс өңдейтін болады. Осыған сәйкес, сала басшыларына егіс алқаптарының құрылымын өзгерту тапсырылды. Сондай-ақ сүт өнеркәсібінен түсетін пайданы екі есе – 22 миллиард теңгеден 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде бағдарлама жасау жүктелді.

Аймақ басшысы Семей, Курчатов қалалары және Бесқарағай ауданы әкімдерінің қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді жиында. Семей қаласына жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді, алайда бюджет игерілмейді. Атқарылмай жатқан жұмыстарды пандемияға жаба салуға болмайды. Тамыз айында аймақ басшысы әрбір әкімді жеке-жеке тыңдап, тиісті қорытынды жасайтынын ескертті.

Сондай-ақ Даниал Ахметов барлық әкімдерге денсаулық сақтау нысандарын қолданысқа беруді қатаң назарда ұстауды тапсырды. Қала-аудан әкімдері індетпен күресіп жүрген тиісті сала басшысына көмектесіп, медицина нысандарын жеке бақылауда ұстауы тиіс. Бұл мәселе әсіресе Өскемен, Жарма және Ұлан аудандарына қатысты.

Жалпы, бірінші жартыжылдағы көрсеткіштер жаман емес, бірақ аталмыш бағыттар бойынша белсенділікті арттыру қажет.

Ержан Әбіш

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button