Қоғам

Көкпектідегі жағдайды көзбен көріп қайттық

Жуықта әлеуметтік желіде Көкпекті аудандық ауруханасын сынға алған видео жарияланды. Өзін Анар Ибраимова деп таныстырған адам аталмыш ауруханада қызмет істейтін әпкесі қатты науқастанып жатқанын айтады. «Ауруханада қажетті құрал-жабдық жоқ, ал қызметкерлері еңбекақысын ала алмай отыр», – дейді ол. Осы жағдайға байланысты біз Көкпекті ауданына барып, аурухананың ресми өкілдерімен тілдестік.

Бас дәрігер Әсем Рахимбаеваның айтуынша, мекемеде құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек толық жеткілікті. Жұмысшыларына қатысты ешқандай қиындық болған емес.

– Ауруханамызда 3 шілдеде жұқпалы аурулар бөлімі ресми түрде ашылды. Бұл бөлім 60 адамға шақталған. Қазір мұнда өкпені жасанды жолмен желдететін бес аппарат пен 11 оттегі концентраторы іске қосылған. Денсаулық сақтау министрілігінің стандарты бойынша, өкпені желдететін бір аппараттың өзі 30 төсекке жетеді. Сондықтан біз бекітілген стандарттан бірнеше есе артық қамтамасыз етіп отырмыз. Бізге алдағы уақытта тағы да бес оттегі концентраторы жеткізіледі, – деді Әсем Рахимбаева.

Бас дәрігердің айтуынша, шағым иесінің әпкесі коронавирус жұқтырмаған.

– Біздегі медицина қызметкерлерінің арасында екі адамда вирус расталған болатын. Соның бірі – өзім. Жуықта емделіп шықтым. Ал екінші адам фильтр бөлмесінде істейтін мейірбике Айнұр Сыздықова, – деді Әсем Рахимбаева.

– Менде коронавирус анықталды, алайда ешқандай белгі болған емес. Ыстығым көтерілмеді, науқастанып жатып та қалмадым. Дегенмен 14 күн оқшауландым. Енді дүйсенбі, 20 шілдеден бастап жұмысқа кірісемін, – деді Айнұр Сыздықованың өзі де.

Бізге шағым иесі Анар Ибраимованың осы аураханада істейтін әпкесімен де тілдесудің мүмкіндігі туды. Ол сіңілісімен бұған дейін жұмысына қатысты сөйлеспегенін, оның талай жылдан бері ауылда тұрмайтынын жеткізді.

– Менде созылмалы бронхит бар. Соған қатысты ем қабылдап, сақтық ретінде оқшауландым. Ал тапсырған тестім коронавирус жұқтырмағанымды көрсетті. Сондықтан әлеуметтік желідегі видеода айтылған сөздің ешқандай шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді. Жұмысыма келер болсақ, бас дәрігермен арамызда түсініспеушілік мүлде болған емес. Ол кісімен басшы мен жұмысшы ретінде сөйлесеміз. Ара-тұра қалжыңдасып та қоямыз. Бар-жоғы осы. Еңбекақым да уақытында беріліп тұр, – деді жансақтау бөлімінде мейірбике болып жұмыс істейтін Жанна Ибраимова.

Айта кетейік, кейінгі уақытта дәрігерлерге еңбекақы төленбейтіні, ауруханаларда құрал-жабдықтардың жетіспей жатқаны туралы әртүрлі ақпарат әлеуметтік желіде таралып жүр. Көбісі жергілікті билік пен дәрігерлердің ісіне күмәнмен қарайтынын жазады. Мұндай ақпарат ел ішінде одан сайын үрей туғызып отырғанын жасыра алмаймыз. Көкпекті ауданына қатысты болған осы жағдай да жалған ақпараттың көп екенін көрсеткендей. Қорыта келе әрбір ақпараттың анық-қанығын білмей жатып бекер даурығуға болмайтынын айтуға болады. Себебі дәл қазір, індет жайлаған қарбалас уақытта елге бірлік қана керек.

Тасқын Болатұлы

 

Осы айдарда

Back to top button