Қоғам

Көк байрағымызды кеңінен қолдануымыз қажет

Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау керектігін айтқан болатын. «Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет» деген Президент Мемлекеттік рәміздерді, атап айтқанда, Туды кеңінен қолдануға үндеген еді.

Мемлекет басшысының көк байрағымызды кеңінен пайдалану қажеттілігі туралы бастамасын Өскемен қаласының қоғам белсенділері де қызу қолдап отыр.

– Біз бұл бастаманы көп күттік, Мемлекеттік туға деген сүйіспеншілік, құрмет пен мақтаныш сезімін ояту керек. Еуропа, АҚШ және басқа да елдердің халқы өз рәміздеріне қалай құрметпен қарайды, біз мұны үйренуіміз керек. Көк байрағымыз бізге сенім мен жеңіс сыйлайды, – дейді осы ретте Өскемен қаласы жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы.

Іскер әйелдер өңірлік кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова да туды мемлекеттік мекемелерден тыс жерлерде кеңінен қолдану идеясын қолдайды. Оның ойынша, азаматтар арасында рәміздерді пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет.

Облыс орталығындағы Мемлекеттік рәміздердің қолданысы туралы айтар болсақ, 2007 жылғы 4 маусымдағы «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңның 12-ші бабына сай олардың пайдаланылуын жергілікті атқарушы орган бақылайды. Соңғы екі жылда аталмыш заң талаптарының сақталуын тексеру кезінде Өскемендегі мемлекеттік ұйымдар тарапынан 11 бұзушылық анықталып, олар бойынша лауазымды тұлғаларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 418-ші бабы бойынша хаттамалар толтырылған.

Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қаладағы мекемелер мен ұйымдарда «Мен өз туымды жақсы көремін!» іс-шарасы ұйымдастырылып, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та заң бұзудың салдары туралы бейнероликтер жарияланды. Сондай-ақ жыл басынан Мемлекеттік рәміздерді пайдалану бойынша бұзушылықтарды болдырмау мақсатында ұйымдар арасында 20-дан астам мониторинг, мемлекеттік органдар өкілдері қатысқан бес түсіндіру кездесуі өткен. Ал насихат жұмыстары негізінен жас ұрпаққа бағдарланған, жастар арасында алуан түрлі акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

– Азаматтар арасында Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Жыл сайын Өскеменде Мемлекеттік рәміздер күні кеңінен аталып өтіледі. Былтыр аталмыш мерекеге орай 10 мыңнан астам адамды қамтыған 170 іс-шара өтті. Ал осы жылы пандемияға байланысты жоспарланған шараларды онлайн форматта ұйымдастыруға тура келді, десек те бұдан олардың тиімділігі төмендеген емес. Сондай-ақ облыс орталығының негізгі көшелерінде, көпқабатты үйлердің балкондарында, шам бағандарында Мемлекеттік рәміздер атрибуттары орнатылған. Бұл жұмыс жалғасуда әрі тұрақты бақылауда, – дейді  қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринад Ахметжанов.

Осы орайда Өскеменнің іргесіндегі Қазақстан тауында орналасқан көлемі 12 де 24 метрлік тудың стандарттарға сәйкес келетінін атап өткен жөн. Ол тығыз синтетикалық матадан тігілген. Байрақ жылына алты рет ауыстырылады. Жалаудың матасы оңып, тозып, жыртыла бастаса, бірден жаңасына алмастырылады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button