Жылыстың пысық келіні

Осынау ашық та ақпейіл, өр мінез, өткір тілді көпшіл әжейді он мыңға тарта халқы бар аудан орталығының тұрғындары тегіс біледі десек, бұл өсіріп айтылған сөз болмайды. Өйткені, жаратылысынан белсенді, ел қамы үшін қашанда жаны ауырып, қам жеп жүретін әжеміздің реті келіп тұрған сөзден тартынбайтын әдеті көпшілікке жақсы таныс.
Тыл ардагері, еңбек озаты, дүниеге он бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» иегері, Күршім ауданының Құрметті азаматы Қанипа Жылысова өткен ақпан айында сексен бес жасқа толды. Осы балаларынан 28 немере, 40 шөбере сүйіп отырған ардақты ана өзін бақытты жанмын деп санайды. Мұнысы, әрине, ешкім күмән келтіре алмайтын даусыз ақиқат.
– Мен өзім Балықшыдағы Ақсуаттың тумасымын, – деп бастады сөзін Қанипа Нұрғазықызы. – Сол ауылда шаруа отбасында өстім. Қазіргі балаларға айтсаң, ертегі сияқты болып естіледі. Біз не көрмедік, ол кезде сәл өсіп, кәдеге жараған балада ойын ойнап, еркін ұйықтау деген жоқ, заман қиын, жан сақтау керек. Сөйтіп, небәрі тоғыз жасымда шешеммен бірге шабақ тұздап, балық қатыратын тоңазытқышта жұмыс істедім. Ол кезде «Балықшы» колхозы қазіргі Алғабас ауылының маңындағы «Байшолақ» деген жерге егін салады, күз келе егін орған ата-анамызға көмектесіп, бел жазбай жұмыс істейміз. Сөйтіп жүріп, бойжеттік.
1955 жылы он сегізге толған Қанипа «Тойбазар» деген қыстақта отырған Жылысовтардың үйіне келін болып түседі. Құдай қосқан қосағы Қайролла Жылысұлы шешесімен бірге колхоздың сиырын бағады екен. Жастайдан еңбек етіп, пісіп-қатқан Қанипа келе сала шаруаға білек сыбана кіріседі. Көп ұзамай қандай жұмыстан болсын бас тартпайтын ширақ келіншектің «Жылыстың пысық келіні» деген аты шығады.
«Күршім» совхозы құрылып, шаруашылықтың іргесі кеңейе бастаған тұста Жылысовтар өз алдарына бір отар қой алып, мал бағуға кіріседі. Осыдан бастап Совет фермасының әйгілі озат шопаны Қайролла Жылысовтың даңқы аудан, облыс көлемінде шыға бастаған екен. Оның бұл жетістігінде, әрине, адал жары, еңбекқор серігі Қанипаның еңбегінің зор болғаны даусыз.
– Сол кездегі өте жауапты науқан – қойды қыста төлдету болып табылатын, – деп еске алады әжей. – Біз қатарынан 12 жыл қыста төлдетіп, әр жүз саулықтан 130, 140, 147 қозыдан алып, айтырлықтай табысқа қол жеткіздік.
Ұйқы-күлкі көрмей, маңдай терді аямай төгіп еткен еңбек ескерусіз қалған жоқ. Жылысовтардың отбасылық бригадасы сол заманның айтулы марапаты – орден, медальдармен марапатталды, ақшалай-заттай сыйлықтардың алуан түрін иеленді. Қайролла Жылысұлының кеудесінде «Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері, оннан астам медаль жарқыраса, оның сенімді серігі, тиянақты тірегі Қанипа Нұрғазықызының омырауында «Еңбек Қызыл Ту» ордені, бес-алты медаль сыңғырлады. Ел-жұрты сенім артқан қос жүйрік халықтың үмітін арқалаған депутат болып, жұрт тапсырған алуан аманаттың орындалуына айтарлықтай үлес қосты.
– Мен аудандық кеңеске сайландым, – дейді Қанипа әжей, – ағаң облыстық кеңестің депутаты болып, қаншама келелі жиындарға қатысып жүрді.
Бүгінде игілікке кенеліп отырған бақытты әжеміздің айтуына жүгінер болсақ, бұл кісінің де көрмеген бейнеті жоқ екен. Көзін ашқалы атқарғаны ауыр еңбек, ал шопандықтың қаншалықты қиямет мамандық екенін бәріміз де жақсы білеміз. Оның үстіне көпбалалы анаға түсетін салмақ жүгінің әлденеше есе артатыны да түсінікті. Қанипа апамыздың өзі бес рет операцияға түсіп, құдай жар болғанда бәрінен де аман-есен өтіпті. Солай екен деп жанын саялап жатқан әжей жоқ, қашан көрсең қолына кетпенін алып, үй жанындағы шағын бақшалығында қыбырлап жүргенін көресің.
– Мен өте тынымсыз адаммын, – деп күледі ол. – Өмірі қол қусырып отырғанды білмеймін. Жоқ дегенде, қызанақ, қияр, сарымсақ өсіріп, соларды суарып, баптаумен жүремін. Қимылдың пайдалы екеніне көзім әбден жеткен. Сондықтан шамам барда түртінектеп, бірдеңе істеп жүргенді жөн санаймын.
Қайролла әкеміз 2002 жылы науқастан дүние салды, содан бері Қанипа апамыз бала-шағаға өзі бас-көз болып, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағының қамын ойлаумен тынымсыз тірлік кешуде. Сексен бес жасқа толса да әжей «қартайдым, қажыдым» деп сарыуайымға салынудан аулақ, оның алдағы уақытқа құрып отырған жоба-жоспарлары да жетерлік. Ардақты анамызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілей келе, біз оның сол жобаларының түгелдей орындалуына шын жүректен тілектестік білдірдік.
Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.