ТОП

Жыл соңына дейін жылу тарифі көтерілмейді

Азамат Темірбеков

«Өскемен жылу жүйелері» кәсіпорны жыл соңына дейін жылуға төленетін тарифтер бағасын көтермейді. Бұл туралы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыс жайында тұтынушылар алдында ақпарат берген компания басшылығы хабарлады.

«Өскемен қаласының жылу жүйелерін қайта жаңғырту» инвестициялық жобасын жүзеге асыру үшін биыл кәсіпорынға Еуропалық қайта құру және даму банкі 3,2 млрд теңге  инвестициялық қаржы бөлсе, республикалық және облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Бұған қоса компания бір миллиардтан астам теңге өз қаражатын да осы іске бағыттады. Компания басшылығының хабарлауынша, қазіргі уақытта барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Биылғы бірінші жартыжылдықта облыс орталығын 1181 мың гигакалория жылу энергиясымен қамтамасыз еткен кәсіпорын жыл басынан бері қайта жөнделген және жаңадан салынған 141 нысанға техникалық құжаттамалар беріп үлгерген. Сондай-ақ осы уақыт аралығында жүйеге сағатына 3,8 гигакалория жылу тұтынатын 32 жаңа нысан қосылды.

Жалпы биыл компанияның дербес қызмет көрсететін орталығына 11 мыңнан астам арыз-өтініш түссе, Call-орталық 200 мыңнан астам телефон қоңырауын қабылдаған. Жылдың екінші жартысында кәсіпорын инвестициялық бағдарлама мен жөндеу жұмыстары кестесіне сәйкес жұмыстар жүргізбек. Сонымен қатар тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсартып, көпшіліктің компания қызметі туралы ақпаратқа деген қолжетімділігін арттыру мақсатында WhatsApp және Telegram-бот каналдарын жақсартпақ. Бұдан бөлек, Жаңа Согра ауданының Өскемен көшесі, 14а мекенжайында клиенттерге тұрақты қызмет көрсету нүктесін ашу да жоспарланған.

 

Осы айдарда

Back to top button