Қоғам

Жыл басынан бері үш мыңнан аса шара ұйымдастырылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған негізгі іс-шаралар жөнінде облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов арнайы өткен брифинг барысында  айтып берді.

Осы мақсатта жыл басында тиісті жоспарлар бекітілген және оның жүзеге асырылуын аймақ басшысы Даниал Ахметов бастаған өңірлік штаб үйлестіріп келеді. Жоспардағы басты идеология – Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктерді, Елбасының тарихи тұлғасын көрсету, елдегі әлеуметтік жобаларды іске асыру және шығармашылық бастамаларды қолдау.

Айтар болсақ, облыста жыл басынан бері үш мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыстық жоспар аясында Nur Otan партиясымен бірлесіп, түрлі бағытта 104 іс-шара жүзеге асқан. Оның ішінде екеуі халықаралық, 66-сы республикалық ауқымдағы шара.

Брифинг барысында Азамат Мұхамедчинов ең ірі жобаларға тоқталды.

– Өскеменде «Жастар шығармашылығы – Қазақстанның инновациялық дамуына» атты халықаралық ғылыми-техникалық конференция өтсе, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Қазақстандағы АҚШ елшілігі өкілдерінің қатысуымен ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша кездесу өтті. Жыл көлемінде Қазақстан халқы Ассамблеясы желісі бойынша этносаралық келісімді сақтау және қазақстандық бірегейлікті нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде өңірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі комиссия құрылды. Соның аясында 10 бағыт бойынша жұмыс топтары іске кірісті. Қазіргі уақытта мамандар облыстың мемлекеттік мұрағатының және арнайы мұрағаттардың 26 қорын зерделеуде, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстанда ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын іздеу бойынша бірегей электронды база әзірленген. Бұл өтініш берушілердің қуғын-сүргінге ұшыраған туысқандары туралы мәліметтер жинауды автоматтандыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 1017 адамға арналған сауалнамалар енгізіліп, 59 қор бойынша 4,5 мыңнан астам сақтау бірлігі қаралды.

Бұларға қоса қазақтың біртуар ақыны, жырау, айтыскер Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай “Жамбыл Жабаев мұрасы және қазақ руханияты” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция Шығыста өтті. Конференция қорытындысы бойынша ақын мұрасын патриоттық тәрбие беруде пайдалану, ұлттық құндылықтарды сақтау және насихаттау бойынша ұсынымдар әзірленді.

– Барлық іс-шараға өңір жастары белсенді қатысуда. Олар ғылыми және шығармашылық жобаларды жүзеге асырады, волонтерлік және қайырымдылық жұмыстармен айналысады, экологиялық акциялар өткізеді, қалалар мен ауылдарды абаттандыру мен көгалдандыруға қатысады. Қашықтық форматында “Jastar Time” облыстық ІТ-хакатон, “Смарт Сарбаз” компьютерлік таланттар чемпионаты, “СтартПрофи – Shygys” кәсіби бағдар беру кездесулері, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша онлайн бос орындар жәрмеңкелері, “Киелі табиғат” экологиялық акциясы ұйымдастырылды, – деді Азамат Мұхамедчинов.

Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, облыстың түрлі жастағы тұрғындары “Мен үшін Тәуелсіздік деген не?” атты республикалық арнайы жобаға қатысып, әлеуметтік желілерде 56 пост жариялған.

Жастар үшін “Болашақ” бағдарламасының түлектерімен, “Тәуелсіздік тұлғалары” облыстық жобасы аясында “100 жаңа есім” жобасының жеңімпаздарымен кездесулер өткізілген.

Бұларға қоса шығысқазақстандық отбасылар “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына белсене қатысып, 232 отбасы өз жетістіктерін көрсетті. Оның ішінде еңбек династиялары, интернационалдық, көпбалалы отбасылар, шығармашылық жанұялар, меценаттар мен еріктілер бар.

Сондай-ақ брифингте “Игі істер марафоны” ұлттық жобасы аясында екі мыңнан астам әлеуметтік және қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, 16 мыңнан астам облыс тұрғыны көмек алғаны белгілі болды.

 

Didar ақпарат

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button