Жұртшылықпен жүздесті

Берікхан Тайжігіт
Ауданда республикалық референдумға байланысты кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудандық мәслихат депутаттары, аудандық штаб мүшелерінен құрылған ақпараттық топтар жұртшылық арасына барып, елмен кездесуде.
Аягөз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Оралғайша Рахметова, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әлібек Тоқбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Г.Жақыпбаевалар да референдум жайлы, оның маңызы туралы жұрт арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
Мәселен, аудандық штаб мүшесі Рысбек Дүйсекеев «Айғыз» сауда үйінің кәсіпкерлерімен Конституцияға енгізілетін түзетулерді талқылау мақсатында еркін форматта кездесу өткізді. Онда Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңінен сөз қозғалып, жиылған қауымның көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауаптар берілді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында демократияға барар жол жайлы, алдағы реформалар туралы кең көлемде айтқан болатын. Онда: «…Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік. Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Мысалы, бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды алайық. Бұл құжат белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты», – деген болатын. Алдағы республикалық реформа осы игілікті істерімізге бастар қадамдар болмақ. Мұны қазір барша аягөздіктер түсініп отыр, өйткені олар алдағы саяси науқанға біркісідей қатынаспақ.
Аягөз ауданы.