Қоғам

Жұқпалы дерт қайта өршіп келеді

Айна Ескенқызы

Коронавирус қайта бас көтерді. Жаз шыққалы халық бетперде киюдің  не екенін ұмытқандай еді. Шағын және кіші бизнес өкілдері қалыпты жұмыс кестесіне оралып, өңірімізде әсіресе, туризм саласы күрт дами бастағаны кеше ғана болатын.  Қазір енді елімізде тәулігіне вирустың мың жарымға тарта жаңа жағдайы тіркеліп, эпидахуал күрделеніп барады.  Екі бас қаламыз – Нұр-Сұлтан  мен Алматы шаһарлары «сары» аймақтың шетіне жетіп қалды.

Жұқпалы дерт әлем елдерінде де қайта өршіп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, соңғы екі аптада науқастар саны 30 процентке өскен. Мәлімет бойынша, әлемнің 110 елінде вирусты жұқтыру жиілей түскен. Эпидемиологиялық ахуал Азия, Латын Америкасы және Таяу Шығыста нашарлағаны айтылады. Сарапшылар Еуропада да шектеулер алынып тастауына байланысты дерттің таралуы күшеюі мүмкін деп отыр. Мамандар әсіресе, омикронның «БИ-Эй 4 және 5» деген өзгерген түрінің тез таралуына алаңдаулы. Мысалы, Чехияда соңғы бір аптада екі мыңға жуық тұрғын вирус жұқтырған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда төрт есе көп. Жалпы дертке шалдыққандар бойынша АҚШ, Үндістан көш бастап тұр.

 

Эпидахуалды бағалау матрицасы өзгерді

Естеріңізге сала кетейік, елімізде коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын ресімдеу қағидасы өзгерді. Алдыңғы матрица бойынша эпиджағдайды бағалау кезінде орта есеппен 7 күнде 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық және репродуктивтік көрсеткіш (R) есепке алынған болса,  қазір  100 мың тұрғынға шаққандағы орташа тәуліктік сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққандағы ауруханаға жатқызылғандардың тәуліктік көрсеткішіне ауыстырылды. Басқаша айтқанда, алдағы уақытта аурудың матрицасы аурудың саны бойынша емес, денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктеме бойынша есептеледі.  Мамандардың пікірінше, бүгінгі таңда  аурудың 90 пайызы жеңіл түрде өтеді. Инфекция жұқтырғандардың 85 пайызы вакцинацияланбаған немесе вакцинация салғызғандарына 6 айдан астам уақыт өткен адамдар.

Сол себепті  денсаулық сақтау жүйесіне түсетін  нақты жүктеме 18 пайыздан аспайды.

– Матрицаның өзгеруі  адамдарға нақты режимде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оның үстіне қазір шағын және орта бизнес толығымен іске қосылды, туризм бүгінде дамып келеді. Ең бастысы, бүгінде адамдардың денсаулығына айтарлықтай төніп тұрған қауіп көрінбейді, – деген болатын Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Коронавирус матрицасының жаңа тәртібі бойынша «жасыл» аймақта ауруханадағы науқастардың саны 2500-ден 5000-ға дейін болу керек.  5000-10000 науқасқа дейін –  «сары» аймақ болып саналады. Ал науқастар көрсеткіші  10000-нан асып кетсе – «қызыл» аймақ. Сонымен қатар эпидахуалдың алдағы үш айлық болжамы да белгілі. Оған сенсек, індет жұқтыру тамыз айында шарықтау шегіне жетеді.

– Эпидахуалдың алдағы үш айлық болжамы белгілі. Пессимистік сценарий бойынша елімізде күніне төрт мың науқас тіркеледі деп күтілуде. Ал реалистік тұрғыдан қарасақ,  коронавирусты жұқтырғандардың саны 2 мың 500-ден аспауы мүмкін. Оптимистік сценарий күніне мың жағдайды көрсетіп тұр. Індет жұқтыру тамыз айына дейін көтеріледі, ал қыркүйектен бастап азаяды, – деген болжамын айтты Денсаулық сақтау министрі.

Қандай шектеулер енгізілуі мүмкін?

Салалық министрлікте COVID-19 жұқтырғандар санының өсуіне байланысты елімізде енгізілуі мүмкін шектеулерді атап өтті.

–  «Сары» аймаққа көшу кезінде инфекция көзін жоюға және іс-қозғалыс факторларын күшейтуге (бизнеске салмақ салмай) бағытталған қосымша шаралар қабылданатын болады. Денсаулық сақтау министрлігі ондай шараларды әзірлеп қойды, енді олар ведомствоаралық комиссияның келесі отырысында талқылауға шығарылады. Бұл  – байланыста  болғандармен жұмыс, жұмыс пенен шектеулер, иммунитеті нашар науқас қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру, сондай-ақ қоғамдық орындар және көліктерде бетперде киюді міндеттеу, – деп хабарлады  Ажар Ғиният ОКҚ өткен брифингте.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, өңірлерде «қызыл» аймаққа көшкен кезде «сары» аймақта қабылданған шараларға қосымша халықтың жүріп-тұруы мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне шектеу енгізілмек. Мұндай шаралар стационарлар мен медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына түскен жүктемеге қарай,  екі кезеңде  қабылданатын болады.

Үш жыл бойы саяхаттаудан бас тартып, үйде отыруға мәжбүр болған қазақстандықтардың арасында жаз мезгіліндегі демалыстарын пайдаланып, шетелге шығуды  жоспарлағандар да  бар. Министрдің сөзіне қарағанда, шетелге ұшуда әзірге ешқандай кедергілер қарастырылмаған.

– Мен мұндай қатаң шектеулер болмайды, деп ойлаймын. Қазіргі таңда инфекция да, вирус  та бұрынғы емес, өзгерді  және оның легі де  бұрынғымен салыстырғанда бәсіңсіді. «Қызыл»  аймақта шектеу шаралары болады, дегенмен аса қатаң емес, – деп нақтылады Ажар Ғиният.

Өңірде ковидтің жаңа толқыны  бола ма?

Шығыс Қазақстанда аурушаңдық деңгейі бір айда шамамен екі есе өсті. Шілде айының басынан бүгінге дейін облыста ковидтің 166 жаңа жағдайы анықталды. Оның ішінде Абай өңірінде 107 жағдай, Өскемен өңірінде 59 науқас тіркелді. Соңғы бір тәулікте ғана Абай облысында 27, Шығыс Қазақстан облысында 19 жаңа жағдай белгілі болды. Бұл аурушаңдықтың сәуір айындағы көрсеткіштерімен пара-пар деуге де болады. Елімізде барлық ковидтік шектеулер алынып тасталғанымен, дәрігерлер өз еркімен бетперде киген дұрыс деп санайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары аурудың өршуі вирустың жаңа штамдарымен байланысты екенін айтады. “Омикрон” вакцинацияланғандар арасында да, осы індетпен ауырып тұрғандар арасында да тез тарайды.

– Бүгінгі таңда пандемияның ауырлығын бағалау үшін жұқтырудың жаңа жағдайларының санын ғана бақылау жеткіліксіз, – деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиолог-дәрігері Бұлбұл Сағидолда. – Біз “Омикронның” тез таралғанын көрдік,  алайда бұл ретте өлім-жітім саны ұлғайған жоқ. Қазір ауру деңдеп бара жатқан көптеген елдерде де  өлім санының өсуі байқалмайды. Басты көрсеткіштер – өлім  және ауруханаға жатқызу саны. Егер олар пандемияның өткір кезеңдеріне жақындаса, онда шектеулер де, міндетті вакцинация да қайта  оралады.

Жалпы, мамандар аурудың өсуі қандай болатынын болжау қиын деп санайды. Оны аймақтағы ұжымдық иммунитеттің деңгейі мен болуы мүмкін шектеулер анықтайды. Сарапшылардың пікірі бір нәрседе ортақ – вакцинация  мерзімі неғұрлым қысқа болса, жұқтыру мен қатты ауыру қаупі соғұрлым төмен болады.

– Ревакцинацияны әр жарты жыл сайын жүргізу ұсынылады, мұндай мерзім  бірқатар зерттеулердің деректерімен расталған, – деп түсіндіреді эпидемиолог-дәрігер, – бұл орайда ревакцинацияны шексіз жүргізуге болады. Иммунопрофилактикада үдеткіш эффект туралы айтылады,  иммунитет қосымша стимул алған кезде қандағы антиденелер титрлері алдыңғы енгізулердегі деңгейден әлдеқайда көп және найзағай жылдамдығымен артады. Ревакцинацияны кез келген қол жетімді препаратпен жасауға болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы жылдың 11 шілдесіндегі деректер бойынша, өңірде КВИ-ға қарсы бірінші компонентпен 521 546 адам, екінші компонентпен 542 894 адам егілді.

1 тамызға дейін 444 653 адам қайта вакцинациялауға жататын болса,  оның ішінде 11 шілдедегі жағдай бойынша 369 820 адам қайта вакцинацияланды,  яғни олардың 83,17 пайызы қамтылды.

Бірінші ревакцинациядан өткен 15 096 адамның 7 688-і  қайта ревакцинация салдырды, бұл  50,9 пайызды құрайды. Олар – 50 жастан асқандар, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, күш құрылымдарының қызметкерлері, медициналық-санитарлық мекемелердің мамандары.

Коронавирусқа қарсы вакцинация «ауырып қалам» деген қорқыныш пен алаңдаушылық деңгейін төмендетуге көмектеседі, деп санайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мерхат Мұқышев.

– COVID-19-ға қарсы шаралар, соның ішінде вакцинация, адамның мазасыздығы мен ішкі күйзелісін төмендетеді, – дейді бас психиатр. – Бүгін мен қайта вакцинация алдым, өйткені мен  инфекция туралы үнемі алаңдап жүргім келмейді. Егер  ауырсам, ауруды оңай көтере аламын. Айтпақшы, менің отбасымның барлық мүшелері коронавирусқа қарсы вакцинация басталғаннан кейін облыста алғашқылардың бірі болып егілді.

Мерхат Мұқышевпен бірге оның жұбайы Ольга да екпе салдырған.

– Коронавирус ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Менің ойымша, ешкім де аурушаңдықтың қайта өршуін қаламайды. Сондықтан осы ауруға ұжымдық иммунитетті қалыптастыруда  вакцинация және ревакцинация негізгі және маңызды құрал болып қала береді деп санаймын, – деген пікірін білдірді Ольга.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының ұжымы да иммунопрофилактиканың, қазіргі  жағдайда ревакцинацияның маңыздылығын қолдайды. Алты ай өткеннен кейін қор филиалының ұжымы  жібек маталар қалашығындағы  сол жағалау емханасының қызметтерін пайдаланды. Оларға емхананың көшпелі егу бригадалары қызмет көрсетті. Мұндай тәсіл халық үшін вакцинацияның қол жетімділігін арттыру және егу процесін жеңілдету мақсатында қолданылатынын айта кеткен жөн.

Әрине, бүгінде бәрін алаңдататын басты сұрақ – пандемия  қашан аяқталады?

– Оқиғалардың бірнеше нұсқасы болуы мүмкін, пессимистік сценарий бойынша коронавирустың жаңа штамдары өлімге және пандемияның келесі өткір кезеңіне әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда қайтадан жаппай егу және жаңа вакциналарды әзірлеу қажет болады. Бірақ егер жаңа толқын өлім-жітімсіз өтсе, жағдай тұрақтанады деп  үміттене аламыз. Жалпы алғанда, вирус әлсірейді және аурудың қатты өршуі болмайды деп сенеміз, – дейді денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологы Бұлбұл Сағидолда.

Осы айдарда

Back to top button