Қоғам

Көмек көрсетуге асығып тұрады

     Қызметіне жиі жүгіндіретін сала – түрлі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар. Әсіресе құжат рәсімдеу, жеке басының мәселесімен сонда отыратын басшылардың, тиісті мамандардың алдына барады. «Кісідегінің кілті – аспанда» дегендей, кейде жүре жауап беретін, толыққанды ақпарат бермейтін қызметкерлер де кездесіп жатады.

    Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Кәсібіне адал, ақыл-парасаты мен мәдениеті көзге ұрып тұратын, алдына келген жанның жағдайына үңіліп, оның заңды мүдделерінің қорғалуына бағыт-бағдар сілтейтін, өзіне жүктелген тапсырмаларды тастай қылып орындайтын мемлекеттік қызметкерлер де баршылық. Солардың бірі – Ақжар ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жазира Көкенова.   

Ол 1981 жылы Ақжардың Абай атындағы орта меектебін, 1982 жылы  №185 Ақжар кәсіптік білім беру училищесін бітіреді.

Кейін арман қуған бойжеткен Қарағандыға жол тартып, ондағы индустриалды-педагогикалық колледжге түседі. Оқуын ойдағыдай аяқтап, туған өңірге оралады.

«1988 жылдан бастап Тарбағатай аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне әлеуметтік қызметкер болып орналастым. Алғашқы еңбек жолым осылай басталған еді», –  деп еске алды Жазира Көкенова.

Жауапты жұмыстың үдесінен шыға білген ол ауданға қарасты 8 ауылдық округтен жалғызбасты қарттарды анықтап, 1990 жылы жалғызбасты қарттарға көмек көрсету бөлімшесінің ашылуына да өзіндік үлес қосқан. Осы жылдың қыркүйегінен бастап зейнетақы тағайындау жөніндегі жетекші маман ретінде еңбек жолын жалғастырады. «Елімізде зейнетақы реформасы жүріп жатқан кезең еді, тоқсан сайын зейнетақы мөлшерін қайта есептейміз, 8 ауылдық округ бойынша поштадағы тапсырмаларға өзгеріс енгіземіз, зейнеткерлердің зейнетақысын уақытынан кешіктірмей алуын қамтамасыз етіп отырдық. Ол кезде бүгінгідей цифрлық, электронды қызмет жоқтың қасы. Қауырт жұмыстардың барлығы айналдырған 4-5 маманның мойнында болды, уақытпен санаспай еңбек істедік», –  деген Жазира Құсайынқызы 90-шы жылдар қиындығымен есте қалса да,  адамдардағы кісілік қасиеттер алдыңғы орында болғандығын тілге тиек етті.

Содан заман біршама түзеліп, ел еңсесін көтере бастаған 1999 жылдан 2007 жылға дейін экологиялық өтемақыларды есептеу жөніндегі бас маман болып қызмет атқарған. Айтуынша, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Ақжар өңіріндегі бөлімшесі аудан орталығына көшіріліп, сол себепті 2007 жылдан Ақжар ауылдық округі әкімдігіне нұсқаушы болып ауысқан. Бұл қызметте де әлеуметтік сала бойынша іс-құжаттармен айналысыпты. Аз қамтылған отбасылардың мемлекеттік жәрдемақыға атаулы әлеуметтік көмек алушылардың берген өтініші негізінде құжаттарын қабылдау, экологиялық біржолғы өтемақы құжаттарын рәсімдеу, көпбалалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттарына ұсынуға қатысты құжаттарын аудандық бөлімдерге тапсыру секілді міндеттерді тап-тұйнақтай етіп орындап отырады. 2013 жылдың қарашасынан Ақжар ауылдық округі әкімдігінде жетекші маман, 2015 жылдан бас маман болып, еңбек жолын жалғастыруда.

Мемлекеттік қызмет саласында 25 жыл істеген Жазира Көкенова бірнеше рет аудан әкімінің Алғыс хатымен, 2021 жылы Тарбағатай ауданындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Тарбағатай мәслихатына-25 жыл» төсбелгісімен марапатталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа қамқорлық жасайтын, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін білетін, туындаған барлық проблемаларға жедел ден қоятын және оларды шешетін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жөнінде баршаға ортақ міндет қойып отыр. Бұл бағытта халықпен тығыз қарым-қатынас орнатудың түрлі тетіктері де іске қосылуда. Осы тұжырымдаманың сапалы әрі нәтижелі болуы  Жазира Құсайынқызы секілді міндетіне жауапты, еңбекқор мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты екені анық. Ендеше, жерлесімізге ел игілігі жолындағы жұмысыңыз алға бассын, іске сәт дейміз. Мемлекеттік қызметтің беделін арттыратын да бүгінгі кейіпкеріміз секілді кәнігі мамандар екені даусыз.

Ерлан БАПАНОВ,ТАРБАҒАТАЙ 

Осы айдарда

Back to top button