Жұмысшыларына баспана салып береді

Биыл маусым айында Глубокое ауданындағы майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығының жұмысшысыларына кәсіпорынның өз қаражаты есебінен салынған пәтерлер беріле бастайды. Бұл туралы осы ұйымға жетекшілік етіп отырған Фарид Абитаев хабарлады.
– Бүгінгі күні біз шаруашылық жұмысшыларына жақсы әлеуметтік пакеттер жиынтығын ұсынып отырмыз, – дейді Фарид Абитаев. – Солардың бірі ретінде Солнечная кентінде салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйді айтуға болады. Алдағы маусым айында біздің алғашқы сегіз қызметкеріміз пәтер кілттерін алып, баспаналы болады.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, берілетін пәтерлердің әр шаршы метрі 235 мың теңге көрінеді. Іші толықтай жөнделіп, адамдарға дайын күйінде берілетін баспана бүгінгі таңда түрлі бағдарламалар арқылы салынып, іші әрленбей сатылатын басқа тұрғын үйлерге қарағанда 60 мың теңгеге арзан.
– Пәтерлерге сантехникалық жабдықтары толық орнатылып, жарық лампасына дейін өз қаражатымызға аламыз. Осылайша, біз жұмысшыларымыздың уақыты мен қаражатын үнемдейміз, – деді Фарид Абитаев.
Айта кетсек, аталған пәтерлер жұмысшыларға 20 пайыз алғашқы жарнасын салған соң, еңбек келісімшарты арқылы ұзақ мерзімге пайызсыз беріледі.
Азамат Темірбеков