Қоғам

Жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары

Азамат Темірбеков

Глубокое аграрлық колледжін тәмамдаған түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90 пайыздан асып жығылады. Бұл туралы аталмыш білім ордасы директорының орынбасары Нина Хилькевич хабарлады.

Мұндай көрсеткішке жету бірінші кезекте сапалы білім берумен байланысты болса, екіншіден, колледж басшылығының әр түлектің жұмысқа орналасуын қатаң бақылауға алуымен байланысты. Жалпы 68 жылдық тарихы бар Белоусовка ауылында орналасқан Глубокое аграрлық колледжін әр жылдары тәмамдаған түлектер қазір ауданның аграрлық-өндірістік кешеніндегі жұмысшылардың басым бөлігін құрайды.

– Біздің колледж бес мамандық бойынша білім береді. Биыл классификатор бірқатар өзгерістерге ұшырады. Ауыл шаруашылығын механизациялау бойынша студенттеріміз ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуші шебер, техник-механик және тракторшы-машинист мамандықтарын алып шығады. Бұдан бөлек, дәнекерлеушілер мен аспаздарды да даярлап шығарамыз, – дейді Нина Хилькевич.

Оның айтуынша, биыл ғана колледжді 79 түлек тамамдап шыққан. Сонымен қатар колледж басшылығы студенттің қолына дипломын ұстатпас бұрын одан жұмысқа орналасуы туралы анықтама талап етеді. Осылайша, колледж түлектерінің жұмысқа толықтай орналасуы қамтамасыз етіледі.

Аграрлық салада кең сұранысқа ие мамандықтарды даярлап жатқан білім ордасының  жеке жатақханасы бар. Сонымен қатар мұнда көпбалалы отбасылардың балаларын оқытуда да бірқатар жеңілдіктер жасалған. Атап айтсақ, балалар шәкіртақы алып, ыстық тамақпен тегін қамтылады.

Осы айдарда

Back to top button