Денсаулық сақтауТОП

Жұмыс берушілердің жауапсыздығынан зардап шекті

Облыста мыңдаған жұмыс берушілер  қоластындағы қызметкерлері үшін медициналық сақтандыру қорына жарнаны уақытылы төлемейді. Соның салдарынан тұрақты жұмысы бар шығысқазақстандықтардың да біразы медициналық сақтандыру пакетінің шеңберінде көрсетілетін тегін медициналық қызметтерден қағылып отыр.

Бұл туралы ШҚО ӘМСҚ филиалының  халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі жетекшісі Салтанат Адамова облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен онлайн-брифинг барысында мәлімдеді.

Қордың баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта «сақтандырылмаған» мәртебесімен есепте тұрған 301 768 адамның басым көпшілігінің тұрақты жұмыс орны бар, кәсіпорындарда еңбек етеді. Алайда, жұмыс берушілердің сақтандыру қорына жарнаны уақытылы өтемеуі себебінен бұл азаматтар жүйеден шығып қалған. Соның кесірінен медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетілуге тиіс медициналық көмек пен дәрі-дәрмекті алу мүмкіндігінен айырылып отыр. Осындай олқылыққа орын берген кәсіпорындар саны облыста үш мыңнан асып жығылады. Олардың медициналық сақтандыру қоры алдындағы берешектері  22 616 554  теңгені құрайды.

– Азаматтар сақтандыру қорына ай сайын жарна төлеу арқылы медициналық қызметтерді тегін тұтына алады. Бұл жерде сол жарнаның сауатты, дер кезінде аударылуы өте маңызды. Бұл ретте жұмыс берушілер де, жұмысшылар да өз құқығын білуі тиіс. Жарнаның уақтылы төленетін-төленбейтініне қызметкерлері де ерекше назар аударып,  жұмыс берушісінен талап еткені дұрыс, – деп атап өтті Салтанат Адамова.

Бұл мәселені  өз назарына алған Кәсіпкерлер палатасы  жұмыс берушілердің шұғыл түрде жауапкершілік танытуы тиіс екенін ескертті.

Кәмал Естай

 

Осы айдарда

Back to top button