ТОП

Жұмыртқаның бағасы неге өсіп кетті?

Соңғы бір жылда Қазақстанда мал басы үш пайызға өсіп, құс шаруашылығының қарқыны төмендеді. Атап айтсақ, елімізде ірі қара, қой-ешкі және шошқа басы көбейіп, 1,9 триллион теңгеге мал шаруашылығының өнімдері өндірілді. Көрсеткіштің жоғарлауында шығысқазақстандық шаруалардың рөлі ерекше болды.

Мал шаруашылығын түрлеткен шаруалар өткен жылы пайдаға кенелді. Бұл көрсеткішті аймақтар бөлінісінде қарайтын болсақ, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша бірінші орынға арғы жылға қарағанда 2,9 пайыздық өсім көрсеткен Алматы облысы орналасса, екінші орын – 2,7 пайыздық өсім берген шығысқазақстандық шаруаларға тиесілі. Алғашқы үштікті Түркістан облысы қорытындылады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2020 жылдың 1 қазанында елімізде 8,2 млн. бас ірі қара тіркеліп, 5 пайыздық өсім көрсеткен. Оның тең жартысына таяуын сауын сиырлар құрады. Сондай-ақ ірі қараның төрттен үш бөлігі сүтті бағыттағы сиырлар болса, қалғаны етті бағыттағы  мал. Қойдың саны 19,5 миллионға жетіп, 3,5 пайыздық өсімді құрады. Оған қоса Қазақстанда жылқы саны – 9,1, ешкі – 0,6, шошқа – 0,2 пайызға өсті.

Дей тұрғанмен, соңғы бір жыл ішінде елімізде өсіріліп отырған құс саны 2,8 пайызға азайып кеткен. Сондай-ақ құс жұмыртқасын өндіру мен қозы терісін өңдеу ісі де кенжелеген. Осының салдарынан ел аумағында тауық жұмыртқасының бағасы шарықтады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, былтыр  сақтандырылуға жататын өнімдер тізбесі бекітілген. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұған дейін мал шаруашылығы саласындағы сақтандыру жоқтың қасы болған. Яғни, мал мүлік сияқты сақтандырылып келген. Сол себепті, орын алған эпизоотиялық жағдай ескеріліп, шетелдік сақтандырушылармен бірлесе мультитәуекелділік тобына жататын өнімдер тізбесі жасалды. Ендігі уақытта еліміздің фермерлері аталмыш өнімдер аясында өз шаруашылығының аумағында, сондай-ақ радиусы бес шақырым болатын көрші шаруашылықтардағы өз малын сақтандыра алатын болады. Сақтандыру аумағы мен сақтандырылатын малдың санына байланысты сақтандыру тарифі 1,54-тен 4,62 пайызға дейінгі аралықты құрамақ.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button