ҚоғамТОП

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Еліміздің түкпір-түкпірінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Бұл игілікті істен біздің облыс тыс қалған жоқ. Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық волонтерлер фронт-офисі гуманитарлық көмек жинауды бастап кетті.

Гуманитарлық көмек күнделікті сағат таңғы 9.00-ден кешкі 18.30-ға дейін Өскемен қаласы, Максим Горький көшесі, 48 және Н. Назарбаев даңғылы, 68 мекенжайларында қабылданады.

Гуманитарлық көмек келесі санаттарға бөлінеді:

– азық-түлік (ұзақ мерзімді сақтауға болатын);

– ауызсу;

– дәрілік заттар мен медициналық қажетті заттар (ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, қызуды түсіретін, аллергияға қарсы препараттар, таңғыштар, этил спирті);

– киім (резеңке етік, жылы киім, аяқ киім, іш киім, шұлық және т. б.);

– тағы да басқа қажетті заттар (көрпелер, ұйықтайтын сөмкелер, жастықтар және басқалар);

– гигиена құралдары.

– Гуманитарлық көмек ретінде өткізілетін барлық заттар жаңа, тұтас қаптамада, зат белгілері бар, тауарлар тобы бойынша іріктелген, атауы жазылған қораптарда жиналу керек. Өткізілетін азық-түлік мерзімі ұзақ сақтауға жарамды және жарамдылық мерзімі өтпеген тауар болуы міндетті, – дейді ұйымдастырушылар.

Еліміздегі ірі кәсіпорындар да зардап шеккен өңірлерге материалдық көмек көрсетіп жатыр.

Қазақстанның тау-кен саласындағы компаниялары – KAZ Minerals тобы мен «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету және Қазақстанның бірқатар өңірлерінде табиғи апаттың салдарын жою үшін 650 миллион теңге бөлді.

Қаражат тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, қажетті тауарларды сатып алуға және ең көп зардап шеккен аймақтарда инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына бағытталатын болады.

Компаниялар табиғи апаттың зардаптарын тез арада жоюға, инфрақұрылымды және азаматтардың күнделікті өмір салтын қалпына келтіруге қолдау көрсетуде.

Бұған дейін KAZ Minerals және Қазақмыс Аягөз ауданындағы, Түркістан облысындағы су тасқынынан, Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетіп, өздерінің өндірістері орналасқан аймақтарда әлеуметтік жобаларға белсенді инвестиция салған болатын.

Осы айдарда

Back to top button