Қоғам

Жұлдызқұрт бақшаға зиян келтірді

Бобровка ауылындағы бақшалар мен жайылымдарды шалғын көбелектің жұлдызқұрттары жалмап жатыр.

Ауыл тұрғындарының бақшасындағы өсімдіктердің жапырақтарынан жұлдызқұрттар түк қалдырмады. Жәндіктерден зиян көріп жатқан тұрғындар не істерін білмей шарасыз.

– Жұлдызқұрттар бақшамыздағы барлық өсімдіктеріміздің сабақтарын жеп бітірді. Түк қалдырмады. Қолымыздан келгенше олармен күресіп жатырмыз, бірақ нәтижесіз, – дейді ауыл тұрғындары.

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Глубокое аудандық аумақтық инспекциясы жағдайды бақылауда ұстап отырған көрінеді.

– Мамыр айының 23-інен бастап шалғын көбелектердің бірінші ұрпағының қанат қағып ұшқанын бақыладық. Одан кейін көбелектердің жаппай, жұлдызқұрттардың жаппай шығуын көріп, Тарханка, Бобровка сияқты ауылдық округтерге дабыл хабарламаларын жібердік, – деп атап өтті агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Глубокое аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Елдос Қайырбеков.

Биыл жұлдызқұрттардың күрт қаптап, тез дамуына ауа райы өте қолайлы болды.

– Көбелектермен салынған жұмыртқалар күннің және түннің жылы әрі ылғалды болуынан толықтай сақталып, жұлдызқұрттарға айналып отыр. Жұлдызқұрттардың қаптауы 10-12 жылда бір қайталанып отырады. Бұл табиғи үрдіс, – дейді қосты Елдос Қайырбеков.

Жуықта Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекцияның мамандары Бобровка ауылдық округіндегі зиянкестерді зерттеді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес әкімдікке ұйғарым жолданды.

– Ауыл аумағындағы жайылымдар зиянкесерге тексеріліп, бізге ұйғарым қағазы келді. Бір жайылым таза, екінші жайылымда нормадан артық мөлшерде анықталыпты. Бізге зиянкестердің көзін құртуға арналған препараттар ұсынылды. Бірақ ол препараттарды алуға біздің бюджетте ақша қарастырылмаған, оның үстіне ол жерлер мал жайылатын жайылым және онда бал аралары да көп ұшады. Алдағы уақытта қандай қадамдар жасайтынымызды аудан әкімдігімен ақылдасуымыз керек, – деп атап өтті Бобровка ауылдық округінің әкімі Әлия Мұратқызы.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Глубокое аудандық аумақтық инспекциясы Бобровка ауылдық округінің әкімдігіне мәселені екі жолмен шешуді ұсынды. Біріншісі, агротехникаларды қолдану, яғни арамшөптердің барлығын жұлып тастау. Екіншісі, ел аумағында қолдануға рұқсат етілген, сертификатталған препараттарды пайдалану.

Сонымен қатар инспекция мамандары жергілікті тұрғындармен кездесу жүргізіп, оларға зиянкестермен күресудің тиімді жолдарын түсіндірді және дұрыс әрекет етудің нұсқаулық қағаздарын таратты.

Жұлдызқұрттардың табиғи даму процесін ескеретін болсақ, 2-4 аптада олар қатты қабығы бар піллә жасап, қабықтың ішінде өзгеріп, көбелектерге айналып шығады. Тұрғындарға әзірге осы табиғи үрдістің жүруін күтуден басқа амал жоқ сияқты.

А. Рағызбаева, Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button