Қоғам

Жүзге тарта қылмыс әшкереленді

Айна Ескенқызы

2021 жылдың он бір айында өңірде 84 адам сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 111 қылмысты әшкерелеген, оның  98-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Анықталған қылмыстардың негізгі бөлігін ұрлық (33) және парақорлық (65) фактілері құрап отыр. 77 аса ауыр және ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары жасалған.

Бұл жайында  облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин департаменттің он бір айдағы жұмыс қорытындысына арналған брифингте айтты.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі және дәйекті реформалар жүзеге асып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың өзіндік моделі қалыптасты.

–Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында оның тәуекелдерін талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг сияқты құралдар енгізілді, олардың жұмысына қоғам белсенділері тартылды. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу жүйесі жетілдірілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама институты жұмыс істей бастады, онда сарапшылар ретінде азаматтық қоғам өкілдері де бар. Қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін басшылардың дербес жауапкершілігі институты енгізілді. Тәуекелдерді төмендету үшін квази-мемлекеттік секторда комплаенс-қызметтер енгізілді, – деп атап өтті облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде өңірде біраз парақорларды ауыздықтауға мүмкіндік туды.

Жігер Байділдин өңірдің барлық тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға және өздеріне белгілі сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға шақырды. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға көтермелеу жүйесіне сәйкес ақшалай сыйақы қарастырылғанын естеріңізге сала кетеміз.

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы Call-орталыққа 1424 нөмірі бойынша қоңырау шалуға болады, сондай-ақ шығысқазақстандықтар облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің кезекші бөліміне 8 (7232) 29-88-88 нөмірі бойынша қоңырау шала алады.

 

Осы айдарда

Back to top button