Қоғам

Жүздерін шаттық кернеді

    Бала – бауыр етің, көз қуанышың. Оларды қуантудан, жүзіндегі боямасыз шаттық күйін көруден асқан рақат болсын ба?!

    Балаларды қорғаудың халықаралық күні Тарбағатай ауданында  жан-жақты мерекеленді. Аудандық білім беру бөлімі және мәдениет және тілдер дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Ақсуат, Ақжар, Тұғыл ауылының орталық алаңында «Балдәурен» мерекелік фестивалі өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары  Ерсін Ескендіров бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.

Ақсуат, Ақжар, Тұғыл ауылдарында «Балдәурен» мерекелік фестиваліне 450 оқушы, «Толағай» отбасылық сайысына 18 отбасы, асфальтқа сурет салуға 460 бала, эстафеталық сайысқа 26 оқушы қатысты.

Мереке аясында өткізілген іс-шараларға қатысқан барлық оқушыларға, ата-аналарға мақтау қағаздары және сыйлықтар табыс етілді. Балалар күнінің құрметіне келген көрермендерге аудандағы кәсіпкерлер балмұздақтар, сусындар, тағы басқа тәттілермен демеушілік жасады.

Ақжар ауылындағы №2 аудандық ауруханасы да өңірдегі кішкентай балаларды құттықтау шараларын ұйымдастырды. «Ең әуелі перзентхана бөлімінде мереке күні дүние есігін ашқан сәбилерімізге арнайы сыйлықтар табысталып, жас аналарды құттықтадық. Әрмен қарай, ауруханамыздың барлық бөлімдеріндегі стационарда ем алып жатқан балалар және емхана бөліміне дәрігерлік қабылдауға келген бүлдіршінлерге мерекелік сыйлықтар тарту етілді. Сонымен қатар  Ақжар ауылындағы орталық саябақта 500 балаға сыйлық таратылып, сол жерде балалардың бойы мен салмақтары өлшеніп, логопед, психолог мамандармен бірге тренинг өткізілді.  Мерекелік құттықтаудан «Балауса», «Айтұмар», «Айгөлек» балабақшаларындағы тәрбиеленушілер де шет қалмады. Шын мәнінде балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Олардың денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру – ересектердің міндеті», деп жазды №2 аудандық ауруханасының өздерінің фейсбук парақшасына.

Мереке басқа ауылдарда да жалғасын тапты. Маңырақ ауылында «Өнерлінің өрісі кең» атты  балалар фестивалі өтті. Мұндағы мақсат –  балалар шығармашылын дамыту, дарынды балаларға қолдау көрсету дейді ұйымдастырушылар. 7-10 жас аралығындағы балалар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыса, 11-14 жас аралығындағылар ұлы ойшылдың қара сөздерін нақышына келтіріп жатқа айтты. Сондай-ақ  балаларды спортқа баулу мақсатында жүгіруден жарыс болған. Фестиваль жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталған.   Бұл күні қайырымдылық жасау да назарда болды.

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button