Қоғам

Жүз жасаған жүректен

Өмірін өлеңмен өрнектеп кеткен жыр алыбы Жамбылдың туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Тәуелсіздік тойымен тұспа-тұс келген мерейлі мерекеге орай зағиптарға арналған кітапханада «Жамбыл Жабаевтың қонақжай бөлмесі» ашылды.

Наурыз мейрамына орай зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана ақынын ардақтап, арнайы зал ашып, кітап көрмесін өткізді. Жыр алыбының 175 жылдық тойына арналған шараға зиялы қауым өкілдері мен өнерлі жастар қатысты.

Игілікті іс-шара барысында арнайы тифлокешенде Луи Брайльдің бедерлі-нүктелі қарпімен басылып шыққан ұлы ақынның «Өлеңдері. Айтыстары. Жыр-дастандары» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жуықта ғана жарық көрген көкірегі ояу жандарға арналған көркем шығармалар жинағы кітапхана оқырмандарының жүрегінен ойып тұрып орын алып, қуаныш сыйлады. Сонымен қатар мерекелік шараға жиналған жұрт Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы тифлокомментарийлері бар деректі бейнефильмнің үзінділерін тамашалады.

Шараға қонақ ретінде шақырылған «Шабыт» студенттер театрының жастары  ақынның жырларын жарыса оқып, ортаның көркін қыздырды. Ал Абдуллиндер атындағы Өнер колледжінің студенттері көнцерттік бағдарламалары арқылы көңілі қаяу болса да, көкірегі ояу жандарды бір серпілтіп тастады.

Шараның өтуіне ұйтқы болған кітапхана қызметкері әрі оқырманы Мағзат Мұқашев  қазақтың қара домбырасын қолға алып «Сәкеннің Мариямға айтқаны», «Беу айдай», «Сәулем-ай» қатарлы әнерді бірінен соң бірін шырқап, әнімен көңілдің ажарын ашты.

Жыр алыбының тойына жиналған жұрт «Жүз жасаған жүректен» атты кітап көрмесін тамашалап, ақынның шығармашылық ғұмырнамасымен танысты. Көпшіліктің назарын өзіне бұрған көрмеге ақын өмірінің түрлі сәттері бейнеленген фотосуреттер мен әр жылдары жарық көрген кітаптары қойылған.

Жыл басында басталған жыр алыбы Жамбылдың тойы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button