Қоғам

Жүз дәрігер шетелге жіберіледі

Ержан Әбіш

Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында мәлім етті. Сондай-ақ ол білім беру, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау сияқты әлеуметтік салаларға жіті назар аударылатынын жеткізді.

Облыс әкімі бес жылда денсаулық сақтау саласына қомақты қаржы бөлініп, оң нәтиже беріп жатқанын атап өтті. Қолда бар заманауи медициналық техникамен жұмыс істей алуы үшін 5 мың дәрігер біліктілігін арттырды, олардың 341-і Еуропада оқыды, биыл тағы 100 маман шетелге жіберіледі.

Білім саласына тоқталсақ, қазақ тілі мұғалімдерінің 49%-ында, орыс және ағылшын тілдері оқытушыларының 28%-ында біліктілік деңгейі төмен. Сондықтан ақпаннан бастап осы мұғалімдердің бәрі құзыреттіліктерін арттырып жатыр. Сонымен қатар әкім төрт жылда көпбалалы аналарға 2 мыңнан астам пәтер берілгенін атап өтті.

Өңір басшысы соңғы жеті жылда Семейге 200 миллиард теңге инвестиция салынғанын да жеткізді.

– Қаражат әуежайды, су құбырлары мен кәріз дюкерлерін жаңартуға, жол жөндеуге жұмсалды. Сондай-ақ бірқатар мәдени нысан салынды, – деді ол.

Мұнымен қоса, Семейде алпыс шақырым жол жөнделмек, мұндай ауқымды жұмыс тіпті облыс орталығында жоспарланбаған.

Осы айдарда

Back to top button