ӨзектіТОП

Жүйкені жұқартқан жол

Бізде ауыр көліктер жүрмеуі керек болса, неге оларды шекарадан кіргізеді? Семейде «СемАз» компаниясы да осындай техникалар шығарып жатыр емес пе. Шағын және орта бизнес бұдан кейін қалай дамиды?

 

Зайсаннан басталып облыс орталығына апаратын күре жол көлігі барды да, көлігі жоқты да шаршатып келеді. Реконструкция басталғалы бері жолаушылар айналма жолдармен қатынап жүр. «Өзі де уақытша салып берген ойқы-шойқы жолмен 40 тонналық жүк мәшинелері жүреді. Бұдан соң несі қалады?» деп ашынған жергілікті (Тарбағатай мен Көкпекті ауданының) такси жүргізушілері наразылық білдіріп, бұлай жалғаса берсе, жолды жауып тастайтындарын да айтты.

Байбура асуы мен Қалбатау ауылының аралығы, шамамен, 60 шақырым. Біз тілдескен жүргізушілер өкілінің айтуы бойынша, осы жолға қазір екі-екі жарым сағат уақыт кетеді. Ал реконструкция басталмай тұрып, ары айтқанда, бір сағатта жететін. «Күн сайын көлікті жөндетуге апаратын болдық. Біресе дөңгелегі жарылады, біресе диск шағылады, біресе картер тесіледі… Үш жылдан бері жолдың проблемасы көбейіп кетті» деді наразы топ.

– Жолдың құрылысында шаруамыз жоқ, межелеген уақытында аяқтаса болды дедік. Бізге қазір, бірінші кезекте, айналма жолды тегістеп, онымен ауыр көліктердің жүруіне шектеу қойғаны керек. Әйтпесе, табысымыздың көбі көлік жөндеуге кетеді. Уақытша жол болғанымен, қаншама халық жүріп жатыр. Мынау күннің ыстығында шаң жұтып, солқылдап жеткенше діңкең құриды. Ескертіп айттық, талабымызды орындайтын шығар, – деді көкпектілік таксиші Серікбай Ырсымбетов.

Таксишілер айтқан ауыр жүк көліктері қайдан пайда болды және оларға тыйым салуға бола ма? Біздің газет тілшісі осы мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.

 

«Бұл алтын таситын көліктер»

 

Сұраққа жауап іздеп «Қазавтожол» компаниясы облыстық филиалының директоры Ерлан Қалымовқа бардық.

– Біздегі жолдар 13 тонна салмаққа арнап салынған. Республика бойынша 11 тоннаға дейін салмақпен жүруге рұқсат берілген. Артық екі тонна – запас. Ал наразы адамдар айтып отырған Howo маркалы жүк мәшинелері – негізінен кен шығаратын орында жүруі тиіс техникалар. Жалпыға ортақ автомобиль жолдарымен жүруіне рұқсат жоқ. Десе де, олардың осы жолмен қатынағаны рас. Бізге бұл көліктердің қайдан шығып, қайда баратыны белгілі: Байбура асуынан Белоусов кен-байыту кәсіпорнына алтын тасымалдайды. Қазір олардың жүрмеуі үшін көлік инспекциясы және көлік прокуратурасымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, біздің мамандар ауыр жүк көліктері жолға шыққан жағдайда суретке түсіріп, аталмыш мекемелерге жолдап отырады, – дейді Ерлан Қалымов.

Оның айтуы бойынша, жөндеу жұмысы аяқталған «Қалбатау – Өскемен» бағытындағы жаңа жолда да аталған ауыр көліктер жүрген. Қазір бұл аралық та бақылауға алынды.

Шығыс Қазақстан бойынша көліктік бақылау инспекциясының ақпаратына сүйенсек, Байбурадан кен жөнелтетін кәсіпорындар: «Горняк старательдер артелі» мен Goldstone Minerals компаниялары. Ал жүкті тасымалдайтын көлік иесі – RG Royal Cargo компаниясы.

– Аталмыш компания өкілдерімен жиын өткіздік. Жүк мәшинелеріне рұқсат етілген шамадан артық жүк тиемеуді және кен қазушыларға жүктің негізгі бөлігін темір жолмен тасымалдауды ескертіп, өзара келісімге келдік, – дейді инспекция маманы Алмаз Каденов.

Ерлан Қалымовтың айтуы бойынша, осымен көлік жүргізушілері көтерген мәселе «шешілді». Омбы – Майқапшағай тасжолын реконструкциялау аяқталған соң да жүк көліктері жаңа жолмен жүрмейді. Оларға қазіргі айналма жолдар беріледі.

 

Тасымалдаушының айтары бар

 

Біз енді жер қойнауын пайдаланатын «Горняк старательдер артелі» мен Goldstone Minerals компанияларымен байланысқа шығуға талпындық. Бір қызығы, екі кәсіпорынның директоры Ардагер Аринов есімді бір азамат болып шықты. Біз тілдескен осы кәсіпорындардың өкілі сұрақтарымызды ресми түрде жазбаша қабылдайтынын айтты. Бірақ «13 тоннадан артық салмақ тиеген көлікті осы жолмен жүргізулеріңізге не себеп?», «Ауыр жүк көліктері қазір де жүріп жатыр ма? Тәулігіне қанша көлік қатынайды?», «Сіздер жөнелтетін көліктердің маркаларын жазып берсеңіз?» деген сұрақтарымызға жауап бермеді. «Қандай да бір қосымша мәлімет беру мүмкін емес екенін хабарлаймыз» деп қысқа қайырған.

Есесіне тасымалдаушы компания – RG Royal Cargo-ның директоры Қанат Асқарбеков тілдесуге келісім берді.

– Қалбатаудан 20 сәуірде жүк таси бастадық. Оған дейін бұл жақтан тасыған жоқпыз. Қазір заң бұзылмауы үшін рұқсат етілген шамада ғана жүк аламыз. Неше рет жол үстінде бізді тексеріп, өлшеп көрген. Заң бұзылмауы үшін Shacman секілді қытайдың жүк көліктерімен тасымаймыз. Howo маркалы жүк көліктері бізде жоқ. Тек 50 шақты кәдімгі Камаз жүреді, – деді Қанат Асқарбеков.

– Біз халықты түсінеміз. Жол бұзылды деп шулайды. Сол үшін 13 тоннадан асырмаймыз. Көкшетаудан тағы да Камаздар алдырамыз. Көтеретін салмағы аз, бірақ күтімі мен шығыны Shacman-дармен бірдей болса да, тек Камаз алдыратын болдық. Тек қана Камаз. Ал енді халық та бізді түсінетін шығар. Шынымен де, жолдың сапасы жоқ. Қытайда, мысалы, осындай жалпыға ортақ жолда 60-80 тонналық мәшинелер жүре береді ғой. Неге сонда олардың жолы бұзылмайды? Нұр-Сұлтан мен Павлодарда да 40 тонналықтар жүреді. Ал бізде қалай? Ауыр мәшине жүрмейтін Өскеменнің ішіндегі көшелерге дейін шұңқырайып, отырып кетеді. Тағы бір мәселе, бізде ауыр көліктер жүрмеуі керек болса, неге оларды шекарадан кіргізеді? Семейде «СемАз» компаниясы да осындай техникалар шығарып жатыр емес пе. Шағын және орта бизнес бұдан кейін қалай дамиды? – деді Қанат Асқарбеков.

Оның айтуы бойынша, қазір Камаздар Қалбатау – Белоусов арасында түнде қатынап жүр. Себебі 25 градустан жоғары температурада асфальт бұзылады.

 

Қалбатау мен Боғас арасы қашан ашылады?

 

Майқапшағай – Қалбатау жолын реконструкциялау, белгіленген мерзім бойынша, 2022 жылы аяқталуға тиіс. Майқапшағайдан Боғасқа дейінгі аралықты Қытайдың «Синь-Синь» компаниясы, Боғастан Қалбатауға дейінгі аралықты Қазақстанның «Казгерстрой» компаниясы жөндеп жатыр.

– Биыл Боғас пен Майқапшағайдың ортасындағы жол ашылады. Асфальт жамылғысы төселеді. Келер жылдары жол белгілері, аялдамалар, жылы дәретханалар орнатамыз. Қазақстандық компанияның қаржылық жағдайы нашарлап, өз іштерінде қылмыстық іс қозғалған көрінеді. Бір жағынан, шекараның жабылып қалуына байланысты техникаға тетіктер де жетіспеді. Боғас пен Қалбатау арасы олардан («Синь-Синь» компаниясы жөндеп жатқан аралықтан – ред.) кешеуілдеп жатқаны содан. Бірақ қазір жұмыстарын бастады. Қаражат алды. Жалпы, біздің келісімшарт қытайлық компаниямен жасалған, «Казгерстрой» ақшаны солардан алып отыр. Сондықтан алаңдауымызға негіз жоқ, көзделген жоба уақтылы аяқталуы тиіс, – дейді «Қазавтожол» филиалының директоры Ерлан Қалымов.

Оның айтуы бойынша, жол сапасын ZS ENGINEERING компаниясы мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» қадағалайды. Одан бөлек қарапайым халық та кем-кетігін байқап жатса, «1403» нөміріне фотосурет пен бейнежазба жіберіп, шағымдана алады.

Айта кету керек, «өңірдегі күре жолдың нашарлығынан шығынымыз көбейді» деген таксишілер бағаны қымбаттатты. Бұған «қалтамыз қағылып, жүйкеміз жұқарып, уақытымыз зая кетіп жатыр» деп, жолаушылар да налиды.

 

Тасқын Болатұлы

Сурет: Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button