ТОП

Жүргізушілердің назарына

Былтырдан бастап елімізде тасжолдың бойында түрлі көлік құралдарын тізгіндейтіндер үшін жауапкершілік барынша  күшейтілді. Соған орай, жол қозғалысы ережелерін бұзғандар арқалайтын айыппұл мөлшері, жаза мерзімі де артты. Нақтысында не өзгерді, тиісті заңнамаларға қандай толықтырулар енгізілді?

Мас күйде ұсталсаң, жеті жыл көлік жүргізбейсің

Естеріңізде болса, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Заңымен Қылмыстық және әкімшілік кодекстерге (бұдан әрі – ҚК және ӘҚБтК), атап айтқанда, көлік құралдарын масаң күйде басқарған, басқару құқығынан айырылған және басқару құқығы жоқ адамдардың жауапкершілігін қатаңдату бөлігінде түзетулер енгізілген болатын. Заң ресми түрде 2020 жылғы 11 қаңтардан күшіне енді.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы,      полиция подполковнигі Ержан Самархановтың айтуынша, жаңа редакцияға сәйкес әкімшілік заңнамада жүргізушінің масаң күйде көлік құралын (ары қарай – КҚ) алғаш рет басқарғаны үшін көлік басқару құқығынан айыру мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған және 15 тәулікке  әкімшілік қамаққа алу енгізілген (ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі). Енді төмендегі түзетулерге назар салыңыздар:

– жүргізушінің масаң күйде жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтірумен немесе материалдық залал келтірумен жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін КҚ басқару құқығынан айыру мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды және 20 тәулікке  әкімшілік қамаққа алу енгізілді (ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі);

– жүргізушінің әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде масаң күйде қайталап КҚ басқарғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және сегіз жыл мерзімге КҚ басқару құқығынан айыру әкімшілік жазасы көзделген (ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-1 жаңа бөлігі), осы баптың 4 және 5 бөліктерінің алынып тасталуына байланысты.

– әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үшін 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және тоғыз жыл мерзімге КҚ басқару құқығынан айыру қарастырылған (ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-2 жаңа бөлігі), осы баптың 4 және 5 бөліктерінің алынып тасталуына байланысты.

– масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талаптарды орындамаған жағдайда КҚ басқару құқығынан айыру мерзімі үш жылдан сегіз жылға дейін ұзартылды және 15 тәулік мерзімге  әкімшілік қамаққа алу енгізілді ( ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігі);

– көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің КҚ басқарғаны үшін айыппұлмен қатар 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу (ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігі), қайталап жасалған бұзушылық үшін 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу енгізілді ( ӘҚБтК-нің 612-бабының 4-1 бөлігі);

Бас бостандығынан айыру да қарастырылған

   – Өзімен бірге жүргізуші куәлігі немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген басқару құқығына арналған уақытша куәлігі, КҚ-на  тіркеу және заңнамада белгіленген өзге де құжаттары жоқ жүргізушінің КҚ басқарғаны үшін «ескерту жасау» түріндегі  балама  жазалау шарасы енгізілгенін айта кеткен жөн (ӘҚБтК-нің 612-бабының 1-бөлігі). Сондай-ақ өзгерістер мен толықтырулар қылмыстық құқық бұзушылыққа да қатысты. Мәселен, жүргізушінің масаң күйде ЖКО жасағаны үшін жеке жауапкершілікті көздейтін алкогольдік масаң күйде көлік құралдарын басқарғаны үшін ҚР ҚК-нің 345-1 – жаңа бабы енгізілді, – деді Ержан Сағынғанұлы. Жаңа бапта айтылғандарға тағы да мұқият зер салайық:

– (1-бөлігі) адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекет үшін көзделген жаза: КҚ 10 жыл мерзімге басқару құқығынан айыра отырып, 1 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл немесе түзеу жұмыстары, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру;

– (2-бөлігі) адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекет үшін көзделген жаза: КҚ 10 жыл мерзімге басқару құқығынан айыра отырып, 3 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл немесе түзеу жұмыстары, 1 200  сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру;

– (3-бөлігі) адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет үшін көзделген жаза: 10 жыл мерзімге басқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыру;

– (4-бөлігі)  абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет үшін көзделген жаза: көлік басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру.

Назар аударар бір жайт, алкогольдік масаң күйде және КҚ басқару құқығынан айырылған адамның КҚ басқаруына қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабында көзделген іс-әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату – қылмыстық теріс қылық санатынан қылмыстар санатына көшірілген, яғни бас бостандығынан айыру мерзімдері ұлғайтылды, сондай-ақ КҚ басқару құқығынан өмір бойына айыру көзделіп отыр.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button