Біле жүріңіз

Жүргізуші куәлігін алып жүру міндетті ме?

– 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап «Жол жүрісі мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойылды. Заң ресми түрде «Казахстанская правданың» 2021 жылғы 2 ақпандағы   санында жарияланды, түзетулер 2021 жылғы 13 ақпанда күшіне енді. Мұнда «Жол жүрісі туралы» Заңның 54-бабына түзетулер енгізілді.   Енді жүргізушілердің өзімен бірге Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәліктерін (жеке басын куәландыратын құжаттары бар болғанда), сондай-ақ көлік құралын тіркеу куәлігін алып жүру міндеті жойылған. Бұл ретте, осы құжаттар бұрынғыдай жүргізушілерге берілетін болады, және оларды өзімен бірге алып жүру міндет емес, – дейді Ержан Самарханов.

Алайда, бұл өзгерістердің басқа мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарына, сондай-ақ басқа  мемлекеттің жүргізуші куәлігі бар жүргізушілерге еш қатысы жоқ.

Көлік құралын тоқтатқанда және әкімшілік хаттама толтырған кезде жүргізушіден оның жеке басын куәландыратын құжаты ғана талап етіледі.

Басқармадағы мамандардың айтуынша, өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болмаған жағдайда жүргізуші жеке басын куәландыру үшін жақын маңдағы полиция бөліміне жеткізіледі. Сол жерде ол ӘҚБтК-тің 612-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады (өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты жоқ болғаны үшін).

– Егер жүргізушіні әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін көлік құралын басқару құқығынан айыру көзделген жағдайда жүргізуші куәлігін алып қою ӘҚБтК-нің 795-бабының 8-бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл үшін құқық бұзушыға қатысты іс жүргізуді қамтамасыз етудің шарасы ретінде – ұстау, жеткізу және көлік құралын пайдалануға тыйым салу сияқты тиісті шаралар қолдану мүмкіндігі бар ( ӘҚБтК-нің 785-бабы 1-бөлігі), – дегенді алға тартады жергілікті полиция қызметі басқармасындағылар.

Жоғарыда аталған барлық өзгерістер мен толықтырулар және өзге де нормативтік-құқықтық актілер облыстық полиция департаментінің жеке құрамына толықтай таныстырылған.

 P.S. Өңірдегі жол сақшыларының айтуынша, полиция қызметкерлерінің көлік құралдарын тоқтатуы Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңының 52-бабына сәйкес жүзеге асырылады және осы баптың талаптарын бұзу анықталған жағдайда лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейін анықтай отырып, қызметтік тергеу жүргізіледі. Сондықтан жүргізушілер  жол бойындағы жауапкершілікке аса мұқият қарағаны жөн. Себебі, оның артында өзінің, ет-жақын туыстарының және өзге де адамдардың өмірі мен денсаулығы тұр…

Дәурен Аллабергенұлы

Сурет авторы: Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button