Қоғам

Жүректегі сағынышты түртіп оятты

Мейрамтай Иманғали

Ескі әндердің де өз тыңдаушылары бар. Ретро-әндер деп аталып жүрген бұл әндерді біздің ата-аналарымыз тыңдаған. Ескі әндердің  өзі бір әлем. Оның жүректегі сағынышты түртіп оятатын қасиеті де бары  рас. Өскемендегі Шығыс Қазақстан Өнер музейінде «Эхо» музыкалық клубының «Өнер біріктіреді» атты концерті өтті.  Шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы  мен Абай күніне арналды.

 Концерт С.Давыдованың орындауындағы «Менің Қазақстаным» әнімен басталды. «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшінің бұл әні қазір мемлекеттің Гимні.  Осы әннен кейін-ақ өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары біздің ата-аналарымыз тыңдаған, әуелете шырқаған ретро-әндердің тиегі ағытылып жүре берді. «Ветренняя ночь», «Серебряная гитара», «Гитара мается», «Гармошечка», «Осень». «Қара торғай»… Тап-таза, мөп-мөлдір бұлақтың үні секілді сыңғырлаған әндердің жүрекке жылы тиетіні де шын.  Залдағы тыңдаушылар да әр әнді орындаушылармен бірге қосыла шырқап отырды. Ән, әуен  дегеніңіз ешқашан ескірмейді екен ғой. Ескі әндер дегеніз, ол нағыз есті әндер. Қашан тыңдасаңыз да ретро-әндер  сезімді  селт еткізіп, жүрекке сәуле түсіреді. Жылдармен бірге жылжып жоғалған жастық шағың естелік болып  оралатыны да рас.

«Эхо» музыкалық клубы мүшелерінің жасы,  ұлты, кәсібі, тіпті сенімі де әртүрлі. Бірақ оларды біріктіретін бір құдіретті күш бар. Ол – өнер. Өнер болғанда да музыка өнері. К.Насонованың орындауындағы Абайдың «Көзімнің қарасы» әні де ерекше әсерлі шықты. Ал Любовь Феофанова қазақ тіліндегі «Өзіңді аңсап» әнін ерекше бір тебіреніспен орындады. Ал А.Бояринова  «Volare», «Lullaby of birdland» әндерін орындағанда көрермен көңілі көкке жеткендей болды.

  • Биыл «Эхо» музыкалық клубының құрылғанына тура 10 жыл толып отыр. Пандемияға дейін біз әр ай сайын жиналып, концерт қойып отыратынбыз. Мына індет біздің өнерімізге де өз салқынын тигізді. Бүгінгі концертімізді Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Абай күніне арнап отырмыз, – дейді клубтың  алғашқы ұйымдастырушыларының  бірі Владимир Шанбасов.

 

Осы айдарда

Back to top button